Саясат • 15 Қазан, 2019

Нұрсұлтан Назарбаев Әзер­байжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті

163 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Баку қаласында өтетін Түркітілдес мемлекеттердің ынты­мақ­тастық кеңесінің VIІ саммиті қарсаңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әзер­байжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті.

Нұрсұлтан Назарбаев Әзер­байжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті

Екіжақты кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастың серпінді дамып келе жатқанын атап өтті.

– Бүгін мен сіздерге алғаш рет басқа мәртебемен келіп тұрмын. Қазақстанда тәуелсіздікті нығайту және экономикалық дамудың бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша қолға алынған жұмыстар жалғасын табуда. Бауырлас екі елдің байланысы уақыт өткен сайын бекіп жатыр. Қазіргі таңда бізде ынтымақтастықты кеңейтудің мүмкіндігі мол. Қазақстан-Әзербайжан сауда-саттық көлемін арттыру қажет. Біз тиісті логистиканы қалыптастырдық. Мен Құрметті Төраға мәртебесін ризашылықпен қабыл алдым. Өйткені біздің мемлекеттеріміздің ынтымақтастығын нығайтуға әлі де үлесімді қосқым келеді, – деді Елбасы.

Өз кезегінде Ильхам Әлиев Елбасына Түркі кеңесіне қатысу үшін арнайы ат басын бұрғанына алғысын білдіріп, оның екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.

– Біз үшін Әзербайжан жерінде Қазақстанның Тұңғыш Президентін қарсы алу – үлкен құрмет. Сіз – Әзербайжанның үлкен досысыз. Көптеген халық­аралық мәселе бойынша Сіз біз­дің елімізді әрдайым қолдап келе­сіз. Түркітілдес елдер арасын­дағы ынтымақтастықты нығайту ісіне де қосқан үлесіңіз орасан. Біз мерейтойлық саммиттің Бакуде өтетініне өте қуаныштымыз, – деді Әзербайжан Президенті.

Бұған қоса Ильхам Әлиев Қазақстанның жаңа астанасын салуы Баку қаласын дамыту жолында үлгі болғанын айтты.

– Мен сіздердің елор­да­ла­рыңыз­дың қарқынды өзгеріп жат­қа­нын көріп отырмын. ЭКСПО көр­месіне қатысқан кезімде құ­ры­лыс ауқымына және сәулет шебер­лігіне қайран қалдым. Қазақ­станның барлық жетістігі Сіз­дің атыңызбен тікелей байланысты, – деді Әзербайжан Президенті.

 

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan» – Бакуден (Әзербайжан)