Қоғам • 07 Қазан, 2019

Өртенбесін орманың, орман сенің қорғаның

1300 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қыркүйек айының 22-і күні Баянауыл ауданында өрт шыққаны туралы хабар тарады. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, биылғы жылдың бірінші жартысында 69 орман өрті анықталған. Өрттің көлемі 1385 гектар аумақ болса, 583 гектары – орман алқабы. Өрттен кейін 11 қызметтік тексеру жүргізіліп, орман қорғау бөлімдерінің 13 басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Өртенбесін орманың,  орман сенің қорғаның

Апат айтып келмейді. Деген­мен күздігүні Баянауыл орманында өрт шыққаны солтүстік өңірде әдеттегі оқиға секілді көрінді. Өйткені орманда жыл сайын өрт. Жергілікті халықтың ор­ман өртіне бойы да үйреніп кет­кендей.

Аумақтық инспекцияның мә­лі­метінше, Орман шаруашы­лығы және жануарлар дүниесі комитеті өңірде өрт қауіптілігінің жоғары маусымы 12 сәуірден басталатынын да ерте ескерткен екен. Ал мамандар өрттің тұтануының себебі желдің жылдамдығы секундына 20-24 метрге дейін жетуіне, күн райының 29 градус ыстық болуына, ағаш арасына найзағайдың жиі түсуіне байланысты десе, әкімдік құрғақ шөп өртенуінен немесе адамдардың жауапсыздығынан болуы мүмкін деп әртүрлі болжам айтып жатты. Тіпті өрт бо­­лардан бұрын «Табиғи орман өрт­терін сөндіруге әрекет ету бойынша өзара іс-қимылдарын бірлесіп» көрсету мақсатында Тө­тенше жағдайлар департаменті, «Қазавиаорманқорғау» АҚ Баян­ауыл авиациялық бөлімшесі, ауыл­дық аумақтардың өрт сөндіру бекет­тері, 102, 103 қызметтері, ерікті өрт сөндіру бірлестіктері жұмылып 6-қыркүйекте табиғи парк аумағында оқу-жаттығулар да өткізген-ді.

Жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жаз айында болған өрттердің өзі оңай сөндірілгенімен бұл жолы қиынға соққанын жеткізді Өскеменнен 3 тонналық цистернасы бар «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ-тың МИ-171 тікұшағы көмекке келді. Өйт­кені таулы жер, желдің тұруы өрт­тің таралуына әсер етті. Ал аудан әкімдігі болса, бұл хабарға шаң жұқтырмай, «орман қоры аман, құрғақ шөп қана өртенген» дейді.

– Аудан аумағында, таби­ғи парк аумағында да өрт сөн­діріл­ді. Желдің салдарынан өрт орманның төменгі бөлігін шар­пып, тек қураған бұталар жа­нып кетті. Өртті сөндіруге өрт сөндірушілермен бірге парк қыз­меткерлері, жергілікті тұрғындар қатысты, – дейді аудан әкімі Ораз­­гелді Қайыргелдинов.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт аумағы шамамен 93 гектар. Бұл аумаққа Баянауыл ұлттық паркі, Жасыбай орманшылығы қарайды. Бұдан басқа Қызылтау ауылдық аумағында – 69 гектар, Күркелі ауылдық аумағында – 283 гектар, Бірлік ауылдық аумағында – 61 гектар, Қаратомар ауылдық аумағында – 17 гектар, Ақсаң ауылдық аумағында 9 гектарға жуық жер жанған. Бірқатар шаруа қожалықтарының шабылған шөптері отқа оранған.

Ал Орталық коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдеріне сұхбат берген еліміздің Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер «Баянауылдағы өрттің нақты бір шеті көрінбейді. Біз тікұшақпен қарап шықтық. Өртке оранған аумақтың ішінде жанып жатқан учаскелер бар. Қазіргі кезде соның бәрін сөндіріп жатырмыз» деді.

Биылғы қыркүйек айында Баян­ауыл ұлттық табиғи сая­бағында болған өрт 2008 жылы қараша айындағы оқиғаны еске салды. Ол кезде саябақтың 80 гектар орман алқабы өртенген-ді. Айтпақшы, біз биыл тамыз айының соңында ғана «Баян­ауылдың бір байлығы – орманы» атты мақала жазған едік. Енді міне, мақаламыздың сиясы кеппей жатып қалың орманның бір-ақ­ сәтте өртке оранғаны өкінішті-ақ.

– Біздің басты қызметіміз де, мақсатымыз да осы орманды, та­би­ғатты қорғау. Өрттен сақ­тап, орманын, өсімдігін, жан-жануарларын көбейту. Орманды өрттен қорғау ерекше назарда. Ұлттық парк 1985 жылы Ке­ңес өкіметі кезінде құрылды. Баян­ауыл ормандары сонау 1926 жыл­дан бастап қорғауға алынған. Жал­пы аумағы 68 452,8 гектарды құ­райды, оның ішінде орманмен қамтылған аумағы 14 890 гектар. Аумағы жағынан еліміздегі ең үлкен табиғи парк. Жыл сайын парк аумағында ағаш, қарағай өскіндерін егеміз. Парк бойынша 37 гектар көлемде 2 жылдық орман екпелері отырғызылды, 73 гектар көлемде орман екпелерін толықтыру, 255 гектар көлемде орман екпелерін күту жұмыстары жүргізілді, – деген-ді парк басшысы Сүйіндік Ахметжанов.

