Руханият • 10 Қазан, 2019

Нияз би кесенесі

1941 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұшқан құстың қанатын, жүгірген аңның тұяғын тоздыратын сайын Сарыарқаның кенезесін кептірмей, шөліркеген далаға нәр беріп ағатын Есіл мен Нұра өзендерінің арасындағы жалпақ жонда сонадайдан көрінетін жалғыз биік Тайтөбе шығар-ау.

Нияз би кесенесі

Нұра өзені піл сауырындай­ Тайтөбені оң жағымен қап­тал­дай айналып өтеді де, көз ұшын­дағы Қорғалжын қопасына тіке тар­тады. Егер осы биіктен қара­ғанда алақандай болып көрі­нетін алаңқайға зер салсаңыз, Тай­төбенің жанамалап өтетін өзенге бір жағынан кіріккен түбектей болып көрінетіні бар. Осы­лайша Тайтөбе тек батысынан, нақтырақ айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласы жағынан ғана жол түсетін табиғаттың өзі ғажайып шеберлігімен орналастырған табиғи бекініс сипатына­ енеді. Есте жоқ ескі кезеңнің дәстүріне зер салсаңыз, орта ғасырлық қоныстардың бар­лығы тұтқиыл шабуылдардан қорғану үшін осын­дай ұтымды жерлерге орналас­қан.

Бір ғажабы, еңсесі онша биік емес Тайтөбенің ұшар басына шық­саңыз, жанарың жетер жердің бәрі алақанға салғандай анық көрініп тұрады. Жалпақ жон­ның киесіндей болып тұрған ең биігінде Нияз би кесенесі бар. Нияз би кім болып еді деген сауал да туындауы мүмкін. Айта кетелік, Нияз Тілеуліұлы он же­тінші ғасырда ғұмыр сүрген Алаш­тың абзал ұлдарының бірі. Табиғат сыйлаған тамаша та­ланты, тапқырлығы мен зерек­тігінің арқасында Абылай хан­ның бас билерінің бірі болып оң жағынан орын тиген. Арғы тегі Ұзын қыпшақтың алпыс тармағынан тарайды де­седі. Қара қылды қақ жарған әділдігіне тәнті болған Абылай хан Нияз бидің бойындағы кісілік қасиетін айрықша сыйлаған. Сол әділдігінің арқасында ел ішінде қиянатқа жол бермей, та­тулық пен тұтастықты сақтай білген. Билік айтқанда, даула­сушы екі жақ та билігіне разы болған. Өмірінің басым бөлігін Қа­раөткел мен Көкше­тау төңірегінде өткізген. Жастық шағында осы өңірлердегі от ауызды, орақ тілді билердің жанында көп болып, тәлім-тәрбиесін алған. Ат жалын тартып мінген соң Есіл, Нұра жағасын жайла­ған көдедей қалың елді аралап, Атбасар, Қараөткел атырабын жайлаған жалпақ жұртқа билік айтқан.

Елдің игі жақсылары жиналған мәжіліс­терде елдік пен ерлікті, бірлік пен бәтуаны отты сөзіне өзек еткен. Адам бойындағы кісіліктің, адамгершіліктің тіні үзілмеуі керектігін уағыздаған. Ел ішінде Нияз би айтты деген аталы сөздің жұқанасы әлі де кездеседі.

Бидің бар ғұмырын бажайлап зерттеуші­лер қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының бір кезде Ақмола атануының төркінін де Нияз би қабірінің басына ор­натылған ақ моламен байланыс­тырады. Заманында Нияз, Кен­же­тай билердің нұсқауымен қалың қыпшақ Торғай өзенінің алқабындағы қазіргі қоныстарына 18 ғасырдың соңында келіп мекен­десе керек. Нияз биден Айдар­лы, Байдалы, Жақсылық, Айдар­бек, Байғозы ұрпақтары тарайды.

Бидің әкесі Тілеулі жасанған жауға қол бас­­­тап аттанған атақ­ты батыр. Тоқсан екі бау­лы қып­шақ жұртының құрама қо­лын бас­қарған. Аңырақай, Қал­мақ­қырылған, Қа­лақұм тәрізді қиян-кескі шайқастарда өлмес-өшпес, ғажайып ерлік көрсеткен Абы­лай ханның жеңімпаз батыры болыпты.­

Нияз би тәрізді ұлы билердің қазақ халқы үшін сіңірген ең­бектері, игілік­ті істері кейінгі ұр­па­ғына өміршең өне­ге. Сондықтан да, бар мұраты ел мерейімен байланысып жатқан аталардың көкірегіндегі аяулы арманның ұшқынын кейінгі ұрпақ бойына дарыта жүрсе, әсте артық болмайды.

 

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы