Аймақтар • 09 Қазан, 2019

Мерейлі меже Қарасай ауданының құрылғанына 90 жыл толды

763 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ауыл шаруашылығы экономиканың драйвері болуы керек» деген сөзі ел ішіндегі іскерліктің ілгерілеуіне серпін бергендей. Мұның бір дәлелін өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінің дамуынан байқауға болады. Мысалы, Алматы облысында ішкі өндірісі жолға қойылған, ауыл шаруашылығы кешеніндегі шикізаттан бастап, дайын өнім экспорттауға дейін қол жеткізген аудандар қалыптасты. Соның бірі – Қарасай ауданы.

Мерейлі меже Қарасай ауданының құрылғанына  90 жыл толды

Өндіріс – экономика өзегі

Бүгінде Қарасай батыр есімін ұлық­тап отырған аудан Жетісу өңіріндегі дәу­летіне сәулеті жа­рас­қан аймақ қана емес, Ал­маты сияқты алып мегапо­лис­тің арқа сүйеуші нысанына айнал­ды. Бұл жерде күніне 3 млн адам­ға дейін қызмет көрсететін қала эко­но­микасын шикізатпен қам­тудағы Қара­сай ауданының маңызы зор екенін айт­қымыз келген. Яғни, іргедегі аудан ірі ме­га­полистің тірек күші сияқты міндет ат­қарып отыр. Екінші жағынан, бұл – аймақтағы барлық саланың дамуына мүмкіндік беретін қоз­ғаушы күш. Жыл басынан бері Қа­расай ауданында 13,2 мың тонна ет, 50,4 мың тонна сүт, 191 млн дана жұмыртқа өндіріліпті. Демек, аудандағы агро­өнеркәсіп кешенінің өнім өнді­ру мен өңдеу бағыты да тоқ­таусыз жұмыс істеп тұрғаны анық.

Бұл өз кезегінде Қарасай ауда­нының эко­номикалық көр­сеткіштер жағынан облыстағы жетекші орынға шығып, жыл өткен сайын халықтың тұрмыс-ахуалы арта түсуіне жол ашып отыр. Салыстыру үшін айталық, 2017 жылы ­аудан бюджетіне 32 млрд теңге таза пай­да түскен болса, былтыр бұл көр­сеткіш 49 млрд теңге көлеміне жеткен. Биылғы бюджет кірісінің межесі 55 млрд теңге шамасында болжанып отыр. Бұл – өндірістің өркен жай­ғандығының көрінісі. Әсіресе, өнеркәсіп өн­дірісінің да­муы өңірді басқа аудан­дармен салыстырғанда алдыңғы қа­тар­дан көрінуге жол ашты. Өткен жы­лы өндірістен түскен табыс көлемі 195,0 млрд теңгені құрап, облыстағы өнер­кәсіп сала­сының 33 пайызын құ­рады. Бұл аудандағы жүйе құраушы 7 кәсіпорын мен 18 ірілі-уақты кәсіп­орындардың жұмыс нәти­жесі. Ал ауыл шаруашылығы са­ла­сындағы өндірілген өнімнің қаржылай құны 25 млрд теңге болып, облыста өндірілген өнімнің 7,5 пайызын құрады.

Қарасай ауданында шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын 14 400 нысан тіркелген. 2526 шағын кәсіп­орын, 9918 жеке кәсіпкер, 1956 ауыл ша­руа­шылығы құрылымдары аудан­ның эко­номикалық өркен­деуіне өз үлесін қосуда. 67 мыңға жуық адам еңбек ете­тін, осы шағын кәсіпкерлік саласы бюджет қор­жынына 11,5 млрд теңге қаржы құйып келеді.

Ал жүйе құраушы ірі өнер­кәсіп орын­дары туралы ұзақ ай­туға болады. Аудан­дағы Елтай ауылдық окру­гі аума­ғына қоныс тепкен «Эфес Казах­стан» сыра зауыты, «Кока-Кола Алматы Бот­лерз», «Азия Газ NG», «Эйкос»,­ «Пласт-Инжиринг», «Алматы Стекло», «Cristal Pure Glass», «Q-Recycling», «Жар­кент Газ Сервис», «RG BRANDS»,­ «SUNAGRO», «Unimaster Agro», «ECOFILDS», «ECOFILDS», «ECOCULTUR», «Ал-матинский про­дукт»,­ «AURORA AGRO», «Terra Nova», Полимерлі техно­логия­лық жүйелер», «Алматы тері өңдеу зауыты», «Kaz Eco Food», «Holland Green Tech», «Clever Medical», «Kelun-Kazpharm», «Қарасай машина жа­сау зауыты», «ОУСА Альянс» сияқ­ты ЖШС-лар Қарасай ауда­ны­ның ғана емес, облыс, қала берді еліміздің экономикасына жұ­мыс жасап отыр.