 Негізі, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Баянауыл, Жасыбай, Далба деп аталатын үш бөлімшеден тұрады. Табиғи парк аумағы қорық аймағы (9079 га), экологиялық тұрақтандыру аймағы (4695 га), туристік және рек­реациялық аймағы (11615 га), шектеулі шаруашылық қызмет аймағы (25304 га) деп бөлінген. Мәлімет бойынша, 2016-2018 жылдары алапат өрттер бола қойған жоқ. Дегенмен, бір жылда 16 рет шағын өрт тұтанғаны тіркелді. Оның аумағы 0,3 га жер­­ді алған. «Орманды сақтау – міндет. Орман – байлық. Ор­ман шаруашылықтарына үс­тіне су бөшкесі орнатылған «Уаз» автокөліктері қажет. Тех­ника­лар­ды да, байланыс рация­ла­рын да жаңартатын уақыт жетті. Заманға сай техникаларды игерсек», деген өтініштерін жеткізген болатын орманшылар. Олардың айтуынша, өрттің 90 пайызы төменде болады, яғни шөп жанады. Орман өртін сөндіру өте қиын. Жалпы орманда өрт төмендегі және жоғарыдағы болып екі түрге бөлінеді. Жо­ғарыдағы өрт қатты жел соқ­қан­да баста­лып, ұшқындары бұ­тақтан бұтаққа түсе береді. Жалын жан-жаққа шашырайды. Орман өрті ағаш қорын азайтып, қалың ағаштар аумағын мүлде өртеп жіберуі мүмкін. Құстар мен жан-жануарлардың тіршілігін жояды. Сондықтан орманға жақын ауылдарда толығымен жабдықталған өрт бекеттерінің орналасуы, орманда шыққан өрт орнын табу үшін бақылау мұ­нараларының орнатылуы, су шашатын тікұшақтар, автоцистерналар, өрт сөндіргіш автокөліктер, шынжыр табанды тракторлар, мотоциклдер, өртке қарсы құрал-жабдықтар қажет. Өйткені қазіргі бар техниканың көбі ес­кірген, пайдалану мерзімі де өт­кен. Яғни, техниканың әлсіздігі, өрт­тің алдын алу шараларының дұрыс жүргізілмеуі салдарынан орман алқаптары азайып кетуі әбден мүмкін. Облыстық орман шаруашылығы және жа­нуарлар дүниесі аумақтық инс­пекциясының мәліметінше, өңір­дегі орманды қорғау бөлім­дерінде қазір 40 өрт машинасы, 30 шағын өрт машинасы, 59 өрт тракторы, 30 өрт бақылау мұнарасы бар екен. Сондай-ақ «МИ-2» және «БО-105» тікұшақтарымен ба­қылау жасалады.

Тағы бір мәселе, орманды өрт­тен қорғау бөлімдеріне жұмыс­шылар, көлік жүргізушілер, трак­­­­­торшылар, қорықшылар, өрт сөндірушілер, өрт сөндіру көлік­терінің жүргізушілері, ең бас­тысы, нағыз орман маман­дары жетіспейді. Облыс орта­лығындағы С.Торайғыров атын­дағы Павлодар мемлекеттік уни­­­­верситеті сту­денттерді орман шаруашылығы ма­мандығы б­ойын­ша оқытуда. Бірақ орман ша­руа­шылығына оқу бітіріп келіп жатқан түлектер аз. Орман­шының еңбекақысы бар-жоғы – 40 мың теңге. Сондықтан орман шаруашылығы бойынша білім алмаған кездейсоқ адамдар жұмысқа келеді. Бұл ретте аз еңбекақыға қарамастан әуле­тімен еңбек етіп жүрген таби­ғат жанашырлары – орманшы­лар отбасыларын қоғамға үлгі етуге тиіспіз. Орман шаруа­шы­лықтарына білікті, білімді кәсіби мамандардың келуі көп түйткілді шешер еді.

