Руханият • 14 Қазан, 2019

Жошы ұлысының жоғалған шаһарлары

1238 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мә­де­ни музей-қорығы ұйымдастырған ха­лық­аралық ғылыми-зерттеу экспедициясы жақында Алтын Орда астана­ларын автокөлікпен аралап шықты. Сарайшықтан бастал­ған сапар бүгінде Ресей Федерациясы аумағында жатқан ортағасырлық көне шаһарлар орнымен жүріп өтті.

Жошы ұлысының жоғалған шаһарлары

«Жошы ұлысы астаналары Сарай­шық – Сарай-Бату – Сарай Берке қалалары ізімен» деп аталған халы­­қ­а­ралық экспедиция жобасының авторы – «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Әбіл­сейіт Мұқтар екен. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алтын Орда­ның 750 жылдығын атап өту тура­лы» бастамасымен үндес келген жобаны Атырау облысы кәсіпкерлік және индус­триялық-инновациялық даму басқар­ма­сы қолдап, бір топ ғалым, өлкетанушы және журналистер 2 мың шақырымға таяу жол жүріп қайтты.

 Сарайшық

Сарайшық туралы бізге жеткен ал­ғаш­­қы жазба деректі қалдырған – араб­тың белгілі географ-ғалымы, саяхатшысы Ибн-Батута. Ол өз саяхаттарының бірін­де 1334 жылы Алтын Орданың бас қа­ласы «Үлкен Сарайдан» (Сарай-Берке) шы­ғып, Сарайшық қаласы арқылы Азияға өткен. Бұл жөнінде: «Біз Сарай қаласынан ат жеккен арбамен он күн жол жүріп, Сарай-жук қаласына жеттік. Бұл Ұлысу деп аталған үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен және дүние жүзіндегі Бағдаттан кейін екінші жүзбелі көпір осында екен» деп жазған.

Сарайшық Алтын Орда ыдырағаннан кейінгі Ноғай ордасының, кейін Қазақ хандығының астанасы болды. 1999 жылы 3 қыркүйекте «Сарайшық» музей-қорығының ашылуына қатысқан Прези­дент Н.Назарбаев: «Бұл қала Қасым ­хан билік құрған тұста Қазақ ханды­ғының астанасы болды. Сарайшық топырағы қасиетті, өйткені иісі бүкіл түркі әлеміне ортақ Алтын Орда хандары – Тоқта, Жәнібек, Бердібек, ноғайлының билеушісі – Оқас, одан бергі Қасым хан сияқты атақты хандарымыз бен батырларымыздың жаны осында мәңгілік жай тапқан жер, оны еліміздің алғашқы пантеоны десек те болады» деген еді.

Биыл Сарайшық музейінің құ­рыл­ға­нына 20 жыл толды. Ал 2018 жылы 4 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкі­метінің №162 қаулысына сәйкес осы­ған дейін Атырау облыстық «Хан Ордалы – Сарайшық» мұражай қоры­ғы республикалық статус алып, «Сарай­шық» мемлекеттік тарихи-мәдени му­зей-қорығы» атанды.

Соңғы өзгеріс ортағасырлық Сарай­шық шаһарының тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жаңа белесі деуге болады. Музей-қорықты соңғы бір жылдан бері басқарып келе жатқан белгілі тарихшы, Қазақ хандығы тарихы бойынша танымал маман, тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұқтар көне қаланы түлетудің кешенді жоспарын жасаған. Жошы ұлысы астаналарының басын қос­қан бүгінгі ғылыми экспедиция да осы жос­пардың бір парасы десе болғандай.

Айта кетейік, бұған дейін Алтын Орда астаналарын бір-бірімен байланыс­ты­ра зерт­теген мұндай экспедиция болмаған екен.

 Астрахань – Лапас – Сарай Бату

Аталарымыз Қажы Тархан атаған Ас­тра­хань қаласы Атыраудан алыс емес. Кедендегі кедергі және ең бас­ты­сы қазақстандық жол бөлігінің өте сапа­сыздығы болмаса, 370 километр деге­ніңіз 3-4 сағатта зыр етіп өте шыға­тын қашықтық қой. Амал не, әзірге таңнан кешке дейінгі уақытты алатын Сандыбадтың сегізінші сапары болып тұр...

Сарай Бату – өз заманында әлемнің кіндігі, Алтын Орданың астанасы болған шулы шаһар. Бүгінде Ресей Федерациясындағы Астрахань облысы аумағында жұрты жатыр.

