Қазақстан • 16 Қазан, 2019

Ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

329 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Шығыс пен батыс түркілерінің арасын жалғап тұрған алтын арқау Әзербайжанның астанасы Бакуде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің саммиті жетінші рет салтанат құрды. Түбі бір туысқан елдердің ауызбірлігінің, тығыз қарым-қатынасының айғағындай Түркі кеңесіне Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келді. Мерейлі он жылдық белесінде Түркі кеңесін құру туралы бастаманы осы Әзербайжанның Нахчыван қаласында көтеріп, оның керегесінің кеңейіп, аяғынан нық тұруына еселі еңбек сіңірген Елбасының есімі саммитте ерекше аталып, тарихта алғаш рет Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы мәртебелі лауазымына тағайындалды.

Ынтымақтастықтың  жаңа кезеңі

10 жылдық белес

Түгел түркі төрге озған саммитке Кеңеске мүше мемлекеттерден Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Қырғызстан Президенті Соорон­бай Жээнбеков, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев және бақылаушы ел Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбан мен қонақ ретінде Түрікменстан Пре­мьер-министрінің орынбасары Пурли Агамурадов қатысты.

Бауырлас елдердің бұл жолғы басқосуы түр­кі әлемінің тұтастығын, жарастығын мұрат еткен Түркі кеңесінің мерейлі 10 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Бұған қоса интеграциялық үдеріс­терді жаңа белеске шығарған Кеңес дәл осы Әзер­байжан елінде құрылған еді. 2009 жылы Нахчыван қа­ласында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақ­тастық кеңесін құруға ұйытқы болған Нахчыван келісіміне қол қойылды. Осынау бастаманы көтерген – Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев. Саммитте алғаш рет Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы мәртебесі бел­гіленіп, Кеңеске мүше мемлекеттер бұл құрметке бірауыздан Елбасыны лайық деп таныды.

Басқосуда Түркітілдес мемлекеттердің ынты­мақ­тас­тық кеңесіне төрағалық еткен Қырғыз­стан­ның Президенті Сооронбай Жээнбеков өз жұ­мыс­тарын қорытындылады. Оның айтуынша, Түркі кеңесі құрылғалы бері ауқымды 55 іс-шара ұйым­дас­тырылса, соның 15-сі Қырғызстанның төрағалы­ғы кезінде өтті. Бұл кезеңде Мажарстан бақылаушы мәртебесіне ие болып, Будапешт қаласында Түркі кеңесінің еуропалық өкілдігі ашылды және Өзбекстан ұйымның толыққанды мүшесі атанды.

– Қырғыз тарапы араб елдерімен бірге Ислам Ынтымақтастығы Ұйымында Түркі кеңесіне бақылаушы мәртебесін беру бойынша жемісті жұмыс жүргізді. Енді бұл бағыттағы жұмысты Түркі кеңесінің хатшылығы жалғастыруы тиіс. Сондай-ақ Ош қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы деп жарияланды. Осы бастама аясында «Түркі әлемінің этномәдени фестивалі», «Байырғы Ош – өркениет орталығы» сияқты халықаралық іс-шаралар өтті, – деді Сооронбай Жээнбеков.

Бұған қоса Қырғызстан Президенті өз елі түркі елдері арасындағы экономикалық байланысқа үлкен көңіл бөліп отырғанын, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың әлеуетін арттыру қажет екенін, әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

 

– Түркі кеңесі елдерінің ішкі жалпы өнімінің көлемі шамамен 1,5 триллион долларды құрайды. Бізге экономикалық мүмкіндіктерді толық пайдалану керек. Қырғызстан бұл бағытта көлік дәліздерін кеңейту, энергетикалық нысандарды салу, жеңіл өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша жұмыс істеп жатыр. Логистика, көлік, туризм және инновациялық технологиялар салаларындағы байланыс­тар күшейіп келеді. Түркі кеңесі елдер­індегі әріптестерімізбен осы салалардағы бірлескен жұмысқа дайынбыз. Қырғызстан мен Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғаны түркі елдерінің кәсіпкерлеріне 190 миллион халқы бар нарыққа шығуға мүмкіндік береді, – деді Қырғызстан Президенті.

Одан әрі Сооронбай Жээнбеков сөз тізгінін бұдан кейін Түркі кеңесіне төра­ғалық ететін Әзербайжан Президенті Иль­хам Әлиев­ке берді. Өз кезегінде Ильхам Әлиев Әзербай­жан Түркі кеңесі­нің төрағалық қызметін разылықпен қабыл­дайтынын, бауырлас елдер арасындағы байланысты тереңдету мен кеңейту үшін күш салатындарын айтты.

Ол түркі халықтары бірлігінің ұйыт­қысы болып отырған осынау Кеңестің өз елінде, Нахчыван қаласында құрылғанына 10 жыл толып отырғанын және осы мерей­лі мерзімнің Әзербайжанда аталып отыр­ғанына қуанышты екенін жеткізді. Осы тұста Ильхам Әлиев Нахчыван Әзербай­жан жерінің құрлық бөлігінен бөлек ор­наласқанын, сол екі ортада Әзербайжанның ежелгі қаласы Зангезур қаласы барын айтып, бұл қаланың Арменияға берілуі Түркі әлемінің географиялық тұтастығына селкеу түсіріп тұрғанын мәлімдеді. Осылайша Әзербайжан Президенті түркі елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін назарға алды.

– Саммиттің бүгінгі тақырыбы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналып отыр. Әзербайжанда осы салаға бағыт­талған арнайы агенттік жұмыс атқа­рады. Экономика жөнінде сөз қозғасақ, Әзербайжанға 270 млрд доллар инвестиция тартылған. Олардың жартысы – шетелдік инвестиция. Соның ішінде 12 млрд доллар инвестицияны Түркия салды. Дүниежүзілік «Doing Business» зерттеу тобының есебіне сәйкес жаңашыл елдерд­ің тізімінде Әзербайжан алғашқы 20-лыққа енді. Біз Ұлы Жібек жолын қай­та жаңғыртуды қолдаймыз. Мысалы, 2018 жылы Әзербайжан аймағынан түркі елде­рінің 2 млн тонна жүгі өтті, – деді Ильхам Әлиев.

Осыдан кейін Әзербайжан Президенті Түркі кеңесін құру туралы бастама көтеріп, оның аяқтан нық тұруына сүбелі үлесін қос­қан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевты Түркі әлемінің жоғары орденімен салтанатты түрде марапаттады.

 

Елбасы – Құрметті Төраға лауазымына тағайындалды

Түркі елдерінің басқосуында төрден орын алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз алып, Каспий теңізі жағасындағы әсем Бакуде ұйымның он жылдық мерейтойында жүздесудің символдық мәні зор екенін айтып, Әзербайжан жерінде меймандостық көрсетіп, іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Ильхам Әлиевке ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті және бүкіл бауырлас өзбек халқын Түркі кеңе­сіне толыққанды мүше болуымен құттықтап, бұл бүкіл түркітілдес қауым үшін тарихи әрі көптен күткен оқиға екенін жеткізді.

Бұдан кейін Елбасы бақылаушы ел ретінде саммитке алғаш рет қатысып отырған Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанды да құттықтап, Буда­пештте Түркі кеңесінің өкілдігін ашу маңызды қадам екенін, бұл өкілдік Еуропа бағытындағы Кеңес қызметінің өрісін кеңейтетінін, түр­кітілдес елдердің Шығыс пен Батыс арасын­дағы дәнекерлік рөлін нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев өз сө­зін­де Сооранбай Жээнбеков бастаған қыр­ғыз елі­нің Кеңестегі төрағалығын жоғары бағалады.

– Маған «Түркі кеңесінің Құрметті Төр­ағасы» мәртебесін беруді ұсынған бауырым, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға алғысымды білдіремін. Осы бас­таманы қолдағандарыңыз үшін баршаңызға ризамын. Бұл жоғары мәртебе маған өзімнің бастамаммен құрылған ортақ ұйымымыздың жұмысына белсене қатысуымды жалғастыруға мүмкіндік береді, – деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті түркі­тілдес мемлекеттер басшыларының толық фор­маттағы алғашқы кездесуін еске алып, оның 1992 жылы қазан айының соңында Анкарада өткенін атап өтті.

– Орталық Азияның жаңа тәуелсіз мемле­кеттері тарихының алғашқы кезеңі еді. Сол кезде-ақ ортақ тарих, тіл, мәдениет және салт-дәстүрге негізделетін, барлық бауырлас халықтар арасына дәнекер болатын бай­ланыстардың бар екенін айқын түсіндік. Сондықтан тамырлас елдердің бәрі Анкара мәлімдемесіне қол қойды. Сол арқылы біз түркі әлемінің байтақ кеңістігінде өзара ынтымақтастықты дамытуға деген ерік-жігер мен батылдық көрсеттік. Кем дегенде Қазақстан халық­аралық аренадағы өзінің негізгі басым­дықтарының бірі ретінде түркі векторын айқындап алды. Түркітілдес мемлекеттер басшылары Әзербайжанда, Түркияда, Қырғызстанда, Өзбекстан мен Қазақстанда әртүрлі құрамда онға жуық кездесу өткізді. Елдеріміздің ішкі күн тәртібінің әралуандығы мен сыртқы саяси жағдай сол кездесулердің әрқилы нәтиже беруіне әсерін тигізді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы осыдан 10 жыл бұрын Нахчы­ванда Түркітілдес мемлекеттер ынтымақ­тастығы кеңесін құру туралы негізгі құ­жатты бекіткен­дерін, осылайша өзара бай­ланыстың барынша ойластырылған және прагматикалық жаңа кезеңі басталғанын, дәл осы бастама қазіргі мерейтойлық межеге жақсы жетістіктермен қадам басуға мүмкіндік бергенін мәлімдеді.

– Біріншіден, біз жаһандық тұрғыда да, өз ішімізде де ұйымға сұраныс бар екендігін әрі оның өзектілігін дәлелдей алдық. Екіншіден, Кеңестің қатары Өзбекстан мен Мажарстан есебінен толықты. Бұл – біздің бірлескен жылнамамыздың жаңа парағы. Үшіншіден, елдеріміз салмақты институционалдық архитектура қалыптастырды. Төртіншіден, Кеңестің өңірлік және халықаралық деңгейдегі саяси және экономикалық беделі өсіп келеді. Бесіншіден, Түркі әлемі интеграциясының тұжырымдамасы қабылданды. Осы құжатқа сәйкес, түркітілдес елдердің көп қырлы ықпалдастығы келешекте бұдан да жоғары деңгейге көтеріледі, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

 

Түркі кеңесінің атауын өзгертуді ұсынды

Нұрсұлтан Назарбаев ширек ғасырдан аса уақытта түркітілдес мемлекеттер бас­шыларының түрлі құрамдағы 17 кездесуінің бәріне қатысқанын ерекше атап өтті.

– Мен үшін «Turk» сөзінің әрбір әрпі әрқашан айрықша маңызға ие. Айталық, «Т» әрпі – траст, яғни сенім, «Ю» – юнити, яғни «бірлік», «Р» – ренессанс, яғни «қайта өркендеу, «К» киншип, яғни «туыстық» деген мағынаны береді. Осы тұрғыда менің қауымдастық ішіндегі жұмысымның бас­ты мақсаты елдерімізді жақындастыру болды. Сондықтан бірлескен күш-жігердің арқасында осы мақсатқа қол жеткізгенімізге өте қуаныштымын. 160 миллионға жуық азаматы бар біздің бауырлас алып отбасымыздың аясы кеңейіп, қарым-қатынасымыз дамып келеді. Сонымен қатар бүгінде әлемде алпауыт державалар арасындағы текетірес пен сенім дағдарысы салдарынан күрделі саяси ахуал қалыптасып отырғаны баршаға аян. Кейде біздің Кеңесімізге мүше елдер арасында да шешуді қажет ететін мәселелер туындап жатады. Әрине, мұндай жағдайда біз қол қусырып қарап отырмадық. Осындай сын-тегеуріндерге жауап ретінде Түркі әлемі интеграциясының тұжырымдамасын қабылдау жөніндегі қадамды және Шолпан-Атада (Қырғызстан) мен ұсынған түркі ынтымақтастығы ұйымдарының реформасын атап өтуге болады. Мен осы реформаны жүзеге асыратын Үйлестіру комитетін құру туралы шешімді қолдаймын. Бұл комитет құрылымдардағы жұмысты бір жүйеге келтіріп, бірін-бірі қайталауға жол бермеуі қажет, – деді Елбасы.

