Спорт • 08 Қазан, 2019

Жыланбаев жүгірген «Aqjaiyq marathon»

479 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласында тұңғыш рет «Aqjaiyq marathon-2019» толық марафон жүгірісі өтті. Спорттық шараға әйгілі супермарафоншы, халықаралық спорт шебері және Гиннес рекордтар кітабына жеті рет енген Марат Жыланбаев, триатлоннан жасөспірімдер арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ержан Жаппаров қатысты.

Жыланбаев жүгірген «Aqjaiyq marathon»

– Орал қаласының тарихында тұңғыш рет ұй­ым­­­дас­тырылған толық мара­фонға қош келдіңіздер! Батыс­қазақ­стандықтармен бір­ге марафонға еліміздің 10 қаласынан, Ре­сейдің 5 қа­ласынан мыңнан астам адам тіркелді. Бізді қол­­дауға кел­ген спортшылар Марат Жы­ланбаев пен Ержан Жап­паровқа алғысымыз шексіз. Бәріңізге сәттілік тілеймін! – де­­ді марафоншыларды құт­тықтаған об­лыс әкімі Ғали Есқа­лиев.

Марафонға қатысушылар жас ерекшелігіне және да­йын­дығына байланыс­ты толық (42.2 шақырым), жар­тылай (21.1 және 10.5 км), сондай-ақ кіш­кен­тай желаяқ­тарға арналған kids run (440 метр) сайысына қатысты.

Көпшілік спорттық шараға өңір басшысы Ғали Есқалиев пен Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков те қатысты. Сондай-ақ дәл осы марафонға өзге қалалардан онлайн-ре­жімде 100-ден аса желаяқ жү­гіріпті.

Облыс әкімінің айтуынша, болашақта осындай сайыстар Оралда көктем мен күзде тұ­рақты өтіп тұрмақ.

Әйгілі марафоншы Марат Жыланбаев атап өткендей, жүгіру – ең демократияшыл спорт, өйткені бұған арнайы зал, ғимарат, спорттық құ­рал­дар керек емес.

«Aqjaiyq marathon-2019» шарасының қорытындысында 42,2 шақырымдық толық марафон сайысында ерлер арасында қостанайлық Александр Сав­гуров, әйелдер арасында ал­матылық Диана Айдосова жеңімпаз атанды. 21,1 ша­қырымдық жартылай марафонда орынборлық Алексей Ширшов пен алматылық Дана Гусарова үздік шықты. Ал 10,5 шақырымдық сайыста Ислам Аманғос пен Екатерина Грецай (екеуі де қостанайлық) жеңіске жетті.

 Батыс Қазақстан облысы