Қоғам • 10 Қазан, 2019

«Жасыл» экономика қалдықсыз технология даму драйвері

1398 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Уақыт жүйткіген сайын әлемдегі жаңашылдықтарға ілесу қиындап барады. Рас, цифрлы технология дәуірінде тың жаңалықтар жылдап емес, айлап ашылып жатыр. Бірақ бұл сонымен бірге адамзатқа жаңа сын-қатерлерді алып келіп отыр. Әсіресе барша тіршілік иесінің ортақ мекені – Жер шарының бүгінгі жағдайы алаңда­тар­лық күйге жетті. Жаһандық экологияның конъюнктурасын реттеу үшін «жасыл экономика» тұжырымдамасы негізгі үрдіске айналды. Бұл трендті дамытуды Қазақстан да қолға алып, әлемдік көшке қосылуға бет алды. Осы орайда экономика ғылымдарының докторы, «Жасыл экономика және G-Global дамыту Коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрайымы, Президент жанындағы «жасыл» экономикаға өту кеңесінің мүшесі Салтанат РАХИМБЕКОВАМЕН еліміздің экологиялық архитектурасы жөнінде әңгімелестік.

«Жасыл» экономика қалдықсыз технология даму драйвері

Ауылдарда да іске асырылады

– Салтанат Темірқұлқызы, әуелі өзіңіз жетекшілік ететін қоғамдық ұйым туралы айта кетсеңіз...

– 2013 жылдан бері бірлес­ті­гіміз Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі провайдеріне айналды. Осы уақытқа дейін жалпы 20-25 әлеу­меттік жобаны іске асырып келеміз. Коалиция жасыл экономиканың басты наси­хаттаушысы әрі жасыл тех­но­­логиялардың таратушысы мәртебесін иеленді десек қате­леспеспіз. Үкіметтік емес ұйым­дар арасында секто­раралық серік­тестіктің тұ­рақ­ты даму қағи­дасын табысты жүзеге асырып жатыр­мыз. Мысалы, коалиция 2015 жылы «Expo&Women» әйел­­дердің жасыл экономиканы қолдауға арналған ха­лық­­аралық қозғалысын, сон­дай-ақ «Қазақстан волон­тер­­­лері Альянсы» ЗТБ жас­тар ұйымын, 2019 жылы «Қа­зақ­стан әйелдерінің аграр­лық одағы» ЗТБ және «Қазақ­стан­ның экологиялық ұйым­да­­ры қауымдастығы» ЗТБ құруға атсалысты. Сол секілді ЭКСПО – 2017  көрмесін дайын­­дауға және өткізуге үлес қостық. Әдетте, дәстүрлі емес инсти­туционалдық жобаларды әзір­лейміз. Атап айтқанда, Online-Expo-2017 жасыл иннова­циялардың виртуалды респуб­ликалық конкур­сын, эколо­гиялық достық бизнес кон­­­курсын, жасыл тех­но­ло­гия­­лардың демонс­трациялық білім беру орталық­та­рын ұйым­дас­тырдық. Бірлестік – эко­логиялық проблемаларды ше­шу­дің жаңа жолдарын іздей­тін әлеуметтік авангардқа айналды. Биыл ақпан айында коалиция «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын қолдауға меморандум дайындап, оған үкіметтік емес ұйымдар, он шақты «жасыл» компания, ауылды жерлердің белсенділері жұмылдырылды. Оның мазмұнында ауылды жерлерде жасыл экономи­каны іске асырудың 10 қағидасы мен міндеті қарастырылған. Нақты айтсақ, органикалық егіншілікке, климаты оңтайландырылған ауыл шаруашылығына көшу, экожүйелік қызмет көрсету экономикасын дамыту, фермер­лер­ді, кәсіпкерлерді, жастар мен әйелдерді жаппай оқыту қам­тиды.

 

Жеткілікті қаражат бөлінбейді

– Елімізде жасыл экономиканы дамыту үшін қандай іс-шаралар қажет жəне осы саладағы негізгі проблемаларды атасаңыз?

– Бұл салада жұмыс істейтін ұйымдарға мемлекеттен қаражат бөлінбейді. Елімізде жасыл қаржыландыру институты әлі дамымаған. Сұраныс нақты жобаларға байланысты туады. Қазақстанда жасыл технологияны меңгерген мамандар өте аз. Жасыл технологиялар орталықтар желісін кеңейтіп, қолдау үшін әкімшілік көмек қажет. Осы ретте оқыту курсын ұйымдастыруда халықты жұмыспен қамту орталығымен, сол секілді тәжірибе алмасу мақсатында бейінді жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатқан артық болмайды. Алайда бірінші кезекте жаңа жасыл кәсіптерді сертификаттау және әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие жасыл технологияларды игеру үшін жоғары оқу орындарының, тех­­никумдардың, сондай-ақ колледждердің бағдарламаларын жа­ңарту керек.

