Осы сапарда Б.Сапарбаев пен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңір жұртшылығымен кездесті. Вице-премьер өз сөзінде ел Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы қойылған міндеттерді шешуге бағытталған шаралар туралы баяндады. Онда айтылғандай, негізгі мақсаттардың бірі – отандастарымыздың өмір сүру деңгейін көтеру. Жыл сайын әлеуметтік саланы қаржыландыру өсіп келеді. Ағымдағы жылы мемлекет бюджетінің 45%-ы денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен спорт салаларын қаржыландыруға жұмсалды. Тағы бір маңызды міндет – жалақы деңгейін көтеру. Бұл мәселе Үкіметтің жыл сайынғы күн тәртібінен түспей келеді.
«Аз қамтылған, көп балалы отбасыларды қолдау күн тәртібінен түспейді. Осы санаттағы отандастарымызды қолдау үшін бүгінде бюджеттен 147 млрд теңге бөлінген. Бұл бағытта 2 млн адам қамтылды», деді Б.Сапарбаев.
Осындай отбасылардың өз ісін ашып, әлеуметтік жағдайын жақсартуы үшін мемлекет барлық жағдайды жасауда. 8 мыңға жуық адам өз ісін бастап, 7 мың адам атаулы әлеуметтік көмекті жеке шаруашылығын дамытуға жұмсаған. 3,5 мыңға жуық көп балалы отбасы грант алды. Бұл да әлеуметтік жағдайды дұрыстап, қоғамдағы ахуалды ретке келтіруге септігін тигізеді.
Б.Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмек беру туралы айта келіп, қолдау көрсету масылдық пиғылдың өршуіне соқтырмау керектігін де атап өтті. Сонымен қатар дарынды балаларды қолдау картасы мен 2030 жылға дейін жасақталған балалардың мүддесіне арналған мемлекеттік саясат туралы тұжырымдама жөнінде бөлек әңгіме қаузады. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға қаржылық салмақты азайтуға бағытталған біраз шаруа атқарылды. 500 мың отандасымыздың тұтыну несиелері азайтылды.
Азаматтық қоғамды дамыту да өзекті тақырыптардың бірі. Б.Сапарбаев айтып өткендей, қазір екі тұжырымдама әзірленіп жатыр. Олар – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамыту. Бұл құжаттар жылдың соңына дейін дайын болуы керек.
«Мемлекеттік қызметкерлер өз жұртшылығына елеңдеуі керек. Азаматтардың бірде-бір өтініші мен шағымы қараусыз немесе жауапсыз қалмауы тиіс», деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Ол білім беру саласындағы, педагогтардың құқығын қорғау жөніндегі атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті.
«Бізде дарынды балалар өте көп. Олар – елдің болашағы, оларды қолдауымыз керек», деді Б.Сапарбаев.
Премьер-Министрдің орынбасары Атырау облыстық перинаталдық орталығында болып, медицина мекемесінің ұжымымен кездесу өткізді. Б.Сапарбаев Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиевадан және қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысынан өңірдегі сәби өлімінің жоғары болуы себептеріне түсінік беруді өтінді.
«Бала мен ана өлімі мәселесі күн тәртібіндегі қатаң бақылаудағы өзекті мәселе. Жағдай мүлдем ушығып кетті деуге болмас. Тоқсан сайын орталықтың мамандары отандық және шетелдік медицина саласының білікті қызметкерлерінен дәріс алып келеді. Мысалы, биыл шілде айында 13 дәрігер-неонатолог Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық орталықтардың бірінде біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Кәсіби шыңдалу Перинаталдық орталықтың дәрігерлері Литва қаласындағы оқуға барады. Биылдың өзінде орталықтың қондырғылармен жабдықталуы үшін 600 млн теңге бөлінді», деді Мәншүк Аймұрзиева.
Айта кетейік, қаңтар-қазан айлары аралығында Атырау облысында 12 403 бала дүниеге келген, осылайша соңғы екі жылдағы туу көрсеткіші 500 сәбиге көбейген.
Қалыптасқан жағдайды оңтайландыру үшін Бердібек Сапарбаев шұғыл шараларды қолға алуды тапсырды.
Бұдан соң вице-премьер перинаталдық орталықтың қызметкеріне мәлімдеме жасады.
«Сіздер Гиппократ антын бердіңіздер, сондықтан бір минутқа да өз жұмыстарыңызды тастауға, адамдарды емдеуді тоқтатуға болмайды! Өз қызметтеріңізді адал атқаруды өтінеміз. Перинаталдық орталықтағы жағдайды жеке қатаң бақылауға алуды Атырау облысының басшылығына тапсырамын. Оның ішінде медициналық мекемедегі анықталған кемшіліктерді жою керек. Қылмыстық істі тергеу заң талаптарына сай жүргізіледі, жұмыс барысына кедергі келтірмейді», деді ол.
Сонымен қатар вице-премьер орын алған жағдайға байланысты денсаулық сақтау басқармасының және қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшыларын жауапкершілікке тарту мәселесін қарауды тапсырды.
Халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері облыстық аурухананы аралау барысында жалғасты. Мұнда Бердібек Сапарбаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесіне қатысты кеңес өткізді.
Вице-премьердің сөзіне қарағанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізумен қатар, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру да маңызды.
«Елбасы мен Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласы қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын көтеруге қатысты нақты тапсырмалар берді. Бұл жерде басты назарды «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына аудару керек. Өйткені медицина саласы ең алдымен ауылдық жерде ақсап отыр. Жас мамандарға баспана мен жалақыдан бастап, барлық жағдай жасалуы керек», деді Б.Сапарбаев.
Кеңес қорытындысы бойынша Бердібек Сапарбаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге арналған жұмыстарды жеделдете түсіп, тұрғындар мәртебесін нақтылау, оны ақпараттандыру жұмыстарын жалғастыра беруді тапсырды.
Атырауда Б.Сапарбаев «Көрпе Fest» фестиваліне қатысқанын да айта кетейік. Фестивальдың мақсаты – ұлттық өнерді насихаттау, әлемге қолөнердің бәсекеге қабілеттілігін көрсету, қазақстандық қолөнер кәсібін дамыту. Фестиваль аясында көп балалы, аз қамтылған, жұмыссыз әйелдер үшін дәстүрлі қолөнер бойынша үш күндік тегін шеберлік сыныптары өткізілді. Конкурс қорытындысы бойынша 25 үздік қатысушыға тігін машина сыйға тартылды.
«7-8 балалы аналардың ұлттық қолөнердің арқасында өз еңбектерімен табыс тауып отырғанының куәсі болдық, олардың көпшілігі атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж емес. Қолөнер курсынан өткен әйелдер өз істерін ашып жатыр, уақыт өте келе отбасылық бизнеске айналдыруда. Бұл керемет. Бұл үлкен еңбек», деді Премьер-Министрдің орынбасары.