Қарасай ауданындағы сыртқы на­рық­ты игерген кәсіпорынның бірі – «Ал­маты өнімдері» атты кондитерлік фабрика. Бүгінде тұтыну нарығында «A Product» брендімен танымал болған кәсіпорынның өнімі жоғары сұранысқа ие. Көршілес Ресей, Қытай мен алыс шетелдерге де тәтті-дәмді кондитерлік өнім түр­лерін жөнелтіп отырған кәсіп­орынның өндірістік қуаты жылына 13 мың тонна дайын өнім шығаруға есеп­телген. Өнімдері Орталық Азия ел­деріне, Ресейдің 13 қаласына және Гер­мания мен Беларуське эспортталады. Астын сызып айтайық: кәсіпорын 500 адамды жұмыспен қамтып отыр. Және жұмысшылар мен қызметкерлердің барлығы дерлік Қарасай ауданының тұрғындары. Сұранысқа ие мамандарды кәсіп­орын қаржысына оқытып, қайта даярлап алады. Адам ка­питалы­на деген құрметтің бір түрі бұл да. Қазір фабрика ке­ңейіп, жаңғырту бағдар­ламасы негі­зінде қосымша цехтарды іске қосудың қамында. Бұйырса, тағы да жұмыс күші қажет болатыны анық. Де­мек, ауданның еңбек нарығында сұраныс артады. Әрі осы «A Product» конфет пен печеньеге қа­жетті ұн мен қантты, бас­қа да ши­кізатты облыс аумағынан та­сы­малдайды. Айтпақшы, бұл шетелге өнім жөнелтетін Қарасай ауданындағы жал­ғыз өндіріс орны емес. Дәл осы «A Product» зауы­тының іргесінде «Алматы-Стекло» ЖШС зауыты да жұмыс істеп тұр. Соңғы үлгідегі цифрлы технология­мен жұмыс істейтін зауыт түрлі пішіндегі шыны ыдыстар мен құтыларды құйып шығарады. Өндірістің мүмкіндігі жылына 120 миллион данаға дейін тапсырыс орындауға жете­ді. Мұнда да бес жүзге жуық адам жұ­мыс істейді.

Бұл үрдістің жүлгесі үзілген емес. Жақында жылына 1200 тонна дайын­ өнім өңдейтін, 81 жұмыс орнына арнал­ған «Қалқан – 7» металл өңдеу зауы­ты мен профнастил, металл жабынды өнімдерін өндіретін «Болашақ ҚазМеталл» кәсіпорны іске қо­сылды. Сол сияқты, Қаскелең қаласында 900 адамға жұмыс беріп отырған «Хамле» фаб­рикасы, 700 жұмысшы еңбек ететін «Алматы қағазы» кәсіп­орны бүгіндері өз өнімдерін ел­і­мізбен қатар алыс-жа­қын ше­тел­дерге шығара бастады.­ Демек, ауданға таяу болашақта инвес­­тор­­лардың ағылатыны сөз­сіз. Ал қа­зір­де аудандағы инвес­тиция тарту ба­ғыты бойынша негізгі капиталға 57,2 млрд теңге құйылып, облыс бойынша инвес­тициялық портфель көрсеткіші 18,7 пайызға жетті.

