Шығармашылық жолы Талдықорған, Алматы қалаларымен тікелей сабақтас. Талдықорған облыстық комсомол комитетінің мектеп жастары арасындағы жұмыс жөніндегі хатшылығынан 1949 жылы журналистік жұмысқа ауысады. «Сталиншіл» газетінде бөлім меңгерушісі болып, келесі жылы республикалық партия мектебінің аудармашылар бөліміне оқуға түсіп, қызыл дипломмен бітіріп оралады. Талдықорған облыстық «Сталиншіл» газетінің жауапты хатшысы, «Семиреченская правда» газетінің әдеби қызметкері, Алматы облыстық «Коммунизм таңы» газетінің тілшісі, «Казахстанская правда» газетінің аудармашысы. Бұл – оның журналистік шыңдалу жылдары.
1971 жылы орталық партия комитетінің ұсынысы бойынша Байланыс министрлігінің баспасөз тарату бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Осы кезеңде Сара Рахманқызы қазақ тіліндегі газет, журналдардың, жарық көретін кітаптардың кең таралуына өлшеусіз үлес қосты. Ұлтын сүйген жүрек қалауының арқасында 1970-1982 жылдары 15 миллион Қазақстан халқына шаққанда 19 миллион дана газет-журнал таратуға қол жеткізілді. Орыс әріптестеріне «Қазақ кітаптары өтпейді» деген сөзді қойдырған да өзі еді. Орысша жазып, сөйлегенде, алдына жан салмайтын Сара Мыңжасарова «орыс баспасөзіне қауіп жоқ, сендер қазақ баспасөзін сол дәрежеге жеткізуге міндеттісіңдер, сендер осы орында отырғанда, қазақ баспасөзінің жолына кесе-көлденең жатқандарыңда, қазақ басылымдарының таралымы өспейді, қане, дереу іске кірісіңдер» деп қатты айтудан сескенбеді.
Мұндай ойларын «Казахстанская правда» газетінде еңбек еткен кезеңде де ашық білдіретін. Бірде редакцияда қазақша шығатын кітаптардың таралымы сөз болып, партия ұйымының хатшысы Белоусов деген «қазақша кітаптар өтпейді, үкіметке зиян шектіруде» дегенде, сөз алып: «сендер осы газеттің ұлттық республикада шығып жатқанын ұмыттыңдар ма?..» деп, небір анық-қанық дәлелдерді келтіргенде, бәрі кешірім сұрап, амалсыздан бұл мәселені күн тәртібінен алып тастағаны бар. 1992 жылы Солженицынның Қазақстанның солтүстік аймақтарын Ресейдікі деп жазғанына орыс переселендерінің алғаш қай жылы келгенін, оған дейін кімнің иелігінде болғанын талдап, сауаттылықпен Жазушылар одағында өткен жиында қалай тойтарыс бергені де есімізде.
Комсомол жұмыстарын қамтыған алғашқы мақалалары 1945 жылдан «Семиреченская правда» газетінде жариялана бастады. «Жеңіс майы» деген тұңғыш өлеңі сол жылы бүркеншік атпен «Сталиншіл» газетінде шықты. Міне, осы кезден бастап жазудан қол үзген жоқ. 1946 жылы Мәскеуден «Вожатый» деген кітапты комсомолдың орталық комитеті пионер жұмысындағыларға көмекші құрал ретінде жарыққа шығарады. Орыс тілі онша өріс алмаған кез. Қай аудан, қай мектепке жұмыс бабымен барса да алдынан «мына кітапта жазылғандарды онша түсіне алмаймыз» деген сөздер шыға бергесін, өзі қазақшаға аударып, 1948 жылы Қазақстан орталық комсомол комитетіне жібереді. «Оның жарық көрген, көрмегенін білмеймін, ол кезде авторлық право дегенді, оның творчестволық еңбек екенін білмейтін едім. Тек жұмыс бабына керек болғасын қазақшаға аударғанмын. Қалың кітап болатын, шамамен 20-25 баспа табақ көлемінде-ау деп топшылаймын» дейтін бертінде.
