Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты кездесу барысында Түркі әлемінің ынтымақтастығын одан әрі нығайтудың маңызына тоқталды.
– Қазақстан Түркі елдерінің барлығымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бүгінге дейін Түркі елдері басшыларының кездесулеріне түгел қатысып келемін. Мен Кеңестің көптеген институтын құруға бастама көтердім. Ең маңыздысы – елдеріміз арасындағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету, – деді Елбасы.
Ал Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков Елбасы Қазақ еліне ғана емес, Түркі елдеріне де құрметті тұлға екенін атап өтті.
– Орталық Азияның, жалпы Түркі әлемінің өркендеуі үшін көп жылдар бойы қызмет етіп келесіз. Түбі бір туысқан халықтардың бірлігін нығайтуға қосқан үлесіңіз орасан зор. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Құрметті Төрағасы болып төрге шыққаныңыз құтты болсын. Мен сізбен мақтанамын, – деді С.Жээнбеков.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan» – Бакуден (Әзербайжан)