Рухани жаңғырған өлке

...Алматыдан жоғары трасса арқылы шығып, Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың туған ауылын бетке алған бізден жолай тоқтап тұрған ресейлік нөмірлі көліктің иесі жөн сұрады. Жігіт ағасы Мәскеу облысынан екен. Отбасымен бірге сая­хаттап, Қа­зақ­станның шығысы мен оң­түс­тігін аралап өтуді мақсат етіп­ті. Біз­ден осы маңдағы «Ата­мекен» мәдени кешеніне апаратын жолды нұсқап жібе­руді өтінді. Біздің де бағытымыз Ша­малған ауылы еді, ізімізден ерді. Орыс азаматы іздеген ол ке­шен Қарасай ауда­нындағы рухани ағарту орталығы ғана емес, тарихи-мәдени саяхат орнына ай­нал­ған мекендер қатарына еніп отыр. Айтпақшы, біз Шамалған ауылындағы Қа­зақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орта­лығы жайлы бұған дейін қалам тербегенбіз. Бұл жолы да аз-кем айналып соғуды мақсат етіп отыр­мыз. Өйткені қазіргі қа­рыштап дамыған Қарасай ауданының даңқын асырып, мәдени маңызын арттырып отыр­ған осындай орталықтар. Оның үстіне орталықтың осы ауылда салынуында үлкен мән бар. Шамалған – Елбасының кіндік қаны тамған ауыл. Әлем назарындағы Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Үшқоңыр тауының ете­гіндегі осы бір етек-жеңі жинақы елді мекеннен түлеп ұшқан еді. Ауылда тұғыры биік тұлғаның тағылымды өмір жолын өскелең ұрпаққа паш ете­тін тарихи-өлкетану мұражайы 1998 жыл­дан бері келу­шілерге қызмет етіп келген. Бүгінде «Атамекен» тарихи-мә­дени орталығы шамалғандықтар ғана емес, тұтас еліміздің мақ­танышы бола­тындай рухани кешенге айналды. Ел­басының өмір жолы мен қызметінен тағылымды сыр шертетін кі­тап­тар мен экспонаттарды осы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығынан тамашалауға бо­­лады. Құнды жәдігерлерді жинақ­тауға Шамалғандағы тарихи өлкетану мұра­жайы, орта мектептің ұжымы жұмыл­са, Елбасының жазба еңбектері мен танымдық фотосуреттері, әр жылдарда жа­рық көрген кітаптары Елбасы кітап­ханасы мен Ұлттық кітап­хана мұ­ра­ғаты­нан алынған. Ал орталықтағы келу­ші­лерді қызықтыратын экспонаттың бірі – Елбасы мінген үкіметтік автокөлік екен. Бізден жол сұраған шетелдік сая­хат­шыны қызықтырған осы жәдігер екен.

Жалпы, рухани жаңғырған өлкедегі адам аяғы үзілмейтін тағы бір орталық –­ «Ба­тыр бабалар» мемориалды кешені. Қарасай ауданында көрнекті орынға жалпы көлемі 465 миллион теңге ша­ма­сында қаржы құйылған екен. Қа­зақ тарихының қалың қатпарынан сыр шертетін шежірелік суреттермен әрлен­ген бұл кешен бабалардың ерлік жолына қойылған ескерткіш сияқты. Киіз үй бейнелі мемориалды кешеннің іші-сырты ақ мәрмәр таспен қапталған. Көкке ұмтылған биік стелла болаттан құйылып, сүйірлене біткен күмбезді шатырға үйлесіп тұр. Мұндағы ежелгі сақ заманына арналған экспозицияның өзі бір әлем. Ұзындығы 15, ені 3 метр болатын Тұмар ханшайымның заманын бейнелейтін, сол кезеңдегі ұрыс даласына жетелейтін панораманың жөні және бөлек. Алтын адам дәуірінен жеткен жәдігерлер, тұ­тас дала өркениетінің бөлшегіндей кө­рі­нетін қолөнер мен ұста қолынан шыққан бұйымдар да ежелгі дүниеге шақы­ратындай. Ал нысан қабырғасында мемлекет шежіресі жылдар легімен өрі­ліп, Қазақ хандығының құрылуы мен бүгін­гі Тәуелсіз еліміздің арасындағы ға­сыр­ларға созылған соқтықпалы-соқ­пақсыз тарихтың әр сәті көркем суреттермен безендіріліпті. Мемориалды ке­шенді аралауға Алматы маңындағы аудан­дардың мектеп оқушылары ынта та­нытып, жиі келеді екен. Тіпті тарих сабағын осында келіп өткізетін тәжірибе қалыптасыпты. Сананың түлеуі, рухтың жаңғыруы үшін бұл да бір ізгі қадам. Осы үдеден шығып, туған жерге тағзым етіп отырған қарасайлықтарға құба-құп дей­сің.