С.Мыңжасарованың прозалық шығармалары: суреттемелері, очерктері, әңгімелері, проблемалық мақалалары 1953 жылдан бастап Талдықорған облыстық «Сталиншіл», «Семиреченская правда» газеттерінде жариялана бастады. 1959 жылы Вьетнам көркем әдебиетінің алғашқы прозалық шығармасы, Нгумен Ванның «Буйвол» повесі Сара Рахманқызының аударуымен сол кездегі жалғыз кітап шығаратын «Қазмембаспасынан» жарық көреді.1959-1970 жылдар арасында аудармаға ерекше ден қойып, Абхазия кеңес әдебиетінің классигі Иван Папаскиридің «Женская честь» романын, «Алтын Прага ертегілерін», «Солдат хаттары» суреттемелер жинағын, балаларға арналған шағын кітапшаларды қазақшалайды. Бұларға қоса «Қаһарман қыздар», «Ленин бізбен бірге» деректі әңгімелер жинағын, «Тәжік әңгімелері» сияқты кітаптарды өзге аудармашылармен бөлісіп аударады.
Сонымен қатар «Қыр қыздары» романына кіріседі. «Алғашқы екі бөлімін машинкаға бастырып, бір мектепте оқыған жолдас болғасын, жазуымның бағытын байқатайын деп Әбдіжәміл Нұрпейісовке апарып беріп едім, ол екі айдан кейін оқуға қолым тимеді деп қайтарып берді. – деп жазды кейіннен «Мейірім» атты повесінде. – «Япыр-ай, бұл қолыңнан не келеді» деп менсінбегені-ау деген оймен салым суға кетіп, Калинин көшесінің бойымен еңсем түсіп, автобустың аялдамасына келе жатқанымда, консерватория жақтан шыққан Ахаң (Ахмет Жұбанов) кездесе кетті.
– Сара, қарағым, жайшылық па, неғып көңілсіз келесің? – дейді Ахаң. Ахаңа қайдан келе жатқанымды, «қолымнан келмейтін нәрсеге неменесіне әуре болам. Жазуды тастап, аудармамен шұғылдансам да жетер» дегенді айттым.
– Қарағым, мен жазушы болмасам да көркем әдебиетті түсінуші едім, маған берші, оқып көрейін, – деп Ахаң қолжазбамды алып кетті.
Алматыға көшіп келгесін, облыстық «Коммунизм таңы» газетінде қызмет істеп, «Казахстанская правда» газетіне ауысып кеткен кезім еді. Ертеңіне сәскеге таман Ахаң редакцияға телефон шалды:
– Сара, қарағым, мен өмірімде түнгі сағат төртке дейін ешкімнің шығармасын оқыған емеспін, ал сенің қолжазбаңды оқып шықтым. Қолыңнан жазу келмейді десе, еш адамға сенбе, жаза бер».
Сол 1960 жылдың күзінде Ахмет Жұбановтың Мұқыш (жолдасы) екеуін үйіне шақырып: «Өнерді ешкімге жалтақтамай, өз бойыңа біткен табиғи қасиетпен дамыта берген абырой. Сара, сен қазір нағыз творчествоң тасқындайтын жастасың, отыз бен қырықтың арасын бекерге өткізіп алмаған дұрыс» деп қанаттандырғаны «Қыр қыздарының» жалғасуына демеу болды.
Әттең, көп ұзамай Мұқыштың дүние салуы «ерлікті де, өрлікті де сыпырып кеткендей», біразға дейін жазуына оралтпады.
«Қыр қыздары» романы 1970 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Өз сөзімен айтқанда «қысқартылып, жырым-жырым болып» жарияланса да бұл Қазақстанда, Орталық Азия әйелдері қаламынан туған тұңғыш роман еді. Жыл қорытындысында баяндама жасаған Баламер Сахариев 1970 жылы жарық көрген он үш романның төртеуіне: Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдызы», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері», Сейітжан Омаровтың «Қызыл үйі», Сара Мыңжасарованың «Қыр қыздарына» тоқталып, талдау жасады.