Атыраудан ала таңмен шыққан делегация көз байлана Астрахань облы­сы Володар ауданы Алтынжар ауылына бас тіреді. Мұнда ұлы күйші Құр­ман­ғазы Сағырбайұлының кесенесі тұр. Қазақстанның батыс өлкесіндегі бірне­ше облыстың күшімен салынған «Құрманғазы» өңірлік мәдени орталығы Ресей жеріндегі қазақы арал десе болған­дай. Алтынжар ауылында түгелге жуық қазақтар тұрады екен. Тіпті Володар ауданы тұрғындарының басым бөлігі де өз қандастарымыз. Орталық басшысы Амангелді Әбілғазиев, орынбасары Светлана Әлібекова қазақстандық делегацияны құрметпен қарсы алды.

Ресейдегі сапар Астрахань облыстық тарихи-өлкетану музейінен басталды. Мұндағы «Көшпенділер алтыны» атты экспозиция музей ғимаратының жертө­ле­сінде орналасқан екен. Қалыңдығы бір қарыс темір есіктер, әскери күзет, әр бұрышта қадалған бейнекамера, «Суретке түсіруге болмайды!» деген қа­таң талап мұндағы жәдігерлердің құн­дылығын еселей түскендей. Қалың әйнек­тің ар жағына қойылған жәдігер саны көп емес, бірақ қайталанбайтын ерекше бағалы заттар екен. Негізінен сақ-сармат заманына тиесілі бұл бұйымдар бізге жақсы таныс. Астрахань музейінен Алтын Орда кезеңіне қатысты толымды дүние көре алмай аттандық.

Сапарымыздың келесі нүктесі – Ла­пас деп аталатын село маңындағы ортаға­сырлық көне қорым болатын. Іздеге­німізді картамен іздеп, мал баққан қойшыдан сұрап, әрең таптық.

Үлкен-үлкен төбелерде ертеректе археологиялық қазба жұмысы жүр­гі­зіл­ге­ні байқалады. Күйдірілген және шикі кірпіш сынықтары, керамика, түрлі-түсті мозайка сынықтары шашылып жатыр. Лапас кесенелер кешені Ресей мемлекетінің қорғауына алынғандығы туралы ескерту белгі ғана бұл жерде тарихы құнды ғимараттар болғанын әйгі­леп тұр.

– Кеңестік тарихшы Б.Л.Егоровтың болжауынша, Берке, Өзбек, Жәнібек және Бердібек хандар осы жерде жерленген. Дегенмен, Қадырғали би «Тоқты мен әз-Жәнібек хан Сарайшықта жерленген» деп нақты көрсеткен. Сондықтан Алтын Орда хандарының қайсысы қай жерде жерленгені туралы ғалымдар әлі толық тұжырым жасаған жоқ. Біздің мақсатымыз – тарихи орынды көзімізбен көріп, өзге де орындармен салыстыру болатын. Әрине көне деректерде бұл жерді «Билеушілер алқабы», «Ақсарай» деп атағаны белгілі. Сондықтан бұл орында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыру күн тәртібінде тұр. Менің білуімше бұл жерде 1950 жылдардың соңында археологиялық қазба жұмысы бол­ған, 5 кесене анықталған, – дейді экспедиция жетекшісі, тарих ғылым­да­ры­ның докторы Әбілсейіт Мұқтар.

– Лапастағы хан кесенелерін біз де біраздан бері зерттеп жүрміз. Бұл – әлемдік маңызы бар ғажайып ескерт­кіш­тер. Зират аумағы өте үлкен, қабір­лер өте көп, магнитті түсірілімдер мұнда көлемді кесене құрылысының қиран­ды­сы жатқанын көрсетіп тұр. Әзірге ғарыштан дистанциялы зондтау әдісімен зерттеп жатырмыз. Үлкен зираттар – әулет қорымы болуы мүмкін. Қай хандар жерленгені нақты белгісіз. Ол жерде әзірге қазба жұмысы жүргізілген жоқ. Менің ойымша бірден музейге айналдырып, қалпына келтірілмесе, қазу қажет те емес. Жай ғылыми қызығушылықпен қабірді қазып тастау дұрыс емес деп есептеймін. Адамзат тарихында орны бар ұлы адамдардың мәңгілік тұрағының тынышын алмау керек қой, – дейді бізге кейін Сарай Бату қаласының орнында кездескен ресейлік белгілі археолог, Марий мемлекеттік университеті археологиялық-этнологиялық орта­лы­ғы­ның басшысы Евгений Пигарев.

