Руханият • 08 Қазан, 2019

Ұрпақтарға арналған ұлағат

723 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біздің қолымызға ерекше кітап түсті. Шындығында мұны кәдімгі кітап деуден гөрі, жаңа заман технологиясы қуаттандырған аудио-кітап деу орынды секілді. Жинақ «Мұхитқа құйған бұлақтар» деп аталады. Ішіне ұлтымыздың елеулі руханият құндылықтары мен өнер жауһарлары енген.

Ұрпақтарға арналған ұлағат

Аудио-кітап екі бөліктен құралған: біріншісі – мазмұн­да­ма кітапша, екіншісі – ұлт рухани мұрасының үлгілері. Мұра 18 тараудан тұрады. Туған жер мен Отан, ата-ана мен отбасы құндылығы, өмірдің бел-белестері, ата дін мен иман әліппесі, бабалар-даналар сөзі, сана мен парасат, қарыз бен парыз, тұлғалар тұғыры, сал-серілер, аңыз арулар, өнер жасампаздығы, халық мирасы, Ертіс-Баянауыл, Торғай, Әулиеата өңірі мұрасы, талғам таразысы, ұрпақтар сабақтастығы, Абай даналығы, көне әуен тақырыбын қамтыған әндер, күйлер, термелер, әпсаналар, ой-толғаулар. Рас, негізінен сезім мен намыс пернелерін дөп басатын 1 мыңнан аса ән-әуендер.

Еліміздің рухани жаңғы­руы аясында «осыншама байлықты құнттап, жиып, жүйелеп, бүгінгі және кейінгі ұрпаққа ұсынып жүрген кім?» дейсіз ғой. Айтайық – Кеңес Аманұлы Әубәкір.

Кеңес ақсақалды кеңес тұ­сын­­дағы «Әубәкіров» фами­лиясымен Торғай, Жам­был, Ақмола, Павлодар облысы жұртшылығы жақсы білсе керек. Ол кісі кезінде осы өңір­лерде аса жауапты да ла­­уа­зымды қызмет атқарды. КСРО терминімен айтсақ, «на­­ғыз коммунист» (бір кезде бұл шыншыл, принципшіл дегеннің баламасы еді), тәуел­сіздік тоқтамымен бай­ып­тасақ, әрі халықшыл, әрі текті азамат.

60-80 жылдары басшы қызмет­терде болған тұл­­ға­лардың деңгейін ай­қын­дайтын бір өлшем бар. Ол – әдебиет пен өнерге жақындығы. Тарих пен тілге құштарлығы – өз алдына бір әңгіме. Кеңекең солардың сойынан. Оның «мың ән» жинауы – бергідегі емес, арғы­да­ғы әңгіме.

Замандастары ортасында – көсем, халық алдына шықса – шешен, арғы-бергіні толғап кетсе – дана, кеңестік тарих тағылымын айтса – дара. Сек­сеннің бесеуіне шыққан Кеңес Аманұлы – осындай адам.

Өзі Қазақ елін аштық пен дүрбелең жайпаған 1934 жылы Павлодар облысының Ертіс ауданындағы Сілеті өңірінде дүниеге келіпті. Ата-анасы еңбек адамдары болғандықтан, баласын жасынан маңдай термен нан табуға, адал жүріп, анық басу­ға үйреткен. Оның үстіне отар­ланған аймақ перзентінің намысы бар, Кеңекең мектептен кейін білім іздеп, Алматыдан бір-ақ шыққан. Қазақ мемлекеттік ауыл ша­руа­шылығы институтын агро­­ном мамандығы бойын­ша бітіріп, жолдамамен Баянауылға жіберілген. Міне, ғалымдар мен даналар туған өңір жас агроном үшін шынайы өмір мектебі болған. Естіген, көргенін хатқа түсі­ру осы кезден басталған. Аг­ро­ном дәптері бірте-бірте ру­ха­­ният дәптеріне айналған. Шаруашылықта, өндірісте, ел басқару ісінде 40 жылдан астам еңбек етіп, ел абыройына бөленген.

Кеңес аға – Алматы мен Нұр-Сұлтан зиялыларына да таныс адам. Тұрқы да, ой-өрісі де биік азамат түрлі жиында ел ағасы ретінде сөз алғанда, халықты ұйытатынына талай рет куә болдық. Өйткені халық арда ақсақалдардың сөзіне көптен шөлдеп жүргені де рас.

Кеңес Аманұлы рухани жинағы­ның ұрпаққа берер үлгі-өнегесі мен тәлім-тәрбиесі орасан зор. Өйткені құрастырушы телегей-теңіз байлықтың бәрін өз жү­ре­гі­нен, сезімінен өткізген. Ыж­да­ғатпен құнттап жинап, хат­қа түсірген.

Осыдан біраз уақыт бұрын Кеңекең имандылық пен мә­де­ниеттілікті, адалдық пен жауап­кершілікті арқау еткен «Теңіз­ден терген маржандар», өмірін, аға ұрпақ пен замандастарын сипаттаған «Елім – мектебім, халқым – ұстазым», отаншылдық пен ұлт руханиятын асқақ­татқан «Аталардың ақылы, даналардың нақылы» атты кітаптар жариялаған болатын. Оқырман бұларды жылы қабылдады.

Кеңес ақсақалдың жиған-тергенін жүйелеуге көмек­те­сетін бір адал да еңбекқор жан бар. Ол – жұбайы Са­ғила Зәпішқызы 1958 жылы әйгілі Абай атындағы Қа­зақ мемлекеттік педагогика институтының физика-математика факультетін тә­мам­даған, білім сала­сын­да­ғы ұзақ жылғы абыройлы қызметіне «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» атағын алған ұстаз. Бұл кісінің де көзі ашық, көкірегі ояу. Талай жұрттың өнерін, ана тілінің мәйегін меңгерген. Дәстүрге құштар, жаңашылдыққа жаны құмар. Жоспарында «Ел аналарының өнегесі» атты еңбек әзірлеп жатқанын да айтып қалды.

«Мұхитқа құйған бұ­лақ­тар» жи­нағының ерекшелігі – өз тыңдаушысы­на рухани ләззат сыйлаумен бірге, оны эстетикалық тұр­ғыдан байытып, ұлт құн­ды­лықтарын қастерлеуге, әдебиет пен мәдениеттің інжу-маржандарын тануға жұмыл­дырады.

Өмір жолында алған сабақ­тарын, таным баспал­дақ­тарын, жиған-тергенін ұсынған Кеңес Аманұлы осы еңбек арқылы жас ұрпаққа халық мұрасына көздің қара­шы­ғындай қарауды аманаттайды. Ел ағасының бұл ізгі ниеті, нақты жұмысы жалпы мәдениет саласына елеулі қозғау салады деп есептейміз.

 Жамбыл ТІЛЕП,

мәдениеттанушы