Парламент • 11 Қазан, 2019

Тұрғын үй шаруашылығынан шашау шықпауы тиіс

198 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен палатаның кезекті жалпы отырысында негізінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жан-жақты талқыланды.

Тұрғын үй шаруашылығынан шашау шықпауы тиіс

ПИК қызметінің ашықтығы артады

Алқалы жиынның күн тәртібінде алдымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл құжаттың жай-жапсарымен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаев таныстырды. Оның айтуынша, заң жобасы аталған саладағы мәселелерді шешуге, заңнаманы жетілдіруге бағытталған.

– Заң жобасында, біріншіден, «Бір үй – бір бірлестік – бір шот» қағидасы бойынша жаңадан «мүлік иелерінің бірлестігі» коммерциялық емес ұйымын құру арқылы басқару органдарының қызметін реттеу қарастырылды. Ұсынылған прин­цип – әр үйді басқарудың жеке тәсілі. Мүлік иелерінің әрбір бірлестігі өздері­нің ағымдағы және жинақ шоттарын ашады. Аталған шара пәтер иелері коопе­ративтері және басқарушы компания­лар тарапынан қызметтер мен тарифтерді тұр­ғындарға күштеп таңуды жоюға ық­пал етеді және қаржыларының ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ тұрғындарға басқару тәсілін, яғни өздерінің басқару органдарын немесе басқарушы компанияларды таңдау құқы­ғын жасауға мүмкіндік береді. Бас­қа­рушы компаниялар келісімшарт негізінде тартылады, – деді министрлік өкілі.

Бұған қоса заң жобасында кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізудің жаңа тетігін енгізу ескерілген. Бұл тұрғындарға қаражаттың түсуін және мақсатты жұмсалуын бақылау ар­қылы өздерінің үйіне ғана күрделі жөн­деуге қаражат жинауға мүмкіндік бере­ді. Күрделі жөндеу жүргізуге қара­жат жинақтау және жеңілдетілген қарыз алу механизмі әзірленді. Бұл схе­маға жергілікті атқарушы органдар да қатысады. Олар басқару органының өтініші бойынша күрделі жөндеу жүргізу қажеттілігі туралы шешім қабылдайды, жобалық-сметалық құжаттаманы әзір­леуді ұйымдастырады, техникалық тексеру және энергия аудитін жүргізеді.

Бұл құжатта басқару органдары қыз­метінің ашықтығын арттыруға, тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифр­ландыруға бағытталған нормалар ұсы­нылады.

Сонымен қатар тұрғын үй құрылыс кооперативтерін жетілдіру жағы да назардан тыс қалған жоқ. Кооператив тек бір ғана көп пәтерлі тұрғын үй үшін құрылады. Оның мүшелерінің саны пәтерлердің санынан аспауы тиіс.

Бағдарламаны іске асыруды ілгерілетеді

Жалпы отырыста «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актіле­ріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды. Бұл заң жобасы Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемле­кет­тік бағдарламасын іске асыруды ілгерілетуді және мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруды көздейді. Онда 13 кодекс пен 29 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылды. Бұл туралы Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Дүйсенғазы Мусин кеңінен айтып берді.

– Ұсынылған өзгерістер мен то­лықтырулар ауыл шаруашылығын қар­жыландырудың қолжетімділігі, фито­са­нитарлық және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ветерина­рия мен аграрлық ғылымды дамыту, әкімшілік кедергілерді жою, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтау және дамыту жөніндегі жаңа нормаларды енгізуді алға тартады. Орман және су шаруашылығын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту бойынша өзгерістер, сондай-ақ Қазақстан заңнамасын ЕАЭО нормативтік-құ­қықтық актілеріне сәйкес келтіруге бағыт­талған өзгерістер қарастырылған. Агро­өнеркәсіптік кешенде ерікті сақтан­дыруға көшу, жер ресурстарын, әсіресе ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану, ауыл шаруашылығы саласындағы кадр даярлау жүйесін жетілдіру ұсынылған. Заң жобасында көзделіп отырған өзгерістер заңнамалық базаны жетілдіре отырып, еңбек өнімділігін еселеуге, сондай-ақ өңделген өнім экспортын ұлғайту ар­қылы агроөнеркәсіп саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қолайлы мүм­кіндіктер қалыптастыру күтілуде, – деді Д.Мусин.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында браконьерлікке қарсы шұғыл іс-шараларды қабылдауды тапсыр­ған еді. Осы мәселе аталған заң жоба­сында ескерілді. Яғни, құ­жатта жа­нуарлар мен өсімдіктер әлемі сала­сындағы браконьерлік мә­се­ле­лері бо­йынша әкімшілік және қылмыс­тық заңнамалардың нормалары қатаңдатылды.

