Макка Асхабова «Күміс алқа» иегері болғандықтан алты баланы тәрбиелеу қаншалықты қиын екенін жақсы біледі. Алайда, ол мемлекеттен ақша талап ететін және жұмыс істегісі келмейтін патерналистік пиғылға қарсы.
«Көп балалы аналардың наразылықтарын және олар қатысатын митингілерді қолдамаймын. Менің ойымша, әрбір әйел өзіне шектеу қоймастан жұмыс істеуі, өзін-өзі дамытумен және болашаққа жоспар құрумен айналысуы керек. «Күміс алқаға» ие болып отырған соң қыздарыма лайықты үлгі болуға тырысамын. Әйелдер қауымына митингілер мен наразылықтар арқылы ештеңеге қол жеткізе алмайтынын айтқым келеді. Өзіңізді жинақтап, мақсатқа жету ешқашан кеш емес», дейді көп балалы ана.
Оның айтуынша, отағасы – комбайн жүргізушісі, өзі үй шаруасында. Ол өзінің барлық бос уақытын балаларын тәрбиелеуге жұмсайды. Бүгінде мемлекет тарапынан қабылданған көптеген бағдарламалардың нәтижесінде үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болатынына сенімі кәміл.
«Күйеуіміз екеуміз ірі қара мал өсірумен айналысамыз. 2016 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 3 млн теңге көлемінде несие алған едік. Бүгінде оны толығымен өтедік, сарай салдық, қазір ауылда жеке бизнеспен айналысудамыз. 8 сауын сиырдан күніне 25-30 литр сүт аламын. Айына орташа есеппен 600 литр сүт өткіземін», дейді Макка Асхабова.
«Атаулы әлеуметтік көмек көп балалы отбасыларға өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Көмек алушылардың көбі мемлекет есебінен қысқа мерзімді қайта даярлау курстарынан өтуде. Өңірдің 703 тұрғынының жұмысқа орналасуына көмектестік. Сондай-ақ кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға және жеке бизнес ашуға, жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға жәрдемдесеміз. Ағымдағы жылы 37 көп балалы ана жаңа бизнес-идеяларға 505 мың теңге көлемінде өтеусіз грант алды. Атаулы әлеуметтік көмек көп балалы отбасылар үшін үлкен тірек», деді Ақмола облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Дина Ахметжанова.
Оның айтуынша, аталған көп балалы отбасы ағымдағы жылдың маусым айынан бастап шартты ақшалай көмек алушылар қатарына енді. Оларға ай сайын 152 927 теңге көлемінде жалпы сомасы 1 млн 835 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.
Жуырда Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстанда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отырған АӘК көрсетудің жаңа тетіктерін таныстырғанын еске сала кетейік.
«Ең басты қағида – мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсіресе балалар мен көп балалы отбасыларға көмектеседі. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Мемлекеттік көмекке – көп балалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакеті кіреді», деген-ді Біржан Нұрымбетов.
Министрдің айтуынша, көп балалы отбасыларға қолдау көрсету республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар енгізу арқылы қамтамасыз етілетін болады. Бұл мемлекеттік жәрдемақы барлық көп балалы отбасыларға (4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар) табысына қарамастан төленеді.
Яғни АӘК табысы аз отбасыларға, соның ішінде көп балалы отбасыларға төленетін болады. Ең аз күнкөріс деңгейінің 70%-ын тағайындаудың шекті өлшемі қалады. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады
Аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті енгізу ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтелетін болады. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілмек.
Ағымдағы жылдың тоғыз айында АӘК 417 мың отбасына немесе 2,1 млн адамға тағайындалды. АӘК орташа мөлшері бір адамға 2,5 есе, 6848 теңгеден 16 446 теңгеге дейін өсті. Орташа есеппен отбасына 90 мың теңге шығады, айына ең көп тағайындалған сома – 455 мың теңге. Биыл АӘК-ке 206,2 млрд теңге көзделген, оның 146,4 млрд теңгесі төленді.
Дайындаған
Думан АНАШ,
«Egemen Qazaqstan»