Бүгінгі ғұлама ғалым, зерделі зерттеуші,нарықтық экономиканың тылсымына терең бойлап, қараңғыда жол, қапияда сөз тауып, соныдан түрен салған Аманжол Қошанұлы Қошановтың өнегелі өмір-дастаны балалық пен даналықты жалғайтын алтын арқау іспетті.
Солтүстік Қазақстанның бір қиырындағы шұрайлы өңір, айналасын жасыл орман көмкерген Алқаағаш ауылында бір мың тоғыз жүз отыз төртінші жылдың қоңыр күзінде сол атырапқа сыйлы Жантілеу ақсақалдың отбасында балпанақтай ұл туып, әкесі Қошан ырым етіп оған «Аманжол» деп ат қояды. Өйткені ол кезең қазақ халқы үшін өте ауыр шақ еді. Зымияндықпен, көпе-көрінеу қолдан жасалған аштықтан қалың қазақ есеңгіреп, қара бұлт сейілмей тұрған алмағайып заманда алаш жұртын аман алып шығатын сара жол қажет еді. Ел қамын ойлаған зиялылардың жанқиярлық ерен еңбегінің нәтижесінде тұрмыс бірте-бірте қалпына келіп, өмірге қан жүгіре бастайды. Жиырма бір жасында халықтың қалауымен болыс болып сайланып, билік тізгінін ұстаған албырт та қажырлы Қошан ауылдастарын ажал аузынан аман алып қалу жолында көп күш-қайрат жұмсайды, аянбай тер төгеді. Ерен еңбегі жанып, жергілікті халықтың әл-ауқаты жылдан-жылға жақсара берді.
Алла қалаған кісісін өз нұрына бөлейді. Жүрегі таза, жаны ізгі іскер әкенің өнегесін көріп есейген Аманжол өмірдің мәні адал еңбекте екенін жастайынан бойына сіңірді. Жеті жасында Марьевка мектебінің табалдырығын аттағанда орыс балаларының арасында арпа ішінде бір бидайдай жалғыз қазақ баласы болды. Намысқа тырысты. Үздік оқыды. Жарғақ құлағы жастыққа тимей талпынудың арқасында орыс орта мектебін алтын медальмен бітіріп шықты. Жазғы демалыстарда туған ауылына келіп, отбасына қолғабыс беріп, ұрымтал сәттерде Өсіп, Темірбай сынды көнекөз, ділмәр қариялардың нақыл сөздеріне ден қойып, құйма құлақ болып ер жетті. Сөйтіп қаймана қазақтың далалық қасиеттері мен даналық өсиеттерін, әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін тал бойына дарытуға машықтанды. Теріскейдің дауылы мен жауынына, селі мен сеңіне, қысқы үскірік аязы мен жазғы шіліңгір аптап ыстығына төзе білді, шынығып, шыңдалды. Осының бәрі тат баспаған саф алтындай сом тұлғаға айналуына септігін тигізді.
Кейін әркімнің қиялынан орын алған Мәскеудегі М.В.Ломоносов атындағы мемлекеттік университеттің экономика факультетіне оқуға түсіп, бес жыл бойы білім нәрімен сусындағанда туған топырақтағы, алыс Алқаағаштағы өз ұясындағы тәлім-тәрбиенің, қазыналы қариялар кемеңгерлігінің пайдасын көп көрді. Нәтижесінде ұлттың ұлағаты, елдің мерейі табиғатынан дарыған білікті де білгір азамат санатынан ойып орын алды.
Жұрттан жұрт, ұлттан ұлт озуға талаптанған қауырт заманда жас талант Аманжол Қошанов өмірден өз орнын таба білді. Иә, игілікті іс иесіне адаспайтын жол сілтеді. Шынында да, асықтың алшы түсуі иірушісіне байланысты деп осындайда айтылса керек.
Аманжол Қошанов жоғары білімді місе тұтып, тоқтап қалған жоқ. Ол алтын шыққан жерді белден қазды.Әуелі танымал экономист Ғ.Ш.Шолановтың жетекшілігімен «Кеңейтілген өндіріс қарқындары және Қазақстан өнеркәсібінің салалық құрылымының дамуы (1928-1965 жылдар)» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Ол ғылымға араласқан алғашқы жылдардың өзінде-ақ теорияны өзекті практикалық мәселелермен тығыз ұштастыруға бірден бет бұрды. Ғылыми ізденістердің халық шаруашылығына неғұрлым пайда келтіруі жағына көп көңіл бөлді.