Түркі кеңесі 10 жылда қалыптасу жолын артқа тастап, жаңа кезеңге қадам бас­ты. Осыған орай Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті түркі болашағының жаңа көкжиегін қа­лыптастыруға кірісетін уақыт келгенін айтып, ортаға екі ұсынысын тастады. Оның біріншісі «Түркі келешегі – 2040» бағдарламасын әзірлеу болды.

– Бұл құжатқа түркітілдес қоғамдас­тық­тың ұзақ мерзімді мақсаттары мен оған қол жеткізу жолдары енгізілуі тиіс. Осылайша біз өз халықтарымызға аталған кезеңдегі түркі интеграциясының түпкі бейнесінің көрінісін ұсынамыз. Сол арқылы сыртқы саясат және «жұмсақ күш» саясаты, сауда мен транзит, туризм мен инвестиция, энергетика мен «жасыл» экономика, шағын және орта бизнес сияқты елдеріміздің басымдық беретін салаларындағы өзара ықпалдастығына тың серпін береміз. Бағдарламаға мәдениет пен білім беруді, жастар саясаты мен денсаулық сақтауды, цифрландыру мен жасанды интеллектіні де қосу қажет. Сондай-ақ қазіргі кезде Қазақстан ғаламат құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан «Түркінің бесігі» саналатын Түркістан қаласын дамытуды да бірлесіп енгізу керек. Тиісті талдау жүргізгеннен кейін бұл құжатқа осы және алдыңғы саммиттерде ұсынылған бастамаларды іске асыру жөніндегі «Жол карталары» да енгізілуі тиіс. Мемлекеттерімізді дамытудың ұлттық бағдарламаларымен бұл құжаттың үйлесім табуы да өте маңызды. Сонымен бірге біз бірлестіктің ашықтығын қамтамасыз етіп, қандай да бір блоктық санадан аулақ болғанымыз жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы екіншіден, келешекте Кеңестің атауын өзгерту мәселесін қарастыруды ұсынды.

– Біздің тіліміздің, сондай-ақ тари­хы­мыз­дың, мәдениетіміздің, дүниетаны­мымыз бен салт-дәстүріміздің тамырлары – бір. Осының негізінде бүгінгі түркі интеграциясының табысты болуы тек біз үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту үшін де страте­гиялық маңызға ие. ХХІ ғасыр осы мүм­кіндікті беріп тұр және біз оны толықтай пай­далануымыз қажет. Бұл ретте Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесін Ұйым деңгейіне дейін көтеруге болады деп санаймын. Осылайша біздің құрылымды түркітілдес деп емес, «Түркі­тектес мемлекеттер ұйымы» деп атауға болады, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Елбасы сөзінің соңында Түркі инте­гра­ция­сын нығайту және ілгерілету бағы­тындағы еңбегі жоғары бағаланғанын үл­кен абырой, зор мәртебе көретінін, алдағы уақытта да осы бағыттағы ортақ іске көмек­тесуге, қолдау көрсетуге әрқашан дайын екенін мәлімдеді.

 

Кәсіпкерлікке кең өріс

Елбасы әу бастан түркі жұртына тұтасу жолымен қоса, экономикалық интегра­цияға негізделген берік байланыс ор­натуды ұсынды. Содан бергі 10 жыл бойы Түркі кеңесі арқылы туысқан ел­дер саяси, экономикалық және әлеуметтік салалар­дағы ынтымақтастықты күшейткен айтулы жетістіктерге қол жеткізді. Осы бағыттағы іс-шараларды одан әрі ілгерілету үшін биылғы саммит «Мүше мемлекеттердің шағын және орта кәсіпорындарын қолдау» тақырыбына арналып отыр. Алқалы жиында мемлекеттер басшылары аталған бағыттағы басымдықтарға тоқталды.

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердо­ған сөз алғанда алдымен Нұрсұлтан Назар­баев­ты Түр­кі кеңесінің Құрметті Төр­аға­сы атан­ға­ным­ен құттықтап, Түркі әлемінде Түркі кеңе­сінің деңгейі жоғарыла­ғанын айтты.

