«Табиғаты бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі тенденцияның жолы қай жерде түйіседі және қай жерде бөлінеді?» деген мәселе әлемде әлдеқашан-ақ өзектілігін жойған сияқты. Дамыған елдер бұл мәселені әлдеқашан жүйелеп, заңға бағындырып қойған. АҚШ-та 3 мың, Қытайда 4-5 мың шамасында краудфандинг платформалары жұмыс істейді. Батыстың бірқатар мемлекеті акционерлік краудфандингке қатысты заңнамалық актілерді 2010 жылдан бастап қабылдады. 2012 жылдың сәуірінде АҚШ-тың экс-президенті Барак Обама JOBS деп аталатын (The Jumpstart Our Business Startups) краудфандинг туралы заңға қол қойды. Барак Обама заңға қол қойып жатқан тұста Еуропаның біраз елдері краудфандингтің қайырымдылық және акционерлік түрлерін қолданысқа енгізіп үлгерген еді. 2013 жылы Италия акционерлік краудфандингті жан-жақты бақылауға алып, баламалы инвестиция нарығы операторларының ұлттық тізбесін құрды.
Қазақстандағы жалғыз крауфандинг платформасының негізін салушы, «StartTime» компаниясының Бас директоры Әзиза Өтегенова осы тұста біздің елде краудфандинг идеясын көшірме-шаблон деп қабылдайтындардың көп екенін айтады. Билік тарапынан салмақты көзқарастың қалыптаспауына осы фактор кері әсерін тигізіп отырған көрінеді. «Бізге «Kickstarter» немесе «Boomstarter» деңгейіне көтерілуге әлі ерте. Бірақ өмірдегі барлық жетістік бастап көруден басталады. Бизнес-идеясына қаржы таппай жүргендер де, қаржысын қандай жобаға саларын білмей жүргендер де көп. Тіпті қазір адам капиталына инвестиция салу трендке айналды.
Жақында әлеуметтік желі арқылы боксты жақсы меңгерген баланың жазбасын оқыдым. Кәсіби түрде меңгеруге қаржысы жоқ. Араласуға тура келді. Арада ай өткенде балаға қаржы салғысы келетін инвестор табылды. Баланың Алматыдағы жаттығуы, жаттықтырушысының қаржысын да мойнына алды. «Экологиялық апат. Атырау қаласындағы балықтың жаппай қырылуы бойынша зерттеу» жобасы бір тәулікте қомақты қаражат жинап, зерттеу жұмыстарын табысты аяқтады» дейді Ә.Өтегенова.
АҚШ-та, Германияда атағы әлемге жайылған кейбір компаниялар краудфандинг платформалары арқылы қаржыландырылған. Әзиза Өтегенованың түсіндіруінше, қоғамның краудфандинг платформаларына деген қажеттілігі – әлеуметтік жағдайының төмендігін білдірмейді. Бұл – мәдениеттің ең жоғарғы деңгейі. «Мен журналистермен кездескен сайын идеямыз ақша табуға емес, адамдардың жаңа жобаны бастауына мүмкіндік беруді мақсат ететінін айтамын. Оның коммерциялық сипатын уақыт шешеді. Біз тек аяғына тік тұрып кетуін ғана бақылаймыз. Екі жылдың ішінде бізге 400 идея келіп түсті. Оның ішінен іріктеп, 50 идеяны сайтқа жарияладық. Сол елудің 35-і инвесторларын тапты» дейді Ә. Өтегенова.
Ол сондай-ақ өздері қолға алған жобаның тәуекелі жоғары болатынын да айтып өтті. «Ең алғаш Алматыдағы ЖОО-да оқитын екі жігіт қабылдауыма келіп, жобасы туралы айтты. Қаржылық құны 14 млн теңге екен. Қажет қаржыны табуға 1 жыл уақыт керек деп ойлағанмын. Жарты жылдың ішінде жинадық. Қазір әлгі жігіттер өз өнімдерін экспортқа шығаруға дайындалып жүр. Бүгінде қайырымдылық үшін кез келген адам тиын-тебенін суырып бере салмайды. Мұндай ізгі ниет барынша ашық түрде жасалса, көздеген нүктеге дөп тисе, қоғамның құндылықтарына айналар еді. Бұл үшін мемлекет Краудфандинг платформасы туралы заң қабылдау керек. Сол кезде бар мәселені шешуге болады. Әрбір кәсіпкер қателіктің орнын толтырғысы келеді. Бұл үшін әр кәсіпкер қайырымдылық ілімін жетілдіріп, арнайы жоба жасауды дағдыға айналдырса, нарық алға жылжиды» дейді Ә.Өтегенова.
Қазақстандық кәсіпкерлердің бәрі краудфандинг платформасын қабылдады деп айтуға әлі ерте. Сол себепті «StartTime» өкілдері әлеуметтік желіде жазылушылары көп блогерлермен байланыс орнатуға басымдық береді екен. Танымал продюсер Баян Есентаева Алматының шеткі ауданының үйден шыға алмайтын қарияларына тегін ем-дом көрсетуді қолға алған ерлі-зайыпты отбасыларға құны 2 млн теңге тұратын шағын УЗИ аппараты үшін қаржы жиюды өз жауапкершілігіне алыпты. Ал белгілі сәнгер Құралай Нұрқаділова болса скрипкада ойнайтын Сымбат Алтынбекованың Венада өтетін конкурсқа қатысуына себепкер болған. «Алғашында ұсыныс түскенде «Мен не істей аламын?» деген ой келді. Мәселе оның сахнаға киетін киімін тігіп берумен шектелмейді. Сымбат Венада кем дегенде 1 ай тұруы керек. Әлеуметтік желідегі парақшама Сымбат туралы жаздым. Соңында бәрі оң шешілді. Қаржы да табылды» дейді Құралай Нұрқаділова.
Қ.Нұрқаділова осы ретте «бұл жобадан сіз қандай пайда көресіз?» деген сауалдың жиі қойылатынын айтып өтті. «Инвесторлардың қатарында менің аты-жөнімнің аталуы бизнесіме деген сенімді күшейтеді. Бұдан артық дивидендтің керегі жоқ» деп сөзін түйіндеді Қ. Нұрқаділова.
Психологтар осы ретте мұндай ізгі мақсаттағы жобалардың өзін «ақылды» және «ақылсыз» деп бөлудің қажет екенін айтып жүр. Кәсіпкердің балалар үйіне теледидарды сыйға тартқаны немесе демалыс үйлеріне жолдама алып бергені оның соңғы түріне жатады.
«Қарым-қатынасты өзгертетін, стереотиптер мен мифтерді жоятын жобалар «ақылды» қайырымдылыққа жатады. Қазақ бизнесіндегі қайырымдылық жасау мәдениеті осындай деңгейге көтерілсе, біздің болашағымыз да жарқын. Қайырымдылық ілімін сызып, жобасын жасақтау елде қайырымдылық жасау мәдениетін көтереді. Сондықтан краудфандинг платформасын қайырымдылық шараларымен бөлуге болмайды» дейді Ә.Өтегенова.
«АҚШ азаматтарының 90 пайызы қайырымдылықпен айналысса, бізде 10 пайызы ғана» деген дерек рейтинг қуғандар үшін аса жағымды хабар емес. Британдық «Charities Aild Formation» атты халықаралық ұйымның «Қайырымдылық» индексі бойынша» Қазақстан былтыр 139 елдің ішінде 87 орынға тұрақтаған екен. Ресми сарапшылардың есебі бойынша Қазақстанның қайырымдылық нарығының жылдық айналымы – 300-500 млн теңгенің арасы.
Қазақстандық кәсіпкерлер қауымдастығының өкілі Павел Казанцев бизнестің табиғаты қайырымдылыққа жақын екенін айтады. Бірақ екеуінің тіл табысып кетуіне салықтың ауыртпалығы көп кедергі келтіреді екен. Бұл жерде кәсіпкерлер салықтың барлық түрінен 100 пайыз босатуды сұрап отырған жоқ. «Шетелдік тәжірибеде бизнестің қайырымдылық шараларына жұмсаған қаржысы салық есебіне жатқызылады. Бұл бизнестің әлеуметтік жобаларға көбірек араласуына мүмкіндік береді. Ал бізде тіпті шағын бизнес идеяларға қаржы салған кәсіпкер тасада қалғысы келеді. Спортты, мәдениетті дамыту, ардагерлерге көмек көрсету, бұқаралық ақпарат құралдарына қайырымдылық қорларының демеу болуы ұмыт қалған. Краудфандингтік платформалардың жұмысы мен бағытын әртараптандыратын кез келді» дейді Павел Казанцев.
Соңғы жылдары краудфандингтің көмегімен бизнесін дөңгелетіп жүргендердің көбейгенін көріп жүрміз. Олардың қатарында өнертапқыштармен қоса, сәулетшілер мен өз фильмін қаржыландырғысы келетін режиссерлер бар. Сарапшылар тіпті әншілер мен әртістерді баптап, қаржы құйып, үлкен сахнаға алып шығатын продюсерлерді де нарықтың осы сегментіне жатқызып жүр. «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та білім алған, Санфранцискодағы Өнер академиясының түлегі Мұрат Есжан журналистермен кездескен кезде киносын краудфандингтің көмегімен түсіргісі келгенін айтқан. Тіпті оның Kickstarter-ге салған видеосынан кейін «Парижге кетем бір күні» (I’m going to Paris) деген жобасына Оскар сыйлығын алған Жанна Сюл Мемельдің өзі жетекшілік жасағысы келген екен.
Қысқасы, краудфандинг ұғымы әлемде кең тарағалы біраз болды. Ресейдің Орталық банкі де бұл нарықты бақылауға алғысы келетін ыңғай танытып жүр. Ресейдегі ең ірі краудфандинг платформасының иесі Анна Таджимуратова Алматыға келген кезде Орталық банкі платформалар туралы сауалдама жүргізіп, олардың жұмысын зерттеп жатқанын айтқан. «Краудфандингтен бөлек краудлэндинг (crowdlending) және краудинвестинг (crowdinvesting) деген құралдар бар. Мүмкін олар осындай алаңдарды бақылауға алатын шығар» деген-ді ол. 2019 жылы 24 маусымда «Астана» халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (АХҚО) Еуропалық қайта құру және даму банкінің қолдауымен өңірдегі тұңғыш инвестициялық және несиелік қаражат жинақтау (краудфандинг) бойынша ережені әзірледі. АХҚО қаржылық технологиялар жөніндегі басқарушы директоры Асылбек Давлетовтың айтуынша, краудфандинг стартаптарды, кіші және орта бизнесті қолдауда және қаржыландыруда пайдалы балама болып, өркендеу, экономикалық өсім және жаңа жұмыс орындарын құруда маңызды рөл атқарады.
Қазақстанда нарықтың кеңістігі тар екені, мұндай ортада ірі көлемде қаржы жиюдың мүмкін еместігі белгілі. Сол себепті ірі жоба иелері Ресей арқылы Батыс елдеріне кетіп жатыр. Көш жүре түзеледі.
Себебі бұл қазаққа жат ұғым емес, кәдімгі өзіміздің асар сияқты ғой. Асарлатып жүріп нарықтың бұл сегментін де бағындырармыз. Тек ықылас пен пейіл түзу болсын деп тілейік.
АЛМАТЫ