Бұл әсіресе құрғақ қымыз сусынына қатысты. Өйткені аталған өнім алып мемлекетте кеңінен таралмаған. Десе де қытайлықтардың қымызға сұранысы жоғары дейді қазақстандық сарапшылар.
– Құрғатылған қымыз тасымалдауға және ұзақ уақыт сақтауға өте ыңғайлы. Оған қытайлықтар үлкен қызығушылық танытып отыр. Алайда Қытайда қымызға байланысты бірде-бір стандарт жоқ. Неге десеңіз, көрші елдің нарығында ұлттық өніміміз әлі кең тарала қойған жоқ. Олар сүт өнімдерін көп пайдалана бермейді екен. Әйтсе де сұраныс жоғары. Сол себепті өзіміздің ұлттық стандартымызды Қытайдың тәртібіне негіздеп, ұсындық. Біздің ұсынысымыз сол елдің Денсаулық сақтау министрлігінде қаралып, тексерілетін болады. Шілде айында Қытайдың кеден басқармасы өкілдерімен кездестік. Біздің стандарттың өз ерекшеліктері бар. Мәселен, оның мазмұны Кеден одағының техникалық регламентімен тығыз байланысты. Сондықтан қытайлық тарап азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты қосымша талапқа сұрау салдырды. Сол себепті біз Кеден одағының барлық техникалық регламенттерін қытай тіліне аудардық. Екі құжат тамақ өндірісі қауіпсіздігі және тағы біреуі сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы болатын. Сол секілді 20 қазақстандық стандарт осы тізімге қосылды, – дейді Қазақстандық стандарттау және сертификаттау институты бас директорының орынбасары Еркежан Әмірханова.
Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Серік Құсайыновтың айтуынша, көршілес елдің нарығына өту біз ойлағандай оңай емес. Қытайда импорт тауарларына қойылатын талап қатаң дейді ол.
– Олар сырттан келетін тауарға сын көзбен қарайды. Бұл ретте қазақстандық өндірушілер тауарын өткізетін елдің заңнамасына бейімделе білуі қажет. Оның ішінде кеден ережелері, сертификаттау мен стандарттауға байланысты мәселелер бар. Қытайлықтардың талаптары өте қиын. Бюрократиялық кедергілер аз емес. Қазір қазақстандық омарташылар бал өнімін ҚХР-ға тасымалдауды жолға қойған. Сондай-ақ Қытайда отандық ұн өнімдеріне сұраныс жақсы. Олардың сұранысына сай болу үшін тиісті стандарттарды зерттеп жатырмыз. Жалпы алғанда, экспорттық әлеуетімізді арттыру мақсатында 5 мемлекеттің нарығына шығу көзделген. Қазақстан мен Қытай арасындағы экспорт пен импорт мәселесіне келсек, ұпайымыз бірдей емес. Атап айтқанда, біз көршілес елден көбінесе дайын өнім импорттаймыз. Ал Қазақстаннан негізінен шикізат тасымалданады, – деді С.Құсайынов.