1981 жылы «Жазушы» баспасынан «Әйел бақыты» романы жарық көрді. Оған «Қыр қыздары» романының қысқартылған тараулары қосылып, бастапқы жазылған толық нұсқасы алғаш рет енді. Орыс тіліне аударылып «Женское счастье» деген атпен 1984 жылы «Жазушы» баспасынан шықты.
«Жұлдыз» журналында 1983 жылы жарияланған «Төзім шеңбері» де жолы болмаған роман. Тағы да тең жартысы қысқартылып, сөз, сөйлем, ой, пікірлері тоналып, 1987 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан. Тағылған саяси сындарды жеңілдетіп, қысқартылған тарауларын қосып, қайта тапсырғаннан кейін «Төзім шеңбері» толық күйінде 1996 жылы жарық көрді. «Мен ешкімге жалынып, жалбақтамаймын. Жастайымнан бойға сіңген турашылдықтың кесірі аз болмады-ау, шамасы» дейтін өзі.
Керемет білімді еді Сара апамыз. Екі тілде бірдей жазды. Туған ұлтының мүддесін бәрінен биік қойды. Шешендігі өз алдына, қандай да мәселенің бүге-шігесін түсіндіргенде, қайран қалатынбыз. Ақындығы қандай еді, бірақ өлеңдерін жариялауға ықылас танытпады. Аударма саласында біршама еңбектенді. Жастайынан әншілігімен, қайраткерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскенімен, атақ, мансап қумады, шығармашылықты қалады. Өз дәуірінің тамыршысы болып, замандастарының жан дүниесіне терең үңіле білді. Мақала, очерк, фельетон, суреттемелерімен, ең бастысы – сүбелі романдарымен оқырмандарының ілтипатына бөленді.
Оның дүниелері бүгін де сұраныста. Белгілі сыншылар Зейнолла Серікқалиев, Рымғали Нұрғалиев және басқалар кезінде Сара Мыңжасарованың шығармаларын жоғары бағалаған. Ғабит Мүсірепов, Мәриям Хакімжанова, Фариза Оңғарсынова, Қалихан Ысқақов, Сейфолла Оспанов, Бейбіт Қойшыбаев, Мереке Құлкенов, тағы басқалармен жақын араласты.
2001 жылдың маусымында Сара апамыздың үйінде бас қосқанымыз есіме түсіп отыр. Ауруханада жатқанына қарамастан, арнайы келген Әбдіжәміл ағамыздың шын көңілінен ақтарылған әңгімесін сүйсіне тыңдадық бәріміз. Мектепте қатар оқыған екеуінің әңгімесі жарасымды еді. Әбдіжәміл Нұрпейісов өте көңілді, тебірене сөйлеп, мектептегі кезін есіне алып отырды. Сара құрдасының қандай киім киетініне шейін есіне түсіріп, өте көп адамды атады. Әбдіжәмил аға осы уақытқа шейін бір көмек көрсетпегенін, Сара апамның да ешқашан ешқандай өтініш айтпағанын, талай адамға пәтер алуға ықпал еткенін, т.б. әңгіме тиегін ақтарды. Өзінің жастық шағын армансыз еске түсіргендей болды ғой деймін…
Мен Сара апамның ешкімге бармайтынын, пенсиясының мүлдем аз екенін айттым. Әбдіжәміл аға «қағаздарын жинап, маған әкел» деді. Апамыз бірақ елп ете қоймады.
Не істеп, не қойса да айналасынан қолдау күтпеді, билік басындағыларға құрақ ұшпады. Өйткені есін білгеннен төңірегіндегілерге өзі қамқор, өзі би боп дағдыланған еді. Өтірік, өсектен, жәдігөйліктен, жамандықтан бойын аулақ ұстады. Ішкі тәуелсіздігі, көл-көсір білімі, әлем әдебиеті інжу-маржанынан телегей-теңіз сыр шертетіні, кішкентайынан қалыптасқан талғамы, өз заманының кем-кетігін тереңнен түсінетіні, ортаның, қоғамның даму жолын айқындай алатын биік өресі өкінішке қарай, рухани айналымға түскен жоқ. Бұған сұраныс та болмады, айрықша жаратылған болмысы алдынан ұдайы кедергі туғызып отырды.
