Спорт • 07 Қазан, 2019

Оралда «Aqjaiyq marathon» өтті

417 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласында тұңғыш рет «Aqjaiyq marathon-2019» толық марафон жүгірісі өтті. Спорттық шараға әйгілі супермарафоншы, халықаралық спорт шебері және Гиннес рекордтар кітабына жеті рет енген Марат Жыланбаев, триатлоннан жасөспірімдер арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ержан Жаппаров қатысты.

Оралда «Aqjaiyq marathon» өтті

- Орал қаласының тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған толық марафонға қош келдіңіздер! Батысқазақстандықтармен бірге марафонға еліміздің 10 қаласынан, Ресейдің 5 қаласынан 1000-нан астам адам тіркелді. Бізді қолдауға келген спортшылар Марат Жыланбаев пен Ержан Жаппаровқа алғысымыз шексіз. Бәріңізге сәттілік тілеймін! - деді марафоншыларды құттықтаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев.

Марафонға қатысушылар жас ерекшелігіне және дайындығына байланысты толық (42.2 шақырым), жартылай (21.1 және 10.5 км), сондай-ақ кішкентай желаяқтарға арналған kids run (440 метр) сайысына қатысты.

Көпшілік спорттық шараға өңір басшысы Ғали Есқалиев пен Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков те қатысты. Сондай-ақ дәл осы марафонға өзге қалалардан онлайн-режимде 100-ден аса желаяқ жүгіріпті.

Облыс әкімінің айтуынша, болашақта осындай сайыстар Оралда көктем мен күзде тұрақты өтіп тұрмақ.

Әйгілі марафоншы Марат Жыланбаев атап өткендей, жүгіру – ең демократияшыл спорт, өйткені бұған арнайы зал, ғимарат, спорттық құралдар керек емес.

«Aqjaiyq marathon-2019» шарасының қорытындысында 42,2 километрлік толық марафон сайысында ерлер арасында қостанайлық Александр Савгуров, әйелдер арасында алматылық Диана Айдосова жеңімпаз атанды. 21,1 шақырымдық жартылай марафонда орынборлық Алексей Ширшов пен алматылық Дана Гусарова үздік шықты. Ал 10,5 шақырымдық сайыста Ислам Аманғос пен Екатерина Грецай (екеуі де қостанайлық) жеңіске жетті.

 Суретті түсірген Мейірбек Тәжқұранов

 Батыс Қазақстан