Соның бірі Мемлекет басшысының «Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс» деген сөзі. Өз кезегінде Жолдау жүктеген бұл міндет кейінгі кездері бірқатар аумақта билік пен бұқара арасындағы алшақтаған байланысты нығайтып, жергілікті жердегі мәслихаттың халық алдындағы жауапкершілігін күшейте түседі.
2019 жылдың 6 айында еліміз бойынша барлығы 142 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапқа тартылған. Олар атқарушылық тәртіп пен этика нормаларын бұзып, мемлекеттік қызметке дақ түсіргені үшін жауапқа тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда айтарлықтай аз. Десе де мұндай олқылықтың орын алуына мүлдем жол бермей, мінсіз еңбек үлгісін көрсету биліктің алға қойған негізгі мақсаттарының бірі екені қуантады. Бұл тұрғыда Қ.Тоқаев «Мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында арнайы дайындығы бар жас кадрларды тарту қажет. Сонымен бірге 2020 жылдан бастап біз мемлекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқартуға кірісіп үнемделген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсаймыз» деп ой түйеді. Саннан гөрі сапаға мән берсек, аларымыз азаймайды, керісінше асығымыз алшысынан түсетінін ескерген абзал. Оның үстіне Қазақстан мемлекеттік қызметкерлердің саны жөнінен әлем бойынша алғашқы ондыққа кіретінін ескеру арқылы, бұл шараның дұрыс қадам екеніне анық көз жеткізуге болады.
Елімізде жыл сайын зорлық-зомбылық қылмысының алаңдатарлық ахуалды қалыптастырып жатқаны жасырын емес. Көптеген қоғам белсенділері бұл қылмысқа барғандарға көп жағдайда заң жұмсақтық танытып жататынын нақты дәйектермен келтіре отырып, жазаны қатаңдату туралы Парламентке онлайн өтініш жасаған. Оған негіз де жоқ емес. Себебі осы жылдың қаңтар-шілде айы аралығында елімізде Қылмыстық кодексінің зорлау бабы бойынша 647 қылмыс тіркелген. Қоғам белсенділерінің бұл дабылы Президент назарынан тыс қалмады. Ол өз Жолдауында «Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламентке және Үкіметке тапсырамын» деп, түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға пәрмен берді.
Жолдауда айтылған отбасы бизнесін құруға ең алдымен көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән беру керектігі туралы бастама көтерілді. Бұл Шымкенттегі 31 мың көп балалы анаға баянды болашаққа деген жылы үміт сыйлағаны сөзсіз. Сонымен қатар жұмысы бір ізге түскен азаматтардың зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдаланудың мүмкіндіктері қарастырылатыны жұртқа жаққан ең басты жаңалықтардың бірі болды. Мұның өзі Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 37 мыңнан астам адамның көпшілігіне зор көмек болар бастама екені анық.
Мемлекет басшысының Жолдауында жұртшылықты толғандырып жүрген жер мәселесін айналып өтпегені де көпшіліктің ықыласын аударды. Жеріміздің ұлтарақтай бөлігі де шетелдіктерге сатылмайтынын және жерді мақсатты түрде игермей, оны босқа ұстап отырған латифундистерден ен байлығымызды қайтарып алатын уақыттың келгенін нақты әрі нығарлап айтуы қазақстандықтардың көңілін тоғайтты. Оның жүзеге асуы елімізде азық-түлік өнімі бойынша ең басты проблемаға айналып отырған ет өндірісінің өркен жаюына жол ашпақ. Жолдауда айтылғандай қазіргі таңда құны күн санап қымбаттап жатқан ет өнімі өндірісінің кең құлаш жаюына қолбайлау болып отырған жайт – аналық мал басының проблемасында емес, шаруа қожалықтарына жем-шөп дайындайтын жерлердің жетіспеушілігіне байланысты болып отыр. Салдарынан төрт түлікті жем-шөппен қамтамасыз ету – 60 пайыздан төмен көрсеткішке жеткен.
Білім және денсаулық саласында да көптеген оң өзгерістің орын алуына ықпал ететін бастамалар айтылған Президент Жолдауында әлеуметтік көмек көрсету жүйесі одан әрі жетілдіріле түсетіні де сөз болды. Дегенмен де әлеуметтік көмек алу үшін өзінің табысын жасырып бағатындардың ісі белең алғанын ашып айтты. Қаперге алатын осы және өзге де мәселелер бізге, яғни мәслихат депутаттарына зор жауапкершілік жүктейді.
Төреайым СҰЛТАНОВА,
Шымкент қалалық мәслихатының депутаты