Нұрсұлтан Назарбаевтың жастық шағы өткен жылдар Кеңес Одағының барша азаматтары үшін қаншалықты күрделі кезең болса, Қазақстан азаматтары үшін де соншалықты қиын кезең болғаны белгілі. Ол кезең кеңестік тәртіп ұлттық ой-пікірді таптап, түрлі мәдениеттер мен өркениеттерге тиесілі халықтарды «кеңес халқы» деген атпен жасанды әрі тәуелді қоғамға айналдырған кезең еді. Бұл дәуір болашақ ұлы лидерлер ғана емес, күллі қазақ жастары, байтақ Ұлы дала жұртшылығы айырылып қалған құндылықтарды, олардың келешек туралы ой-пікірлерін, армандаған жарқын болашаққа қол жеткізуге деген ынта-жігерлерін, жанкештіліктерін көз алдымызға елестетеді.
Даму ешқашан оңайлықпен жүзеге аспайды. Даму ондаған, жүздеген жылдарды қажет етеді. Алайда, түркі халықтарының, қазақ халқының тарихындағы батыр бабалар жолын жалғастырып, олардың арман-тілегін жүзеге асыру үшін ондаған жылдан кейін-ақ жаңа данышпан, жаңа батыр буын өсіп жетілді. Бүкіл халықтың тәуелсіздік арманын жүзеге асырып, асқақтаған азаттыққа қауыштыру ісі тәуекел мен батылдықты, батылдық пен кемеңгерліктің үйлесімін де қажет етеді. Осы үйлесімді орайластырып, түркі тарихына атын алтын әріптермен жазғызған тұлғалардың бірі Нұрсұлтан Назарбаев деп білеміз.
Азаттыққа қол жеткізудің қазақстандық үлгісі
Тарихтың аласапыран кезеңінде саяси билікке келген Н.Назарбаев өз халқының ұлттық мүддесін жақтай отырып, оны жүзеге асырудағы өзінің тарихи миссиясын жауапкершілікпен терең сезінді. Қиын-қыстау кезеңде ол тоталитарлық жүйе жағдайында халықтың ұлттық-рухани құндылықтарын қорғай білудің, оларды келешек ұрпаққа жеткізе білудің үлгісін жасады. Н.Назарбаев өзінің саяси іс-әрекеттерімен ондаған жылдар бойы тек қана жүректерде сақталып, айтылуына да тыйым салынған азаттыққа қол жеткізудің теңдессіз тәжірибесін қалыптастырды.
Адамзат тарихы азаттық сынды үлкен бақытқа бөленудің құны – қанды шайқас екеніне куә болып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ халқын азаттыққа жетелеудегі күресі мен осының нәтижесінде ұлттық азаттыққа басқа жолмен – халықтың қаны мен жанын құрбан етпестен, орайлы ойластырылған шаралар мен сындарлы саясат арқылы жетуге болатынын барша әлемге паш етті.
Н.Назарбаевтың азаттық және даму стратегиясы тосын нәтиже емес. Бұл стратегияның қандай да бір саяси жүйемен, қандай да бір жағдаймен байланысы жоқ, өз халқының тағдырын ойлаған, оның жарқын болашағы үшін тынбай жұмыс істеген отансүйгіш тұлғаның көрегенділікпен, белгілі мақсатқа бағытталған жұмыстарының нәтижесі.
Қазақстанның «жол картасы» іспеттес «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты екі бағдарламалық мақала елдің келешек даму жолын нақты көрсетіп берді. Бұл жерде Қазақстанды әлемнің экономикалық тұрғыдан дамыған елдері қатарына қосу, мәдени және рухани мұраларды сақтап қалу үшін көптеген маңызды шараны іске асыру қажеттілігі баяндалған.
Мүлдем басқа экономикалық-саяси құрылымдар болып табылатын кеңестік дәуір мен ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңінде табандылық танытып, халқы мен еліне көшбасшылық етумен қатар, қауіп-қатерден құтқарып, тұрақты даму жолына түсіру кез келгеннің қолынан келе бермейтіні анық. Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық мүдденің маңызды екенін және жалпы халықтың сүйіспеншілігіне бөлену үшін бұдан артық жол жоқ екенін атқарған істері арқылы дәлелдеді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары иірімі мол қиын жолдан өтіп, тарлан тарих үшін соншалық көп саналмайтын уақыт өлшемінде мемлекеттілік дәстүр нық орнатылып, қазақ халқының өзіне және мемлекеттілікке деген зор сенім қалыптасты. Президент Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарынан мемлекетті зор абыроймен алып шықты. Қазақстан өтпелі кезеңнен сүрінбей өтіп, әлемнің экономикасы дамыған ең ірі 30 елінің қатарына кіру тәрізді үлкен межелер белгіледі.