Мәселенің мәнісіне қайта орал­сақ, 23 қыркүйектегі өрт­тен бұрын да Баянауыл орман­­да­рының жаз бойы тыныш болмағанын еліміздегі «Авиа­циямен орман қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету» АҚ сайтында жарияланған мәлі­меттерінен байқасыз. Мы­салы, «5 тамызда Баянауыл орман­шы­лығының 83 бөлігінде, парк аумағында өрт шыққан. Аудан­дық авиациялық бөлімі, парк күштері мен құралдары жіберілді. Жедел қабылданған шаралар барысында өрт 0.005 га аумақта сөндірілді. Өртті сөндіруге авиа­циялық бөлімінің 4 өрт сөн­діруші-десантшысы, парктің 10 орманшысы, 5 бірлік техника жұмылдырылды. Өрт себебі – най­зағай» деп көрсетілген. Сондай-ақ 3 тамызда Жасыбай орманшылығында Бо-105 тік­ұшағының көмегімен 400 литр су мен 100 кг жүк жеткізілді. Жал­пы көлемі 57 тонна су себіліп, өрт сөндіру екі күнге созылды. Өрт себебі – найзағай» делінген. Дәл осындай мәліметтер 1, 3, 6, 12, 13, 17, 18 шілдеде Баянауыл ор­ман­дарында өрт болғанын көр­­сетеді. 2019 жылғы 30 маусымда кешкі уақытта Жасыбай орманшылығының 14-ші бөлігін­де белгісіз себептермен өрт шық­ты. Өрт апатымен күреске авиа­циялық бөлімше, күштер мен құралдар жіберілді. Өртті сөн­діруге «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның 2 адамы, парктің 23 адамы және 7 бірлік техника жұмылдырылғаны айтылған.

Ал қыркүйекте болған Баян­ауыл ауданындағы өрт 500 гектардан астам аумақты шарпыды. Төтенше жағдайлар департаменті «өртті сөндіруге 120-дан астам тех­ника, ТЖ департаментінің жеке құрамының 500-ге жуық адамы, парк қызметкерлері мен ерікті өртке қарсы құрылым­дар­дың өкілдері, екі тікұшақ жұ­мылдырылды» деп хабарлайды. Енді өрттің орманды аумақтың қанша көлемін алғанын және бас­қа да жағдайларды Орман және аңшылық шаруашылық инспекциясының аумақтық комиссиясы нормативтік құжаттарға сәйкес анықтайды. Өрт себебі қызметтік тергеуден кейін белгілі болмақ.

Жалпы, еліміздің мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 29,8 миллион гектарды құрай­ды. Оның 6,8 миллион гекта­ры Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің иелігінде. Ал 22,7 миллион гектар орман ал­қабы жергілікті әкімдіктер қара­уы­на берілген. Яғни, дала өрт­тері­нің алдын алу мен сөндіру жер­гілікті әкімдіктерге, ал, орман өрттерінің алдын алу және сөндіру жергілікті әкімдік пен пен орман шаруашылығын қорғау комитеттеріне жүктелген. Бірақ жергілікті әкімдіктің дала өртінің алдын ала алмағанын Баянауыл әкімдігінің осы жолғы өрт кезіндегі «орман аман, тек құрғақ шөп өртенді» деген жайбарақат мысалынан-ақ көріп отырмыз.

Ақпарат құралдары жарыса жазған хабарларда «орманды өрттен қорғау үшін» қы­руар қара­жаттың кеткенін бай­қайсыз. Ор­манды өртеу кімге ке­рек? Орман өртенсе болды, «біреу­лердің өр­теуі мүмкін» деген жел сөз жү­реді. Ол «біреулер» жем­қорлар емес пе? Қызметтік тер­геуден соң үне­мі өртке най­зағай, жел, күннің ыс­тығы себеп болған деп хабарланатыны белгілі. Қазір қай салада болсын, жемқорлық жайлағаны белгілі. Баянауылдың орман ша­руашылығында да 2016 жылы сы­байлас жемқорлықпен «көзге түскендер» ұсталған. Табиғи бақ­тар, орман шаруашылықтары тамыр-таныстық, жемқорлық құрбанына айналған ба дерсің.

Еліміздің орман қоры аз еке­ні белгілі. Ал осы қорды сақ­тау – мемлекет үшін маңызды. Ор­ман өрті ауа райынан ғана емес, сөнбей қалған шоқтан да пай­да болуы мүмкін. Орманды өрт­тен сақтау, табиғатқа тағылық көр­сетпеу – ортақ міндет. Өрт – тілсіз жау, елдің, өңірдің эко­номикалық әлеуетіне үлкен ма­териалдық шығын келтіріп, тұр­ғындардың өміріне қауіп төн­діреді. Өткен жылы Үкіметтің Қау­лысы бойынша қазан айының үшінші жексенбісі «Орман ша­руашылығы қызметкерлерінің кә­сі­би мерекесі» болып бекітіл­гені белгілі.

Орман өртінен кейін есеңгіреп қалған Баянауылдың орман ша­руа­шылықтарына кәсіби ме­ре­келерін лайықты атап өту үшін өрт қауіпсіздігін сақтау, тұрақты бақылау, жауапкершілік, өрттің алдын-алу мәселесі сабақ болса екен дейміз. Әрине күтпеген орман өртін қадағалау оңай емес. Бірақ жыл сайын, жаз демей, күз демей орман өртенсе, қорғансыз табиғат байлығы сирей беретіні өкінішті.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы