Руханият • 15 Қазан, 2019

Қылқаламның ұшында – Қарағанды

262 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алпыс жастың асқарына шыққан қарағандылық  қылқалам шебері Олег Дроздов өзінің мерейтойында өнерді шын бағалайтын жерлестеріне  арнап жеке көрмесін ұсынды. Кеншілер астанасындағы бейнелеу өнері мұражайының төрінен шебердің  70-тен аса туындысы орын алды.

Қылқаламның ұшында – Қарағанды

– Экспозицияда этюдтер көп. Көлемді туындылардың орнына дәл осы жанрдағы картиналарды ұсынуды жөн деп таптым. Жұмыстардың көбі өзіміздің сүйікті қаламыз Қарағанды туралы. Дегенмен, жанрлық суреттер де жетерлік, – дейді мерейтой иесі.

Жалпы, Олег Дроздовтың есімі еліміздегі бейнелеу өнері саласында өте танымал. Суретшінің Венеция, Санкт-Петербург, Псков, Астана қалаларын тақырып еткен сериялық туындылары сыншылар тарапынан жоғары баға алған. Дегенмен, ол өзінің туған қаласы Қарағандыны шығармашылық шабытының қайнар көзі санайды.

Бұл жайында белгілі өнертанушы Наталья Иванина былай дейді:

– Егер он жыл бұрын Дроздовтың картиналарында Қарағанды бізге жастау, шаттыққа толы, бірақ біртүрлі бөлектеу кейіпте көрінсе, оның кейінгі туындыларында қаланың болмысы  қарапайым тартқанымен адамға жақындай  түскендей әсер береді... Ол гитарада тамаша ойнайды. Содан да болар, оның еңбектерінде музыка мен көркем сурет біте қайнасып, образдардарға жан бітіріп тұрады.

«Қарағандыны шығармашылығына арқау ететін суретшілер көп. Алайда олардың бәрі де кеншілер астанасының портретін дәл Дроздовтай жан-жақты ашып көрсете алмайды». Бұл – майталман мамандар тарапынан дара талант иесі Олег Дроздовтың шығармашылығына берілген жоғары баға.

Қарағандыны қылқаламның құдіретімен тотыдай түрленткен суретшінің көрмесі қазан айының 22-сіне дейін жалғасады.