Екінші Швейцария саналатын Бурабай курортты аймағының табиғаты адам баласын ежелден өзіне баурап алатынын белгілі жайт. Сондықтан болар, осы өңірде табиғатқа байланысты көптеген үлкенді-кішілі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Соның бірі – жоғарыда аталған туристік-экспедициялық жасақтардың республикалық слеті.
Қайталанбас көркем табиғаты ертегідей еліктірер Бурабай баурайына ел тарихына сусаулы, білмекке құмар жалынды жастар көптеп жиналды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, өзге де қалалардан құрамында 160-қа жуық 17 команда білім таразысына біліктерін салып, өз бойларындағы таным көкжиегін кеңейте түсті. Жастар туристік дағдыларды меңгеруге, туған жер тарихы, мәдени және рухани мұраны қадірлей білуге, саламатты өмір салтын ұстануға баулынды. Сөз арасында туристік слет балалардың туризм бағытындағы қабілет-қарымын ұштауға ғана емес, кейбір кезде ойда жоқта орала кетер қысылтаяң шақтардан қалай шығу керектігін де үйренді.
Алаштың жақсысы мен жайсаңының ізі қалған Бурабай өлкесіндегі қасиеті, құты мол табиғат аясында шатырларын тігіп, әрқилы сайыстар ұйымдастырды. Командалық конкурстың беташар кезеңі тақырыпты ашу тереңдігі, орындау сапасы, үйлесімділігі, сөз сөйлей білу мәдениеті бойынша бағаланды. Өлкетану блогы екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде «Туған өлке соқпақтары» аталымы бойынша зерттеу жұмыстарының жобалары ұсынылды. Балалар экспедицияның қорытындылары бойынша өздерінің ойларына түйгендерін орнықты, оралымды тілмен баяндап, бағыт картасын, өлкетану объектілерін, олардың мән-маңызын, бағыттың ерекшеліктерін көрсетті.
Тәжірибелік бөлім Абылай хан алаңында өтті. Қатысушылар жер жәннаты – Бурабайдың тамылжыған тылсым табиғаты, бұл аймақтағы киелі орындар, ел аузында сақталған маңызды аңыздарға қатысты берілген тапсырмаларды орындады. Жас толқын экологиялық экспедиция туралы да есеп беріп, өз материалдарын пайдалана отырып, пікір түйіндеді.
Команда мүшелері әртүрлі кедергілерден өтіп, қашықтықты игеру тактикасын таңдады. Шатырлы лагерь Қатаркөл айдынының жағасында орын тепті. Шынын айту керек, бұл өлкенің күзі салқын, түн де денеңді тітіркендірердей суық, желді болды. Бірақ табиғаттың бұл сыны жас толқынды жаурата алған жоқ. Соңғы күні Бурабай орман шаруашылығының қызметкерлерімен біріге «Бірге – таза Қазақстан!» акциясына қатысты. Жастық жалынның жадыраған жиыны Щучье қаласындағы мәдениет үйінде қорытындыланды. Жалпыкомандалық есепте Батыс Қазақстан облысының өкілдері жеңімпаз деп танылды. Екінші орын ақмолалықтарға, үшінші орын Павлодар облысына тиді.
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы