Екіжақты кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастың серпінді дамып келе жатқанын атап өтті.
– Бүгін мен сіздерге алғаш рет басқа мәртебемен келіп тұрмын. Қазақстанда тәуелсіздікті нығайту және экономикалық дамудың бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша қолға алынған жұмыстар жалғасын табуда. Бауырлас екі елдің байланысы уақыт өткен сайын бекіп жатыр. Қазіргі таңда бізде ынтымақтастықты кеңейтудің мүмкіндігі мол. Қазақстан-Әзербайжан сауда-саттық көлемін арттыру қажет. Біз тиісті логистиканы қалыптастырдық. Мен Құрметті Төраға мәртебесін ризашылықпен қабыл алдым. Өйткені біздің мемлекеттеріміздің ынтымақтастығын нығайтуға әлі де үлесімді қосқым келеді, – деді Елбасы.
Өз кезегінде Ильхам Әлиев Елбасына Түркі кеңесіне қатысу үшін арнайы ат басын бұрғанына алғысын білдіріп, оның екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
– Біз үшін Әзербайжан жерінде Қазақстанның Тұңғыш Президентін қарсы алу – үлкен құрмет. Сіз – Әзербайжанның үлкен досысыз. Көптеген халықаралық мәселе бойынша Сіз біздің елімізді әрдайым қолдап келесіз. Түркітілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту ісіне де қосқан үлесіңіз орасан. Біз мерейтойлық саммиттің Бакуде өтетініне өте қуаныштымыз, – деді Әзербайжан Президенті.
Бұған қоса Ильхам Әлиев Қазақстанның жаңа астанасын салуы Баку қаласын дамыту жолында үлгі болғанын айтты.
– Мен сіздердің елордаларыңыздың қарқынды өзгеріп жатқанын көріп отырмын. ЭКСПО көрмесіне қатысқан кезімде құрылыс ауқымына және сәулет шеберлігіне қайран қалдым. Қазақстанның барлық жетістігі Сіздің атыңызбен тікелей байланысты, – деді Әзербайжан Президенті.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan» – Бакуден (Әзербайжан)