Аманжол Қошанұлының «Қазақстанның индустриялды дамуының заңдылықтары мен мәселелері» тақырыбындағы докторлық диссертациясы экономикалық ғылым саласындағы соны жаңалық ретінде бағаланды. Ұзақ жылдар бойы көз майын тауысып шұғылданған ғылыми еңбегі игі жемісін берді. «Кемелденген социализм кезеңіндегі Қазақстанның индустриялы дамуы» атты монографиясы үшін ғалым қоғамдық ғылымдар бойынша Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері атанды.
Академик А.Қошанов ғылымдағы ерекше жетістіктері үшін, Қазақстан экономикасын түбегейлі нарық негізінде қайта құрудағы еңбегі үшін Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлығының иегері атанды.
А.Қошанов – аса ірі ғалым, экономист ретінде отандық экономикалық ғылымды қайта құруға, нарыққа өтуге ерекше үлес қосып жүрген оқымысты қайраткер. Ал санасы шектеліп, ойы құрықталған кісі нарықтық экономиканың қыр-сырын игере алмаса керек. Бірақ біз кейде қолда бар алтынымызды бағалай алмаймыз, өзіміздің ғұлама білгіріміз бола тұра шетелдік келімсектерге жалтақтаймыз. «Өз жақсыңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген қағиданы жадымыздан шығарып алатын тұстарымыз жиі кездесіп, бармағымызды шайнаудан аса алмай қаламыз.
Әлемдік деңгейдегі ғалым Аманжол Қошанұлын нарықтық экономика саласы бойынша тек Қазақстандағы ғана емес, дүниежүзілік ауқымдағы білгір теоретик екенін жат жұрттың өзі жаппай мойындаған.
Халықаралық Кембридж өмірбаяндық орталығының ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі және халықаралық ғылыми орталармен белсенді байланысы үшін академик А.Қошановты «21 ғасырдың көрнекті зияткері» Құрмет медалімен марапаттауы, ал Америкалық өмірбаяндық институт пен халықаралық зерттеулер департаментінің (Нью-Йорк) ғылымдағы және халықаралық әріптестікте қол жеткізген жетістіктері үшін екі мәрте Жыл адамы (2004 және 2009 жылдар) құрметті атағына лайықты деп тануы осының айқын айғағы болса керек.
Ал бұл құрметті атақтар әлем азаматтарының өз елі мен халқы үшін сіңірген еңбектері мен қосқан сүбелі үлестері үшін тек таңдаулыларға ғана берілетін көрнекті ерекшелік белгілері.
Аманжол Қошанұлы өзіне ұзтаздық еткен, ғылымның даңғыл жолына түсуіне үлгі-өнеге болған алдыңғы буын асқар таудай ағалары – Қаныш Сәтбаевты, Сақтаған Бәйішевті, Түймебай Әшімбаевты, Евней Бөкетовты, Серғали Толыбековты, Салық Зимановты және басқаларын зор қошеметпен еске алады.
Бұл да Әбекеңнің кісілік дәрежесінің кемелдігінің, ізеттілігінің бір парасы. Барды бағалай білу де үлкен өнер. Көзіне нұр, көңіліне сыр ұялаған Әбекеңдей пәк жандар ғана жақсылықты әсте ұмытпайды.
Және де жақсы адам жанашыр келеді. Аманжол Қошанұлы – экономика ғылымдарының 17 докторын және 60-тан аса кандидатын даярлаған ұлағатты ұстаз. Осы орайда кемеңгер жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың «Ұстаз ұстаз емес – өз шәкіртін аяламаса, шәкірт шәкірт емес – өз ұстазын бағаламаса» деген терең мағыналы тұжырымы ойға оралады.
Әбекең көркем мінезімен, сыпайы жүріс-тұрысымен, әдеп-инабатымен әріптестерімен жалпы көпшілік ортасында өте сыйлы. Біздің арамызда да сыйластықтың жібек жібі 70-80 жыл бойы жалғасып келеді.
Академик, қазақ ғылымының шебер ұйымдастырушысы, әр кездері Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, Бас Ғылыми хатшысы, Ұлттық ғылым академиясының Төралқа мүшесі, қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы, Экономика институтының директоры қызметтерін абыроймен атқарған, Солтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласының Құрметті азаматы Аманжол Қошанұлы Қошановты 85 жасқа толған мерейтойымен көңілмен құттықтап, бақ-береке тілейміз.
Хамит БІРЖАНОВ,
«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері