15 қазан күні Алматы қаласындағы Республика сарайында және 30 қазанда Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақстан» орталық концерт залында Құрманғазы оркестрінің 85 жылдық мерейтойына арналған салтанатты концерт өтеді.
Салтанатты концертте аты әлемге әйгілі Құрманғазы оркестрімен КСРО халық артисі Б.Төлегенова, Қазақстанның халық артистері Н.Нүсіпжанов, М.Жүнісова, А.Қоразбаев, Н.Үсенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері С.Байғожин, Т.Асар, А.Қосанова, Б.Мықтыбаев, С.Майғазиев және тағы да басқа өнер майталмандары сахна төріне шығады.
Айта кетейік, кезінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақтың інжу – маржаны» - деп атаған оркестр бүгінде бүкіл әлемге халқымыздың музыкалық өнерін, бірегей музыкалық аспаптарын және Ұлы дала әуенінің пәк сұлулығын танытып келеді.
Оркестрдің шет мемлекеттердегі Қазақстанның мәдениет күндерінде, әлемнің үздік залдарындағы жеке шығармашылық гастрольдерінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен мемлекеттік концерттерде лайықты деңгейде өнер көрсетіп келе жатқаны баршаға мәлім.
Құрманғазы оркестрі Қазақстанның аспаптық музыкалық өнер тарихында бірегей әрі тұңғыш оркестр. Ол бүкіл әлемге қазақ халқының музыкалық өнерін, бірегей қазақ музыкалық аспаптарын және дала әуенімен сұлулығын танытқан ұжым.
Оркестр ресми түрде 1934 жылдың 23 сәуірінде ҚазССР Ағарту халкомы №425 бұйрығымен қызметін бастаған. Дәл сол күні Ахмет Жұбанов оркестрдің дирижері және көркемдік жетекшісі қызметіне тағайындалған. Оркестрдің триумфальды қойылымдары 1936 және 1958 жылдары КСРО Үлкен театрында 2-ші қазақ өнерінің онкүндігінің қорытынды концертінде, 2006 жылы оркестрдің негізін салған Ахмет Жұбановтың 100 жылдық мерейтойына арналған Парижде ЮНЕСКО штаб-пәтерінің Үлкен Залында, Европа, Америка, Қытай Халық Республикасы, Қазақстан және БҰҰ елдерінің ірі қалаларында болған гастрольдік концерттерде болды.
1953 жылы Бухарестте (Румыниялық халықтық республика) Шамгон Қажығалиевтың жетекшілігімен оркестр демократиялық жастар және студенттердің Бүкіләлімдік IV фестивалінің лауреаты атанды және алтын медальмен марапатталды. 1944 жылы құрылғанына 10 жыл толуына орай оркестрге әйгілі күйші Құрманғазы есімі берілді, 1967 жылы – «ҚР еңбек сіңірген ұжымы», 1978 жылы – Академиялық оркестр атағы берілген. Ал 1984 жылы Оркестр «Халықтар достығы» орденімен марапатталды.
Әр жылдары оркестр құрамында қазақ өнерінің әйгілі музыканттары – оркестр шежіресінде есімдері алтын әріптермен жазылған орындаушылар мен дирижерлар еңбек етті. Солардың ішінде ерекше құрметке ие тұлға, Оркестрдің ұйымдастырушысы, бірінші көркемдік жетекшісі, басты дирижері – Қазақстанның халық артисті, композиторы, академик, профессоры Ахмет Қуанұлы Жұбанов.
Кезінде оркестрге Мұқан Төлебаев, Н.Тілендиев, А.Мырзабеков, Л.А. Хамиди, Қ.Мусин, Л.М. Шаргородский дирижерлік етті. 1950 жылдан оркестрдің көркемдік жағын Ш.С. Қажығалиев (1950 – 60; 1964 – 68 және 1971 жылдан) басқарып, бас дирижері болды. Оркестрдің қазіргі Бас дирижері- Абылай Тлепберген. Өнер ұжымының репертуарлық қорында 4000-нан аса туынды бар.