Қоғам • 11 Қазан, 2019

Теңгенің төмендеуі – мұнайдың арзандауына әзірлік

197 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сәрсенбі күні Қазақстан қор биржасы таңғы сессиясында доллардың теңгеге шаққандағы бағамы көтеріліп, 390,02 теңгеге жетті. Бейсенбі күні ұлттық валютаның девальвациясы күшейе түсіп, күндізгі сессияда 1 АҚШ долларының құны 390,13 теңгеге жетті. Бұл тарихи антирекорд.

Теңгенің төмендеуі –  мұнайдың арзандауына әзірлік

Мұнай бағасының динамикасына қарап теңгенің ертеңін болжауға тырысатын біз үшін бұл тосын жаңалық болды. Өйткені осы аптада «қара алтын» анау айтқандай арзандай қоймаған еді. 9 қазаннан 10 қазанға қараған түні баға бар болғаны шамамен 58,80 доллардан 58,20 долларға төмендеген. 60 центке бола тең­ге бағамының күрт әлсіреуі, әрине, қалыпты нәрсе емес. Оның үстіне өткен аптада «қара алтын» тіпті 58 доллардан арзанға да саудаланған болатын. Ұлттық валютаның тарихи антирекордты «бағындырған» бастапқыда түсініксіз болғанымен, кейін себебі анықталды. Мұнай бағасы келер жылы арзандайды деген болжам шыққан екен. Мұның алдында сарапшылар қара алтын бағасын 2020 жылы 65-70 доллар шамасында болады деп жорамалдаған-ды.

Financial Times басылымының мәліметінше, негізгі мұнай саудалаушылар келер жылы мұнайдың арзандауына дайындалып жатыр екен. Оның себебі – нарықта ұсы­ныстың артып, сұраныстың азайғаны. Басылымның хабарлауынша, алдағы 12 айда «қара алтын» құны 60 доллардан әрі аттамайды.

Бірер күн бұрын Лондонда өткен мұнай нарығының таяу бо­лашақтағы жағдайы туралы бас­пасөз конференциясында әлем­дегі ең ірі үш мұнай сатушы ком­панияның басшылығы нарыққа бол­жам жасады. «АҚШ пен Қытай ара­сындағы сауда соғысы өршіп ба­рады. Бұл нарықтағы сұра­нысты азайтады. Тиісінше мұнай профициті қалыптасып, бағаны төмен тартып отырады», деді. Мұнай сатушы ірі компаниялардың бірі Vitol-дың бас директоры Рассел Харди. Ал Тrafigura компаниясының басшысы Джеффри Уэйрдің айтуынша, 2021 жылға дейін мұнайдың қымбаттауын күтпей-ақ қоюға бо­лады. Gunvor ком­паниясының өкіл­дері де алдыңғы екі компания­ның пікіріне қосы­лады. Айта кетер­лігі, бұл үш компания әлем­де­гі мұнай саудасының 15 пайызына ие.

АҚШ Энергетика министрлігі де келер жылы мұнайдың қым­баттамайтынына сенімді. Тіпті аздап арзандауы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Оның себебі де түсінікті. Өйт­кені АҚШ үкіметі қазір елдің шығыс жағалауына қарай мұнай құбырын салып жатыр. Келер жылы құрылыс аяқталса, елдің мұнай экспорты айтарлықтай артады деген сөз. Егер АҚШ-тың экспорты ұлғайса, бұл мұнай нарығына тікелей әсер етпек. АҚШ Энергетика министрлігінің болжамынша, 2020 жылдың басында мұнайдың орташа құны 57 доллар болады.

Ресейдің Энергетика министрі де «қара алтынның» қымбаттайды деп үміттенбейтінін ашық айтты. Оның сөзіне қарағанда, тіпті, мұнайдың «әділ» бағасы қазір 50 доллар болуы керек.

Нарықтағы пессимизм бірер күн бұрынғы мұнай бағасының сәл түскеніне тікелей алғышарт болғаны анық. Нарықтағы бағаны тауардың өзіндік құны, сұраныс пен ұсыныстан бұрын сол саладағы жаңалықтар бекітетіні белгілі. Осы орайда, мұнай бағасы келер жылы ойдағыдай болмай қалса, кезекті рет күрт девальвация жасамау үшін Ұлттық банк қазірден бастап теңгені біртіндеп «босатып» жатқан секілді.

Осылайша, мұнай бағасы апта басынан бергі төрт күнде 58,25 доллардан бейсенбіге дейін 58,50 долларға дейін сәл де болса қымбаттағанда дол­лардың теңгеге шақ­қан­дағы бағамы 389,13 теңгеден тура­ бір теңгеге қым­­баттап, 390,13 теңгеге жетті.