Харабали ауданындағы Селитренный ауылы тұсындағы төбе басында жолық­қан Евгений Михайлович бүгінде Са­рай Бату аталып кеткен көне шаһар­дың орнын көп жылдан бері қазып, зерттеп жүрген маман екен. Алтын Орда астанасының тарихы туралы өте қы­зық­ты деректер айтты.

– Бірден айтайын, қазір қолданылып жүрген Сарай Бату, Сарай Берке атаулары ХІХ ғасырда, ХХ ғасырдың басында шыққан, халықтық атау десе де болады. Сіздер келіп тұрған бұл шаһардың ғылымдағы аты – Сарай немесе Сарай әл-Жәдид. Мұның бәрі археологиялық қазба кезінде табылған монеталардың жазбаларымен нақты дәлелденеді. Менің ойымша Жошы ұлысының алғашқы астанасы Сарай әл-Махрус немесе Ақ­са­рай сәл төменіректе. Ол шағындау шаһар болған, – дейді ғалым.

Е.Пигаревтің пікірінше, Сарай әл-Жәдид немесе Жаңа Сарай Өзбек ханның реформасынан кейін дүниеге келген. Мұнда әуелі хан ордасы тұрған, бірте-бірте өсе берген. Бұл жер қазір әлемдегі ең үлкен археологиялық кешеннің бірі, 2061 гектар аумақ мемлекет қорғауында. Қала өзен бойымен 7 шақырымға, жа­зық­қа қарай 2 шақырымға дейін созылып жатыр. Ғарыштан қарағанда үлкен ғимараттар, орталық керуен сарай, көше іздері анық байқалады. Мұнда им­п­орт бұйымдар көп табылады, бұл әлемнің әр тарапымен жалғасқан сау­да байланыстарының белгісі. Өзен жағасына жақын қыш шеберханалары көп кездеседі. Е.Пигарев оны үлкен өн­діріс, алып фабрика болған деп есеп­тей­ді.

– Бұл жерде 1965 жылдан бері қазба жұмыстары жүргізілген. Біз қазір жаңа тәсілге көштік: жерді қазбаймыз, ғарыш­тан зерттейміз. Мұндағы әр төбе – қоғамдық мекемелер – мешіт, медресе, керуен сарай, ақсүйектердің сарайлары болған орындар. Қала түгел бұзылған. Ел аузында Тоқтамыс пен Әмір Темірдің шайқасында қираған деп айтылады. Бірақ 50 жылдан аса қазып келеміз, мұндағы бірде-бір ғимараттан әскери іс-қимылдың, соғыстың ізі кездеспеді. Жазба деректерге қарағанда шаһар ХVІ ғасырдың соңына дейін тұрған. Қаланың бұзылуына жалғыз себеп – Астрахань хандығы құлап, орыс жеріне өтуіне байланысты Иван Грозный Астраханьда кірпіш бекініс тұрғызуға жарлық берген. Сөйтіп бұл қаладағы ғимараттар бұзылып, кірпіші алынып, өзен арқылы салмен төмен қарай жіберілген. Сөйтіп Астраханьдағы орыс Кремлі тұрғызылған. Сарай шаһарының жер бетінен жойылуының жалғыз себебі осы. ХІХ ғасырдың ортасына дейін шаһар орнындағы кейбір ғимараттардың ізі сақталғанын Ауэрбах, т.б. саяхатшылар жазып қалдырған, – дейді орыс археологы.

Алтын Орда тарихы бойынша танымал ғалыммен қазақстандық делегация жетекшісі Әбілсейіт Мұқтар бірнеше мәселе бойынша сұхбат құрып, пікір алмасты.

– Біз Сарайшықты Алтын Орданың рухани астанасы болған деп санаймыз. Өйткені Алтын Орданың мемлекеттік діні – Ислам дәл сол Сарайшықта жарияланды. Сарайшықта Алтын Орда хандарының, ноғай билерінің және қазақ хандарының пантеоны болды. Сіз бұл тұжырымға қалай қарайсыз? – деді Әбілсейіт Қапизұлы.

– Әрине, ол дұрыс. Сарай әл-Жәдид – мемлекеттің өндірісті астанасы деуге болады. Үлкен өндіріс, фабрикалар, сауда орталығы осында болды. Алтын Орданың әр қаласы өзінше бір міндет арқалаған, өзіндік ерекшелігі болған. Сарайшық – ұлыстың шығысындағы кеден қала. Хан ұлысына кірер ауыздағы қақпа десек болады. Қазіргі Саратов түбіндегі Үкек қаласын – ұлыстың солтүстік астанасы, Солтүстік Кавказдағы Маджар шаһарын – мемлекеттің батыстағы орталығы десек жарасады, – дейді Евгений Пигарев.