Айналып кеп әлем таныған кластасы Әбдіжәміл ағамен сол бір кездесудегі Сара апамның маңғаз түрі, тіпті менсінбегендей сыңай танытқаны орала береді көз алдыма. Мінезі сәл-пәл жұмсақтау боп, дәл қазір ретімен өтінішін жеткізсе, бәрі-бәрі басқаша жүйесін табар ма еді деген ой қылаңдаған сол жолы. Әдебиет кеңістігінде бағы жанған Ә.Нұрпейісов бала кездегі танысына қалайда демеу болар деп үміттенгенмін... Көп ұзамай 2002 жылы апамыз өмірден озды.
Соңында мол мұра қалды. Өнер, еңбек адамдарының галереясын жасады. Тағдыры қиын да қызық жандардың хикаяттарын жеткізді. Өзінің де көрмегені жоқ, отыз жеті жасында жесір қалып, бүкіл әулетінің тірегіне айналды. Бәрін асырап сақтаймын деп, күні-түні еңбектенді. Алтын асықтай ұлы Оспан жиырма жасында қыршынынан қиылып, қан жұтты, талай жыл жазудан қол үзді. Өле жаздап, әрең көтерілді. Қаламы қайратына мінгізді. Ел аралап, жаңа кейіпкерлерін тапты. Зейнетке шыққаннан кейін «Әйел бақыты», «Төзім шеңбері» романдары, «Өмірдің бұраң жолдары», «Мейірім» повестері, «Өмір көріністері» жинағы бірінен соң бірі жарыққа шығып, мерейін өсірді. Шығармаларының көркемдік деңгейі лайықты бағасын ала бастаған.
Міне, содан бері он жеті жыл өтті. Туған жерінде, талай жыл еңбек еткен елінде есімін ұлықтап, есте сақтау мақсатында нақты ұсыныстармен Жазушылар одағы атынан әлденеше рет Ақтөбе, Алматы облыстарының әкімдеріне жазған өтініштерімізден түк те өнбеді. Қайтыс болғанына бес жыл толсын деді. Одан кейін шектеу қойылды деді. Ең соңында атағы, марапаты шамалы екен дегендей жауаптар келді.
Әзірге «Қазақстан» ұлттық арнасынан 2015 жылы қазақтың дарынды қызы, продюсер Жаңылхан Асылбекова бастаған топтың дайындап ұсынған «Жарқын бейнесі» ғана демеу көңілге. Мерей- тойлары аталмағанымен, кітаптарын оқырман ұмытар емес.
Сара Рахманқызының кез-келген дүниесі қазір де өзекті, нағыз рухани жаңғырудың тұтастай мән-мазмұны сайрап жатыр қолтаңбасында. Бұл енді жеке әңгіменің арқауы және мұны жалғастыруды Шалқар, Талдықорған, Алматы қалалық, Ақтөбе облыстық әкімдіктерінен өтінеміз.
Шіркін-ай, Алматы қаласындағы көп кітапханалардың біріне аудармашы, публицист, журналист, роман жазған тұңғыш қазақ қызы Сара Мыңжасарованың аты берілсе!
Ал, Шалқар, Ақтөбе, Талдықорған қалалары Сара Мыңжасарова есімін мектеп, көшелерге беріп, қалай ұлықтаса да артық емес. Алда-жалда қаламгердің шығармаларын оқыса, өздеріне қатысты небір қызықты мәліметтерге кезігіп, бүгінгі рухани жаңғырудың осы жерлерге қатысты небір ғажап сырларымен қауышатыны анық.
Тірілер, өзімізді марапаттап ентелей бергенше, бір сәт атақ, даңқсыз өткен өлгендердің де ұлтымызға сіңірген еңбегін елеп- ескерейікші...
Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты