«Бұған дейін төрт дүркін елорда іргесінде дала шаңын көтеріп, бәсіресі мол бәйгенің олжасын сарапқа салған аламанның биыл батыс өңірінде жалауын тігуі, орталықтан шалғай аймақта өмір сүріп жатқан атбегілердің де мәртебесін көтеріп, сейістік шеберлігін шыңдау еді» дейді ұйымдастырушылар.
Nur Otan партиясы, Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық спорт қауымдастығы және Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен өтіп, ағайынның көз қуанышына айналған бәйгенің бас жүлдесінің иегері «Қоянқасқаға» 10 млн теңге бұйырса, көмбеге екінші болып жеткен Жамбыл облысының жүйрігі «Шымшыққа» 5 млн, үшінші болып келген «Дос» атты арабы торыға 2,5 млн, төртінші болып шылбыр ұстатқан маңғыстаулық бесті жүйрік «Айтөбелге»1,5 млн, бесінші болып мәреден өткен Атырау облысы Махамбет ауданынан келген «Жезкиік» атты құла биенің иесіне 1 млн теңге бұйырды.
Аламан бәйге жеңімпаздарын Nur Otan партиясының хатшысы Ғабидолла Оспанқұлов, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Жамбылұлы, Ұлттық спорт қауымдастығының Бас хатшысы Нұрсұлтан Ибрагимов қатарлы азаматтар марапаттады.