Әлем • 14 Қазан, 2019

Түркі кеңесі саммитінің күн тәртібі пысықталды

208 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Баку қаласында Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIІ саммиті қарсаңында Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті.

Түркі кеңесі саммитінің күн тәртібі пысықталды

Бұл іс-шараға Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қатысты. Министрлер кездесуі дәстүрлі түрде Түркі кеңесі мемлекеттері басшыларының кездесулерін ұйымдастыру және шешімдерін әзірлеу барысын, саммиттің мазмұнын талқылау мақсатында өтті. Осы жолғы отырыста министрлер күн тәртібін және мемлекет басшылары кеңесінде қол қойылатын қорытынды құжаттардың жобаларын келісті.

Басқосудың басында Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Шыңғыс Айдарбеков сөз алып, кезекті Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырып жатқан Әзербайжан тарапына меймандостығы үшін алғысын білдірді. Ол Түркі кеңесіне Қырғызстанның төрағалық еткен кезеңінде Өзбекстанның ұйымға толыққанды мүше атанғанына қуанышты екенін айтып, Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловты құттықтады. Сондай-ақ Қырғызстан министрі бұл жаңалықтың ортақ мақсат аясында жұмылған жұмыстарды ілгерілетуге септігін тигізетініне сенім білдіріп, алдағы уақытта Түркіменстан да Өзбекстанның ізімен Түркі кеңесінің аясын кеңейтеді деп үміт артты.

Бұған қоса Шыңғыс Айдарбеков ендігі жылы Әзербайжанның Түркі кеңесіне абыроймен төрағалық етуіне тілеулес екенін айтты.

Отырыста кезекті Саммитке арқау болып отырған шағын және орта бизнесті дамыту тақырыбы жан-жақты талқыланды. Соңында министрлер 2019 жылғы 19 қыркүйекте Венгрияның Будапешт қаласында ашылған Түркі кеңесі өкілдігінің қызметін реттейтін бірқатар құжатқа қол қойды. Аталған құжаттар жаңа түркі ұйымдарының ұйымдастырушылық және қаржылық қызметін үйлестіреді. Бұл Түркі әлемі мемлекеттері мен халықтарының игілігі үшін одан әрі жемісті жұмыс жүргізуге ықпал етеді.

Сондай-ақ министрлердің шешімімен Венгрияға Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры жанындағы бақылаушы мәртебесі берілді.

2009 жылы Әзербайжанның Нахчыван қаласында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі құрылды. Түркі кеңесінің хатшылығы Түркияның Ыстамбұл қаласында орналасқан. Кеңеске мүше Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия мемлекеттерінің қатары осы жолы Өзбекстанмен толығып жатыр.