Көне шаһар орнындағы кездесу бізге өте пайдалы болды. Нақты қазба орындарын да аралап көрдік. Бұл жердегі археологиялық зерттеу жұмыстарына қазақ­стандық студенттерді тарту мәсе­лесі де талқыланды. Әбілсейіт Мұқ­тар Ресей археологын Сарайшыққа шақырды. Алтын Орда тарихын Қазақ­стан мен Ресей ғалымдары бірлесе зерт­тегенде ғана көп нәтиже, дұрыс тұжы­рым болады дегенге екі тарап та келісіп отыр.

Айтпақшы, осы күні біз режиссер Андрей Прошкиннің «Орда» фильмі түсірілген макет қаланы да аралап көрдік. Фильм оқиғасы ортағасырлық Сарай Бату қаласында өткен, сондықтан түсірушілер үш айдан аса уақыт осы қалашықты арнайы салып шығыпты. Бір қызығы, кино түсірілімі аяқталған соң макет қала туристік нысанға арнал­ған. Алыс-жақыннан келген туристер орта­ға­сырлық ғимараттар фонында суретке түсіп, қарық болып қалады екен. Тарихи орындардың туристік тартымдылығын арттыру үшін осындай құрылыстар қажет­тігін көңілге түйдік. Әбіл­сейіт Қапи­зұлының айтуынша, Сарай­шықта да бо­лашақта мұндай құры­лыс­тар қолға алын­бақ. Қазірдің өзінде арнайы жер бөлінген.

Волгоград – Мамай қорғаны – Сарай Берке

Біз түнеп шыққан Харабали ауылы мен Волгоград қаласының арасы 300 шақырымға жуық. Жолы да жақсы.

Біз алдымен бас тіреген Волгоград облыстық өлкетану музейі қазақстандық экспедиция мүшелерін өте жылы қарсы алды. Музей директоры Анатолий Маль­чен­ко үлкен құрмет көрсетіп, Волго­град қаласы, облыс тарихы жөнін­де тағы­лым­ды әңгіме айтып берді. Са­рай­шық музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұқтар арнайы әкелген сыйкәдесін тапсырып, музейлер арасында байланыс, іскерлік қарым-қатынас орнады.

Айта кетейік, Волгоград өлкетану музейі Ұлы дала тарихына ат шаптырым екі залын арнаған екен. Соның бірі – Алтын Орда залы. Ортағасырлық Жошы ұлысы тұрғындарының тұрмысы, салт-дәстүрі, киімі мен қару-жарағы, тіпті дәстүрлі ойындары туралы көп мәлімет алдық.

– Сіздерге, қазақтарға мұның бәрі таңсық емес қой, – деп әзілдеп қояды музей экспозициясын таныстырып жүрген қызметкер.

Ашылғанына бір ғасырдан асқан Волгоград музейінің тәжірибесі Са­рай­шық музей-қорығы үшін де өте пайдалы болатынын экспедиция жетекшісі Әбілсейіт Мұқтар жиі айтады. Шынында да Құдай қосқан көршіміз Ресей Федерациясы мен Қазақстан арасындағы түйісу нүктесін, ортақ тарихты Ресей империясының отарлық езгісінен, кеңестік кезеңнен, Ұлы Отан соғысынан емес, сонау Алтын Орда кезеңінен бастау қажет сияқты. Бірақ өкінішке қарай Ресей мемлекеттік саясатында Алтын Орда тарихына самарқаулық, салғырттық басым екендігін орыс ғалым-археологтарының өздері мойындайды.

Волгоград музейінен шыққан соң біз Мамай қорғанына тарттық. Бүгінде Ұлы Отан соғысы, Сталинград шайқасына арналған алып кешен орналасқан төбе­нің атауы – Алтын Орданың әйгілі беклербегі Мамай ханның есімінен шыққан. Кейбір деректерде бұл жерде Мамайдың бекінісі, қарауыл төбесі тұрған десе, кей деректе 1380 жылы Мамай хан осында жерленген делінеді. Бірақ ол жайында қазір еш белгі таппадық. «Отан Ананың» семсерін көкке созған алып мүсіні реставрациядан өтіп жатыр екен. Ресей келер жылы келетін жеңістің 75 жылдығына қауырт дайындықты бастап кеткен.