– Қаржыландыру мәселе­сі­не тоқталсақ, жобаларды жү­зе­ге асыру үшін қаражатты қайдан аласыздар?

– Мемлекеттік тапсырыс­тар­дың, үкімет гранттарының болмауы жұмысқа біраз қиындық келтіреді. Ұйым жұмысы демеу­шілер мен донорлардың тапсырыстарына тікелей байланысты жүргізіледі.

 

Краутфандингке ерекше назар қажет

– Бұл салада нақты қандай бағыт­тар драйвер бола алады?

– Бірінші орынға жасыл банкинг пен краутфандингті (интернет арқылы жобаларға қаражат жинау), электронды витриналар және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде жасыл тауарлар мен қызметтердің виртуалды көрмесін дамытуды қояр едім. Қазақстанда краутфандингтің заңнамалық базасы әлі құрылмаған. Сондай-ақ бізде супермаркеттердегі жасыл тауарлар дүкендерінің немесе тиісті бөлімдердің желісі дамымай отыр. Біздің бөлшек сау­да тауарларының ассортименті өте нашар. Дүкендерде ең болмағанда жасыл тауарлардың үлгілерін қоюға және оны тұтынушылардың тапсырысымен әкелуге болады. Мысалы, электр велосипед немесе электр роликтері әлемде кеңінен танымал. Бұл қатарға сапалы өсімдіктерді, суперфудтардың тұқымдарын, спирулиннен, сорадан жасалған емдік тамақ өнімдерін және консервіленген түйе сүтін жатқызуға болады. Тұрмыстық мақсаттағы жасыл тауарлар мыңдап саналады. Бұл үшін жыл сайын көрме-сатылымдар ұйымдастырып, жоғары оқу орындарында жасыл тауар маркетологтарын дайындау қажет.

ЭКСПО-2017 көрмесінің зияткерлік мұрасы нашар насихатталып, өндіріске енгізілмей қалды. Елбасы көрмеден кейін шенеуніктерді «ұйықтағаны» үшін сынға алып, қатысқан мемлекеттер ұсынған технологияларды зерттеп, енгізуді тапсырған еді. Қазақстанда жаңғырмалы энергия көздері мен энергия тиімділігін арттыру бойынша экспортқа шығаруға татитын әлемдік деңгейдегі жобалар бар.

«Астана» халықаралық қар­жы орталығы мемлекет-жеке­мен­шік әріптестігі аясында жасыл экономика және экожүйелік қызметтерді арттыру үшін жаңа қаржы құралдарын дамытуы тиіс.

Индустрияландырудың үшін­­ші бесжылдығында табиғи ре­сурстарды ұтымды пайдала­ну қарастырылмақ. Оған заң­на­малық қолдау қажет екені шүбәсіз. Бұған қоса жасыл тех­нологияларға инвестиция тарту үшін бизнесті ынталанды­ру, экологиялық кодексті жетіл­діру міндеті қойылды. Жасыл экономиканың дамуын ба­ғалау үшін интегралды инди­каторды – «жасыл» ішкі жалпы өнімді қолданар едім. Яғни, экономикалық әлеуеті жоға­ры барлық «жасыл» сала­лар­дың жалпы айналымы қажет. Мәселен, Қазақстандағы кір­ме­лік туризмінің айналымын 6-7 млрд долларға бағалауға болады.

Жасыл экономиканың бар­­лық салаларының ішінен бі­рін­ші орынға энергия, биогаз және қайта өңделген өнім алуға мүмкіндік беретін қал­дық­тарды өңдеу секторын таңдауға болады. Қатты тұр­мыс­­тық қалдықтарды бөліп жи­нау­ға, қала шегінде көміртегі қалдықтарын пиролизді және жоғары температуралы газ генераторлы пештермен жоюға, қоқыс газын ала отырып полигондарды рекультивациялауға көшу қажет. Қазақстанда осы­ған ұқсас бірнеше пеш бар. Онда көміртегі қалдықтары (полимер, резеңке, пластикалық ыдыс, маталар және т.б.) құбыр­лар­да шөгінділері түзілмей, диоксинсіз ыдырайды. Әсіресе 1800 градустан жоғары температурада.

 

Әңгімелескен

Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»