Айтпақшы, туған жерге тағзым де­ген­­нен шығады, жақында аудандағы Шамалған кентінде жаңадан дене шы­нық­тыру және сауықтыру кешені ашыл­ғанынан жұрт құлағдар болуы керек. Бұл – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған ауылына деген пер­зенттік тартуының бір көрінісі. «Үш­қоңыр» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің аумағы 7300 шаршы метрді алып жатыр. Нысан 6 блоктан тұрады. Волейбол, баскетбол, гандбол және минифутболға арналған әмбебап залда жарыс тамашалау үшін 300 орындық жеке трибуна және бар. Шығыс жекпе-жегі, бокс, күрес сияқты спорт түрлеріне арналған жаттығу залына жапсарлас 160 адамдық көрермен залы бөлек салынған. Жүзу бассейніне де сұраныс көп екен. Бұл кешен бір мезгілде 300 адамның спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді.

Әкіммен аз-кем әңгіме

Жандарбек Далабаевтың Қарасай ауданына басшылық еткеніне бір жылдан енді асты. Еңбек жолын ауылдағы мектептің мұғалімі болып бастаған әкім қазір аймақтағы тәжірибелі мемлекеттік қыз­мет­шілердің қатарында. Әкім аудан­ның жағдайын былай әңгімеледі. 1929 жылдың отыз бірінші қаңтары күні Алатаудың етегінде шашырай қо­ныс­танған ауылдардың басы бірік­тіріліп, Ленин атындағы жаңа аудан құрылған екен. Кейіннен тағы бір партия көсемі Кали­ниннің есімін иеленіп, келе-келе Қаскелең ауданы болып өзгерген өңірде тіршілік қазанының қайнағанына 90 жыл уақыт болды. Қазір аудан аумағында 1 қала, 10 ауылдық округ бар. Мұндағы 47 елді мекенде 272 400 адам тіршілік кешуде. Аудандағы 54 орта мектепте 57 мың 388 оқушы білім алуда. Ішкі миграция мен демографиялық өсімге байланысты балалардың саны да артып келеді. Бұл өз кезегінде оқушылар санын көбейтіп, үш ауысымды мектептердің пайда болуына ықпал етуде. Бүгінде аудан­да 11 үш ауысымды мектеп жұмыс жасайды. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында биыл Керімбеков және Мәметова атындағы орта мектепке 300 орынды, Абай ауылындағы орта мектепке 600 орынды жапсаржай салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар екі мектептің жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Қалған 4 мектептің мәселесі де таяу жылдары шешілмек. Бұл жерде осындай әлеуметтік құрылыстарға жер дайындау күрделі мәселе екенін айта кеткен орынды. Себебі елді мекендер бір-біріне өте жақын орналасқан, жердің барлығы жекеменшіктің үлесіне өтіп кеткен аудан­да мектепке арналған жерді айқындау қиынға соғады. 20 мың тұрғынға арналған «Асыл арман» тұрғын үй кешенін жобалау кезінде мектеп пен балабақша және аурухана нысандарын назардан тыс қалдырудың нәтижесінде бүгіндері 1,5 мың баланы тасымалдап оқытуға мәжбүр болуда. Алайда бұл жерде мектеп құрылысына қажетті жер дайындалып, бүгіндері мер­дігерлері анықталуда. Ауданда ден­саулық сақтау саласы бойынша 1 аудандық, 2 ауылдық ауру­хана, 8 медициналық бөлімше, жұқ­палы ­аурулар ауруханасы және жеке­меншік денсаулық сақтау мекемелері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Бұл саланы алдағы уақыттары дамытуға ауқымды шаралар жоспарланған. Сол сияқты, Мәдениет саласы, автокөлік жолдары, құрылыс саласы бойынша айта қаларлық игілікті істер бар. Қарасай ауданындағы өзекті мәселенің бірі – елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету болып келгені белгілі. Осы орайда Қаскелең және Казачка өзендерінен су алатын жалпы сметалық құны 9,4 млрд теңгелік «Қаскелең су топтамасы» жобасының бірінші кезеңі аяқталуға жақын. «23+1» деп аталатын бұл ірі жоба жүзеге асырылғаннан кейін Қаскелең қаласы мен Қырғауылды, Жаңатұрмыс, Абай, Долан, Шамалған, Жандосов және 1-Май ауылдық округтеріне қарасты ауылдардың бәрінде ауыз су мәселесі толығымен шешімін табады.

 

Алматы облысы