Аймақтар • 15 Қазан, 2019

Жетісу – Оңтүстік пен Шығысты жалғайтын көпір

354 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір Жетісудың жолдарына қатысты ел пікірі екіге жарылады. Бір тарап аймақтағы ішкі қатынастың сапасына оң баға берсе, екінші топ құрылысы қызу жүріп жатқан күре жолдардағы мәселені тілге тиек етері сөзсіз.

Жетісу – Оңтүстік пен Шығысты жалғайтын көпір

Қалай болғанда да, облыста қызу жүріп жатқан, еліміздің Оңтүстігі мен Шы­­­ғысын жал­ғайтын тран­зит­­тік дәліз бо­йындағы қа­зіргі кедергілер уа­қыт­ша қиындық қана. Өйт­кені өңір арқылы өтетін 312 шақырымдық «Тал­дықорған – Өскемен» авто­жолы мен ұзындығы 184 шақырым болатын «Үшарал-Достық» автожолын салу жоспарға сәйкес алдағы 3 жылдың ішінде аяқ­талуға тиіс. Одан әрі авто­банның құрылысы Шы­ғыс Қазақстан облы­сының аума­ғында жал­ғасады.

Ал ішкі жолдардың деніне күрделі жөндеу жа­­салып, көбісі жаңадан тө­селген екен. Мәселен,  ай­мақ­тағы 17 аудан­ мен 2 қа­­ланың тыныс-тір­шілігіне жан бітіріп тұрған қозғалыс өзегі іспетті ішкі жол­дың жал­пы ұзындығы 6138,6 шақырымды құрайды. Өт­кен жылы осы ішкі қа­тынас жо­лы­ның сапасын сараптаған мамандар, жол сапасы 78,1 пайызға жақ­сарды деген шешім шы­­ғарды.

Жалпы, Алматы облысын­да жергілікті маңыз­да­ғы жолдарды салу мен жөн­деу­ге жыл сайын 30 млрд теңгеге жуық қар­жы бөлінеді. Ал биыл іш­кі жолдардағы қауіп­сіз және үзіліссіз қозға­лысты қам­­тамасыз ету мақ­сатына 17 359,815 млн тең­ге қарас­тырылған. Оның ішін­де 6 374,117 млн теңге – рес­пуб­ли­калық бюджеттен, қал­ған 10 985,698 млн теңгесі жер­гілікті бюджеттен бөлінген. Енді осы қар­жыға аймақтағы 23 шақырым жолды қайта салу мен жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.

Айтпақшы, Алматы қаласы мен Талдықорған қаласына дейінгі 270 шақырымға жуық күрежол әлемдік стандартқа сай салынып, жолаушыларға қызмет көрсетуде. Ал «Қорғас – Шығыс қақпа» арнайы эко­номикалық аумағынан басталатын автокөлік жолы еліміздің батысына қарай жалғасып, күншығыс пен батыс Еуропаны жақындата түсті.

Күрежолдың экономика­лық кіріс көзі ретінде қалып­та­суының дәлелін облыс аумағында екі бағыт бойын­ша ақылы трассаның іске қосы­луын айтуға болады. Жыл басында Алматы – Қапшағай, Алматы – Қорғас тас жолы ақылы қызмет көрсетуге көшті. Қазір кө­лік иелері Алматы қа­ла­сынан Қап­шағай қаласына дейінгі 42 шақырым жолды жүріп өткені үшін 200 теңге көлемінде ақы төлейді. Дәл осындай әдіс Алматы қаласы мен «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық орталығы аумағына дейінгі көлік дәлізіне де қолданылуда.

Үлкен Алматы айналма көлік жолы құрылысының бас­талуы да  Алматы облысының аумағындағы жолдардың дамуына қосылған сүбелі үлес болмақ. Жұрт «БАКАД» деп атайтын алып құрылыстың алғашқы нәтижесі алдағы 4 жыл ішінде белгілі болмақ. Ал жолдың толық дайын болуы 2036 жылға дейін созылады екен. Демек, еліміздің Оңтүстігі мен Шығысын жалғап жатқан Жетісу жолдарының маңызы арта бермек.

 

Алматы облысы