«Жошы ұлысы астаналары Сарайшық – Сарай-Бату – Сарай Берке қалалары ізімен» деп аталған халықаралық экспедиция бұдан кейін Волгоград облысы Ленин ауданына қарасты Царев селосы маңындағы ортағасырлық Сарай Берке қаласының орнына тартты. Әркімнен сұрап, жабыла іздеп жүріп көне шаһардың орнын әрең таптық. Өте күтімсіз қалған, көңіл құлазытатын көрініс екен. «Федералдық деңгейде қорғауға алынған мәдени мұра нысаны» деген белгіні де біреулер қиратып кетіпті. Жергілікті тұрғындардың айтуынша сенбі-жексенбі күндері мұнда алыс-жақыннан металл іздегіш аспаптары бар «туристер» қаптап келіп, тапқан заттарын алып кете береді екен. Қала орнында күрек іздері, қираған кірпіш сынықтары осыны дәлелдеп тұрғандай...

 Бес күндік сапардың жемісі

– Экспедиция мақсаты – Жошы ұлысы – Алтын Орда тарихындағы астаналардың орнында ғылыми-зерттеулер жүргізу. Осы сапарда Астрахань, Волгоград музейлерімен бірлесіп жұмыстар атқару үшін келіссөздер жүргіземіз. Атырау облысы бойынша туризмді дамыту үшін тур компанияларымен келісімшартқа отырамыз, – деген еді Әбілсейіт Қапизұлы. Бес күндік сапар осы мақсатына толық жетті.

Ресей жеріндегі кездесулер нәтиже­сін­де Сарайшық музей-қорығы Алтын­жар­да­ғы Құрманғазы мәдениет орталығымен, Астрахань және Волгоград облыстық өлкетану музейлерімен әріптестік туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Ғалымдар арасында байланыс орнады. Жоғарыда айтылғандай, Сарайшық музей-қорығы директорының орынбасары, көне Са­рай­шық орнында көп жылдан бері архео­логиялық қазба жұмысын жүргізіп келе жатқан Айбек Тұрарұлы ресейлік археологтардың тәжірибесімен тікелей танысты. Мұның бәрі алдағы уақытта жемісін берері сөзсіз.

Қазақстандық экспедиция құрамында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғы­лым академиясының корреспондент-мүшесі, геология-минерология ғылым­дарының докторы, профессор Нәсіпқали Сейітов, тарих ғылымдарының докторы Сайфолла Сапанов пен Аққали Ахмет, Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, суретші Отарбай Кендір, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің географ ғалымы Ақан Тұрғанбаев және басқалары болған еді. Ғалымдар осы сапар нәтижесінде Жошы ұлысының астаналары Сарайшық, Сарай Бату және Сарай Берке қалалары орналасқан аймақтың географиялық ерекшеліктері мен ұқсастығы туралы тұжырым жасамақ.

Осы сапардың тағы бір үлкен жемісі – Сарайшық музей-қорығы мен Ресей туристік компаниялары арасында жасалған әріптестік туралы меморандумдар дер едік. Еліміздің туристік әлеуетін дамыту мәселесі күн тәртібінде тұрған осынау шақта мұндай әрекет ауа­дай қажет.

Айта кетейік, осы күндері «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығын туристік орталыққа айналдыру мақсатында Астрахань облысында орналасқан «Дария-ТУР», «Актив-ТУР» атты туристік агенттіктерімен өзара ынтымақтастық жөнінде келісімшартқа қол қойылды.

– Бұл халықаралық экспедицияның бір мақсаты – Қазақстанның киелі орындарын, туристік нысандарын насихаттау, шетелдік туристерді елге тарту болатын. Келісімшартқа сәйкес, болашақта Сарайшық музейі мен «ресейлік тур-компаниялар екі ел аумағында экскурсия, экспедиция және ғылыми конференцияларды бірігіп ұйымдастыратын болады, – дейді Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұқтар.

 

Сарайшық – Сарай Бату – Сарай Берке

P.S. Тарихи шаһарлардың топырағына табан тигізген бес күндік сапарымыз осылай аяқталды. Тобымыздың ақсақалы, жасы 75-тен асқан Нәсіпқали ағамыз ақжүрек ақын да екен. Жол бойы көрген-білген жайттардан әсерленіп, бірнеше өлең жазды. Соның бірінде:

Кесенелер көмілген топыраққа,

Аталардың, алайда, аты – хатта...

...Бұл төбешік астында хандар

жатыр –

Даңқы кеткен жарты әлем –

атырапқа!

 

...Алтын Орда – тегіміз.

Мақтанамыз.

Сан алуан тарихы – жатқан аңыз.

Біз – Берке мен Өзбектің ұрпақтары,

Баба есімін ертеңге ап барамыз!

– деп жырлаған екен.

Бұған алып-қосарымыз жоқ.