Бұл туралы партияның қалалық филиалында өткен отырыста қала әкімі Алтай Көлгінов айтты. Шаһар басшысының айтуынша, былтыр 140-тан астам көппәтерлі тұрғын үй салынса, биыл оның көлемі мемлекеттік және жеке қаражат есебінен салынған баспананы қоса алғанда 35 мыңға жеткен. Қазіргі уақытта 300-ге жуық тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Десе де саны өскенімен сапаға келгенде мәселе күрделі.
– Оның ішінде сапасыз құрылыс жұмыстары, шатырдан аққан су, автотұрақтарды су басу фактілері, аулаларды ретсіз абаттандыру, аумақтардың санитарлық тазалығы, сондай-ақ қоқыс шығаруға қатысты өзекті мәселелер көп. Қыс мезгілі жақындап қалды. Қар шығаруға байланысты проблемалар да жетерлік, – деді А.Көлгінов.
Қала әкімінің сөзін Nur Otan партиясының хатшысы Марат Сембеков те қуаттап, бұл ретте саяси ұйым арнайы зерттеу жүргізгенін жеткізді. Оның нәтижесі көрсеткендей Қазақстанның әрбір үшінші азаматы пәтер иелері кооперативіне күмәнмен қарайтыны анықталды. Себебі олар жұмыстарын жасырын түрде жүргізеді деп жауап берген респонденттер.
– Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы кейбір жекелеген ұйымдар тұрғындардан жиналған 70-80% ақшаны өз мақсаттарына пайдаланғаны белгілі болды. Бұл қаражат негізінен баспананы күтіп ұстауға жұмсалуы тиіс еді. Көп жағдайда құрылыс компаниялары үйді салғаннан кейін оны басқару үшін әдейі қосалқы ұйым құрады. Сол секілді ортақ меншіктегі жертөлелерді және үйдің үстіңгі қабатындағы бос орындарды жалға беріп, сатумен айналысады. Бүгінде Парламентте тұрғын үй-коммуналды шаруашылығына байланысты заңға өзгеріс енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Ол тұрғын үй қорын басқаруды жетілдіруге арналған. Бірақ бірнәрсені ескеру қажет. Тұрғын үй қорын тиімді басқару тек тұрғындардың белсенділігі арқылы ғана жүзеге асады, – деді М.Сембеков.
Елорда әкімі ПИК-ті қолдау үшін бюджеттің миллиондаған сомасы жұмсалғанын айтады. Бірақ оның қалай және қайда жұмсалып жатқаны белгісіз дейді. 2018 жылы жұмысына салғырт қараған 428 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылса, биыл бұл көрсеткіш 278 субъектіні құраған. 4 құрылыс салушы лицензиядан айырылды.