Қоғам • 09 Қазан, 2019

«Имидждік» жиын – қаржыны босқа шашу...

475 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда қоғамымызда жиі қозға­лып, түрлі сыни пікірлерге арқау болып жүрген мәселелердің бірі – ысырапшылдық. Мұны қоғамдық дерт деп атасақ та қателесе қоймаспыз.

«Имидждік» жиын – қаржыны босқа шашу...

Кейбір жандардың даңғаза іс-әрекеттерін үлгі тұтып, солардай болсам деумен жінігіп талайлар жүр. Мұндайда қазақтың «Аттыға ерем деп, жаяудың таңы айырылыпты» деген сөзі еске түсе кетеді...

Негізінде ысырапшылдық, даңғазалық көрі­ністері көбіне жекелеген отбасылардың жиын тойларында жарқырай көрініп жатады, кейде өлім-жітім рәсімдерінде де қы­лаң береді. Дегенмен соңғы кездері осын­­дай «жарқыраған» көріністерге қарсы сын-ес­керт­пелер, ой салатын, тоқтамға шақы­­ра­­тын пікірлер ел ішінде, бұқаралық ақ­парат құралдарында көптеп айтыла бастады. Оның аталған дерттен қоғамды айықтыруға әжептәуір әсер етіп жатқанын байқап та жүрміз. Дәлірегі, талайлардың айтыл­ған сын-ескертпелерге құлақ асып, аста-төк шашылудан тыйылғаны, даңғазалықтан бойын аулақ салып, жөнге көшкені қуантады. Бұл үрдіс өзінің заңды жалғасын тапса, көптеген «жаяуды таңы айырылуынан» сақтап қалар еді.

Біз жоғарыда сөз еткен жағдаяттар ерікті, қар­жысы­ның неге, қайда жұмсауын өз ше­шетін жекелеген адамдардың құзыретін­дегі мә­се­ле­лер... Ал осы орайда, бұл түйткіл­дердің қарапайым тұрғындарға ғана емес, атқарушы билікке, оның құзыреті аясында ұйымдастырылатын түрлі шараларға қатысы бар екенін де бір мезгіл, тіпті жиі еске салып тұрғанымыз орынды секілді. Өйткені атқарушы органдардың әрбір іс-қимылы халық құйған салықтың, мемлекет бөлген қаржының есебінен жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік мекемелерге жекелеген азаматтардың ысырапшылдыққа бой алдырмау жауапкершілігінен екі есе, тіпті мың-миллион есе артық жауапкершілік жүктейді. Халық қазынасына, мемлекет берген қаржыға үнем көзімен қарамау, орынсыз шашып-төгу – ысырапшылдықтың атасы. Сондықтан біз даңғазалықтың, орынсыз қаржы жұмсаудың қаншалықты дұрыс еместігін, оның күнәлі іс екенін, түбі өкініш әкелетінін, дініміз құптамайтын іс-әрекет санатына жататынын қарапайым тұрғындардан гөрі ел ісіне мемлекет атынан араласып жүрген, бюджеттің қаржысын тиісті шараларға жұмсауға заңды құқығы бар азаматтарға көбірек ескертуіміз қажет. Осы орайда, халық қазынасын орнымен, игілігін ел көретін істерге жұмсап, бюджетке жанашырлықпен қарайтын, үнемшіл адамдарды, оның обал-сауапқа негізделген іс-әрекетін үлгі ретінде ұсынғанымыз абзал.

Жалпы, атқарушы органдар тарапынан орын алатын ысырапшылдық туралы сөз еткенде алдымен олардың тарапы­нан ұйымдастырылатын «имидждік» шара­лар­ды өткізуге жұмсалған шығын жайы қозға­лады. Бұл жөнінде, яғни мемлекетке, халық­қа материалдық пайдасы жоқ қым­бат «имидждік» жобалардан бас тарту туралы Президент Қ.Тоқаевтың бірнеше рет айт­қан ескертпелері де мәселенің өзектілігін айқын­дай түседі. Мәселен, Мемлекет басшысы 27 тамызда бюджеттік жоспарлау мәселелері жөнін­де кеңес өткізіп, онда имидждік және консал­тингтік шығындарды қысқартуға шақырды.

Шын мәнінде, мемлекеттің есебінен өткізі­ліп жататын инновациялық, инвестиция­лық және басқа да түрлі форумдарға жұмсалған қаржының болмады дегенде бір бөлігінің өтелуі қиын. Бұл арада ұйымдастырушылардың айтар уәжі: ертелі-кеш бір қайтарымы болады.

Мұндай шараларды ұйымдастыру біреулер үшін «қарпып» қалу мүмкіндігі. Тапсырыс беруші тарап пен мердігерлердің ым-жымын бір арнаға тоғыстырып, бірінші кезекте өз «мәселелерін» қамдау үрдістері талайлардың «имидждік» шараларды ұйымдастыруға деген құлшынысын арттыра түсетіндей...

Бір өкініштісі, ұйымдастырушыларға «өткізген «имидждік» шаралар елге қанша эко­но­микалық пайда әкелді?» деген сұрақ қойы­­ла бермейді немесе бұл сауал оның алдына көл­денең тартыла қалса, оған нақты жауап беру талап етілмейді. Ал қоғамды толғандырған мұн­дай сұрақтың жауапсыз қалуы көңілді күпті етері сөзсіз.

Жалпы, «имидждік» шараларға қатысты қоғамға ой саларлық ұсыныс-пікірлерден гөрі нақты бастамалар аса қажет. Мәселен, таяуда Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның құны 65 млн теңге тұратын «Азия балаларға қамқор» атты конференцияны өткізуден бас тартуы, оны Президент Қ.Тоқаевтың қолдағаны қоғамымызға біршама қозғау салды. Жиынға қатысушылардың ұшақпен ұшып келуіне, оларды қымбат қонақүйлерде қондыруға, ас-суға жұмсалатын есіл қаржы қазақстандық балалардың қажетін өтеуге бағытталуы сұралды. Міне, бұл – нағыз үлгі тұтарлық, халыққа жағымды қадам.

Сөзімізді Алла тағаланың мінсіз де көркем сөздерімен қорытындылайық. Құранда: «Ысырап етпе, ысырап етушілер сөзсіз шайтанға бауыр болмақ. Ал шайтан болса, раббысына тым күпірлік етуші» (Исра сүресі, 27-аят) делінген. Олай болса, күпірлік етуші болудан сақтанайық, ағайын.