Қазақстан • 09 Қазан, 2019

«Жас натуралистер» үйірмесінде қазақ тобы ашылды

1309 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы хайуанаттар бағында жоғары оқу орындары студенттерінің тәжірибелік сабақтарымен қатар мектеп оқушыларына арналған «Жас натуралистер» үйірмесі біраздан бері жұмыс істеп келеді.

«Жас натуралистер» үйірмесінде қазақ тобы ашылды

Жабайы жануарларды таныстырып, жаратылыстану білімін, сондай-ақ табиғатты қорғауды насихаттаумен қатар сирек кездесетін, жойылып бара жатқан аң-құстардың гендік қорын сақтап қалуды мақсат ететін үйірме жұмысына мектеп оқушыларын көптеп қатыстыру  хайуанаттар бағы мамандарының тұрақты назарында. Осы мақсатта әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында хайуанаттар бағындағы жануарлар әлемін тануға ерекше қызығушылығы бар балаларды үйірмеге қабылдау туралы үнемі ақпараттар жарық көріп келеді. Ғылыми-әдістемелік бөлімінің маманы Ұлжанар Әлілаеваның айтуынша, үйірмеде  балалар қоршаған ортаны, оның ішінде жануарлар әлемін тануына мол мүмкіндік алып, табиғатқа деген мейіріммен өсетін болады.

Сексен жылдан астам тарихы бар хайуанаттар бағының құрылуы жануарлар әлемін жіті таныған маман Мырзахан Төлебаевтың есімімен тығыз байланысты. Бүгінде Қарағанды, Шымкентте хайуанаттар бағы бар  десек, Алматыдағы бақ ең көлемдісі саналады. Алғашқы жылдарда хайуанаттар бағына бірді-екілі тау ешкі, арқар, түлкі, қарақұйрық, қасқыр, т.б. әкелінсе, кейіннен олардың қатары толығып 70-ке жуықтаған. Ал бүгінгі күннің деректері аквариум, экзотариум, құстар, жыртқыштар, тұяқтылар, приматтар тәрізді 6 секцияда 377 түрге жататын 3453 бас жануардың бар екендігін растайды. Олардың әрқайсысында кәсіби мамандар, ғылыми қызметкерлер жануарлар әлемін зерттеумен айналысып келеді. Жануарлардың мінез-құлқы, қоршаған ортамен әсері, т.б. мамандардың тұрақты назарында. Қазіргі кезде демеушілердің қолдауымен хайуанаттар әлемін қызықтауға келушілерге де қолайлы жағдайлар жасалуда. Арнайы медициналық тіректермен қатар ана мен балаға арналған бөлмелер де жасақталып,  жекелеген аңдар үшін заманауи орындар жасалуда.

Мұнда қолға тез үйренетін маймылдар, түйелер, тасбақа, т.б. да жануарларды тану балалар үшін аса қызықты. Аптасына екі рет өтетін үйірменің қазақ тобына 5-12 жас аралығындағы балалар қабылдануда. Қазіргі кезде қазақ тобында жиырмадан астам бала бар.Үйірменің алғашқы дәрісінде балалар жануарлар бағының тарихымен танысып, аң-құстар туралы қызықты мәліметтер алды.