Түркі әлемінің ақсақалы
Нұрсұлтан Назарбаев түркі әлемінің ақсақалы ретінде тамырлас әрі еншілес мемлекеттер арасында интеграцияны нығайту үшін бүгінге дейін маңызды бастамалар көтеріп, бұл миссиясын абыроймен атқарып келе жатыр. Ол – түркі әлемінің интеграциясына серпін беретін Түркі кеңесі, ТүркПА, Халықаралық Түркі академиясы, ТҮРКСОЙ тәрізді ұйымдардың құрылуының негізгі идея авторларының бірі. Түркі кеңесінің Қырғызстанның Шолпан-ата қаласында өткізілген саммитінде интеграция үшін қажетті негізгі факторлардың бірі ретінде ғылымның дамытылуы, ғылыми байланыстардың тереңдетілуін алға тарта отырып, бұл тұрғыдан Халықаралық Түркі академиясының рөлін жоғары бағалауы өте маңызды жайт.
Қазақстан тікелей Н.Назарбаевтың бастамасымен Моңғолиядан Мажарстанға дейінгі алып кеңістіктегі рухани мұраны түгендеуді мақсат еткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын табысты түрде жүзеге асырып келеді. Қазақстанның осы бағдарлама шеңберінде латын әліпбиіне өтуі түркітілдес халықтардың әлеуметтік өміріне өзіндік ықпалын тигізері анық. Себебі әліпби ғылыми интеграцияға апаратын жолдың ең негізгі және маңызды құрамдас бөлшегі.
Түркі әлемінің интеграциясының тереңдетілуі тұрғысынан Н.Назарбаевтың былтыр жарияланған және жол картасы іспетті «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын да ерекше атап өту керек. Бұл мақалада нақты бағыттар тұрғысынан интеграцияның маңызды элементтері, ұлттық сана-сезімнің ерекшеліктері белгіленіп көрсетілген.
Өңірлік бейбітшілік және тұрақтылық тірегі
Н.Назарбаев тек өз аймағында және түркі әлемінде ғана емес, күллі әлемде бейбітшілік пен әділеттің орнығуына өз үлесін қосуды жалғастыруда. Ресей-Украина қақтығысында, Ресей-Түркия түсініспеушілігінде, Сирия дағдарысында бітімгерлік бастамалары арқылы, сондай-ақ Армения-Әзербайжан, Таулы Қарабах келіспеушілігінде әділетті жақтап, «бейбітшілік елшісі» миссиясында өзінің ерік-жігерін көрсете білді.
Армения Кеден Одағына қосылғанда Әзербайжанның территориялық тұтастығын сақтау қағидатын алға тартып, тағы бір мәрте әділетті жақтағанын әзербайжан халқы зор ризашылықпен еске алады. Әрине бұл өз кезегінде тарих беттеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі әлемінің бірлігін қолдайтын үлгі боларлық қадамы әрі әділ позициясының көрінісі іспетті жазылды.
Халықаралық деңгейде бейбітшілікті орнатуда өзінің жеке үлесін көрсетумен қатар салиқалы саясат арқылы бейбіт түрде басқарудың мүмкін екеніне де әлемнің көзін жеткізді. Н.Назарбаевтың саясат философиясы өте айқын: енді-енді қалыптаса бастаған жаңа халықаралық байланыстар жүйесінің негізі үйлесімділік қағидаттары мен әділетке негізделуі тиіс, әлемнің қарусыздануы, жаңа экономикалық жүйе мен халықтардың жаңа бірлігі құрылуы керек.
Н.Назарбаевтың жетістігі – Қазақстан үлгісі негізінде заманауи әлемде алпауыт мемлекет болмай-ақ прогрессивті идеялардың қозғаушы күші болу арқылы әлемнің назарын өзіне аударуға, бейбітшілік пен әділеттілікті қамтамасыз ете отырып, жалпы адамзаттық мәселелерді шешуге қолдау көрсетуге болады.
Қазақ халқының лидері, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірлік тәжірибесі қазақ халқының тек бүгіні емес, болашағы үшін де мызғымас іргетас болып қала бермек. Себебі бұл жол ұзақ мерзім бойы Қазақстан мемлекетінің әлемдік сахнада лайықты орын алуын, үздіксіз дамып келе жатқан бауырлас қазақ халқының жарқын болашағын айқындай түспек. Мыңжылдықтар бойы адамзат тарихында өшпес із қалдырған түркі әлемінің ХХ ғасырдағы данышпан ақсақалы – тек қазақ халқының ғана емес, барша түркі әлемінің мақтан тұтар ұлы тұлғасы.
Жаваншир Фейзиев,
Әзербайжан Республикасы Ұлттық мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдар докторы