Ғұлама мұрасын зерттейтін ғылыми орталық керек

Агроөнеркәсіптік кешенді реттеуге қатысты күн тәртібінде талқыланған заң жобасына қоса, бірқатар сенатор өздерінің депутаттық сауалдарына ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерін арқау етті. Айталық, Рашит Әкімов Премьер-Министрге бағытталған сауа­лында ауыл шаруашылығын толық қаржыландырмау мәселесін көтерсе, Ерік Сұлтанов ауылдық жерлерді тиімді дамыту және экономикалық тұрғыдан келешегі бар ауылдарда ресурстарды шоғырландыруға мүмкіндік беретін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жетілдіруді сұрады. Ал Әли Бектаев шетелге мал сатуға наразылық білдірді.

Сонымен қатар Үкімет басшысына жолданған сауалдардың бірінде Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы қарсаңында шешімін таппаған маңызды мәселелер айтылды. Бұл туралы сенатор Әлімжан Құртаев сөз қозғады. Оның айтуынша, Дамаск қаласындағы Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың мавзолейінің құрылысы аяқталған. Алайда қазіргі уақытта мавзолей Қазақстанның да, Сирияның да қарауында емес. Әл-Фараби бабамыздың мавзолейі ресми түрде заңды шешімін тауып, пайдалануға берілуі керек. Бұған қоса депутат әл-Фарабидің Иранда, Түркияда, Сирияда және Еуропа елдерінде жатқан әлі беймәлім барлық еңбектерін жинастырып, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне аударып, толық шығармалар жинағын шығаруды, мемлекет есебінен ғұламаның мұрасын терең зерттейтін ғылыми орталық ашуды, Ұлы ойшылдың туған жері Отырар-Түркістан өңірінде әл-Фараби мирасын жаңғырту бойынша кешенді іс-шараларды қолға алуды ұсынды. Сондай-ақ Әбу Насыр әл-Фараби мұраларын насихаттау аясында көркем және деректі фильмдер түсіру, оның еңбектерін оқу бағдарламаларына енгізу мәселелері көтерілді.

Сенатор Нұртөре Жүсіп Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапар­баевқа бағыттаған сауалында медицина қызметкерлерін даярлау саласындағы мәселелерге алаңдаушылық білдірді.

– Жыл сайын медицина саласына жоғары оқу орындарын бітірген жүздеген жас маман келеді. Солардың көбісінің қажетті білімі мен дағдысы, дәрігерлік машығы нашар. Олардың көбісі дербес жұмыс істеуге әзір болмай шығады. Операция столында бір сәт тұрып көрмеген, озық техникамен жұмыс істеуді білмейтін тәжірибесіз маманнан не күтуге болады? Тіпті иненің өзін дұрыс шанши алмайтындар кездеседі. Себепсіз салдар болмайды. Тиісті салаға маманданбаған жоғары оқу орындарында дәрігерлерді даярлау ісіне жол беріп отырмыз. Елдегі бірқатар педагогикалық, жекеменшік университеттер дәрігер кадр­ларын оқытуға көшті. Басқа салада эксперимент жасауға болатын шығар, бірақ дәл медицина саласында мұндай эксперимент жасауға болмайды. Дәрігерлерді тек қана осы салаға бағдарланған, терең тарихы мен заманауи мүмкіндігі зор, бұрыннан қалыптасқан  университеттерде ғана оқыту қажет деп есептеймін, – деді Н.Жүсіп.

Жалпы жиында он депутат Үкімет мүшелеріне өздерінің депутаттық сауалдарын жария түрде жолдады.