Қазақстан • 15 Қазан, 2019

Алматыда зиялы қауым өкілдері Президенттің Алғыс хатымен марапатталды

299 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қалалық әкімдікте жиналған зиялы қауым өкілдеріне Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Қазақ ССР Тілдер туралы» алғашқы Заңның қабылданғанына 30 жыл толуына орай  мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосқаны үшін Мемлекет басшысының Алғыс хаттарын тапсырды.

Алматыда зиялы қауым өкілдері Президенттің Алғыс хатымен марапатталды

Ана тілінің мерейін өсіріп, қолдану аясын кеңейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналу мәселесіндегі еңбектері үшін марапатталғандар қатарында  «Мемлекеттік тілге құрмет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Асылы Осман, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбаев, халық жазушысы Мұхтар Шаханов, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, жазушы Смағұл Елубаев, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Телғожа Жанұзақов, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, Ұлттық аударма бюросының редакторы Назгүл Қожабекова, жазушы-публицист Жұмаш Кенебай, «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Срайыл Смайылдың есімі аталды.

Бұл шара тіл тағдырына алаңдап жүрген зиялы қауым үшін келелі ойларын ортаға салған ерекше бір кездесу болды.  Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырудағы Тіл туралы заңның қабылдануы,  Алматы жұртшылығының алдағы міндеттері, ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының тілдің аясын кеңейтудегі үлесі,  қала мектептерінің кітапханаларын қазақ жазушыларының кітаптарымен, ғаламторды қазақ тілді контентпен толықтыру сияқты өзекті жайттарды тіл жанашырлары төтесінен қойып, осы шаралар ескерілсе деген ұсыныстарын білдірді.