Аймақтар • 09 Қазан, 2019

Жаңаөзендіктер әлем чемпионы Б.Нұрдәулетовке көлік сыйлады

310 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жаңаөзен қаласы әкімдігі мен «Өзенмұнайгаз» АҚ бокстан Әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетовке Тойота Камри 70 маркалы автокөлік сыйлады. Бұл туралы Жаңаөзен қалалық мәдениет бөлімі хабарлады.

Жаңаөзендіктер әлем чемпионы Б.Нұрдәулетовке көлік сыйлады

Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров чемпионды құттықтап, ата-анасына алғысын білдірді. Өз сөзінде қала әкімі спортшының бапкерлерін атап өтіп, олардың Бекзат Нұрдәулетовтың Әлем біріншілігінде жеңіске жетуінің басты себепкерлері екенін айтты.

Сондай-ақ мерекелік шараға қатысқан қалалық мәслихат хатшысы Сақи Мыңбай мен «Өзенмұнайгаз» АҚ транспорт жөніндегі басқарушы директор Айтқали Бәшенов құттықтау сөзін сөйлеп, спортшыға алдағы уақытта өтетін спорт бәсекелерінде сәттілік тіледі.

Екатеринбург қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында 81 келі салмақта алтын медаль иеленген Бекзат Нұрдаулетов әлемнің төрт дүркін чемпионы, кубалық Хулио Ла Крусты тізе бүктірген болатын. Финалдық жекпе жекте өзбек боксшысы Дилдошбек Рузметовты айқын басымдықпен жеңді.

Осыған дейін облыс әкімі Серікбай Трұмов Бекзат Нұрдәулетовке пәтер кілтін сыйға тартқан болатын. Жаңаөзен қаласы әкімдігі мен «Өзенмұнайгаз» АҚ бірлесе бүгін чемпионға темір тұлпар мінгізіп, боксшыға көрсетілер құрметті жалғастырды.