«Қазақ даласындағы тұңғыш дыбыстық «Амангелді» фильмінің сценарийін жазып, сол көркем туындының түсірілімін енді аяқтап келген Би-аға «үштіктің» құрығына ілініп, қамауға алынғаны аян. Тергеу өкілдері де Би-ағаның шыққан тегінен ештеңе таба алмады – бай тұқымынан емес. Қызмет бабында да кілтипан жоқ – ол мансап қуған жан емес. Тек бір ғана сылтау – шығармаларында жарлы-жақыбайлар өмірін суреттегені. Шолақ белсенділердің ойынша кедейлер тағдырын дәріптеуге болмайды – келешек кеңестік жастардың санасына кері әсерін тигізеді. Майлиннің 58 - баппен ату жазасына кесілуіндегі негізгі айып та – осы. Мұндай сұмдықты Би-аға ғана емес, оның қанша замандастары бастан кешіп, құрбан болды. Бұл халқымыздың қанша айтса да ескірмейтін жан жарасы» дейді Абылай Маудан.
Спектакльде Бейімбет ролін Нұрлан Байшин, Күнжамалды Қымбат Әуезханова сомдады. Бала Бейімбет бейнесін кішкентай Әлижан Бек бере алды. Шара Мүсілова, Мейрам Жапаров, Ажар Шәкіржанова, Бақытжан Таңатқанұлы, Олжас Бегайдаров, Нұрлыбек Кенжеахметов, Төленді Әлғожин, Ерхан Барақов, Диана Тұрсынова, Ғабит Қызыровтар өздеріне жүктелген рөлдерді шеберлікпен алып шыққан.
«Биылғы театр маусымы ерекше жағдайда ашылып отыр. Биыл І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры өзінің 20-шы маусымын ашып отыр. Ол Әлия Баймахан қойған «Қаламгер» спектаклімен ашылды. Бұл да кездейсоқ емес. Биыл қазақ прозасының басында тұрғандардың бірі Бейімбет Майлиннің туғанын 125 жыл толды» деді облыстық мәдениет басқармасының бастығы Ерлан Қалмақ.
Жаңа шығарма театр репертуарынан орын алатын болады.
Қостанай