Саммиттің алдында Режеп Тайип Ер­до­ған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен екі­жақ­ты кездесу өткізіп, тараптар түркі әлемі елдері интеграциялық үдерісінің қазіргі жағ­дайы мен алдағы перспективаларын тал­қылады. Сонымен қатар олар аймақтық қа­уіпсіздікті және Еуразия құрлығы мем­лекеттерінің тұрақты дамуын қамта­масыз ету мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Ал Түркі кеңесінің отырысында Түркия басшысы күн тәртібіндегі экономикалық мәселелерге тоқталды.

– Біз экономикалық ынтымақтастыққа үлкен мән береміз. Осы тұста доллардың біздің экономикамызға ықпал етуін төмен­детуіміз керек. Каспий дәлізінің Түркия эконо­микасы үшін маңызы зор. Бұл бағытта­ғы жұмысты ілгерілету кедендік ынтымақ­тастықты күшейтуге тікелей байланысты. Коммерциялық қарым-қатынасқа кедергі келтіріп отырған барлық квотаны алып тастауымыз тиіс деп санаймын, – деді ол.

Сонымен қатар Режеп Тайип Ердоған Түркия соңғы жылдары студенттерге 3000 стипендия бөліп жатқанын, ол стипендияны иеленгендердің ішінде түркі елдерінің азаматтары көп екенін, қазіргі кезде Түркияда оқыған түлектер табысты еңбек етіп жүргенін атап өтті.

Түркия Президенті түркі елдерінің қауіпсіз­дігі туралы сөз қозғағанда тер­ро­рис­тер төн­діріп тұрған қауіп-қатерге тоқталды. Осы ретте ол Түркия жүргізіп жат­қан Сирия­дағы әскери операцияның мақ­саты босқын­дарды еліне қайтару екенін, бүгінде 3 мил­лион сириялық бос­қынды Түркияда паналат­қандарын айтып, бауырлас елдерді Сирияға қолдау көрсетуге шақырды.

Режеп Тайип Ердоған өз сөзінде келесі жылы Түрікменстан да Кеңеске мүше болады деп үміттенетінін, болашақта алты мемлекет ортақ мақсатқа жұмылса, үлкен күшке ие болатындарын мәлімдеді.

 

Бес саусақтай бірігіп, ортақ мақсатқа жұмылды

Түгел түркінің туын тік көтерген, тере­зесін тең еткен аталған Кеңес әуелде төрт мемлекетті түгендеп, оған Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия мүше болды. Енді биыл мерейлі жылдың қар­саңында Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің керегесі кеңейіп, Өзбекстан қатарға қосылды. Былтыр бақылаушы ел ретінде Кеңестің ортасынан табылған Өзбекстан биыл оның толыққанды мүшесі болып, бауырлас елдермен иық теңестірді.

Өзбекстан Президенті Шафкат Мир­зиёев өз елінің Түркі кеңесіне қосылуын барлық жағынан заңдылық екенін айтты.

Сонымен қатар ол Өзбекстанда турис­тердің саны көбейіп жатқанын, әсіресе елге қыдырып келетін туысқан халықтар көп екенін мәлімдеді. Бұған қоса ол шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше ынталы екенін айтып, Кеңеске мүше әр мемлекетте түркі елдерінің сауда үйлерін ашуды ұсынды. Осы ретте Шавкат Мирзиёев жас кәсіпкерлерді ынталандыруға мән беріп, Өзбекстанда жас кәсіпкерлер форумын өткізуге дайын екендерін жария етті.

Сондай-ақ Өзбекстан Президенті Халық­­аралық Түркі академиясына қосы­луға бейілді екенін айтып, «Түркі мәде­ниетінің жауһарлары» атауымен 100 томдық басып шығаруға ұсыныс жасады. Бұл жоба­ның ішінде бүкіл түркі халықтарының ғұлама­лары­ның еңбектері қамтылмақ. Осы ретте ол Түркі мәдениетіне қосқан үлесі үшін ТҮРКСОЙ сыйлығын тағайындау туралы бастама көтерді.

Бұдан кейін сөз кезегі Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбанға тиіп, ол Елбасының Түркі әлемінің ортақ мақсаттарын жүзеге асыруға еселі еңбегі сіңгенін айтып, Нұрсұлтан Назарбаев Мажарстандағы қыпшақтардың үлкен досы деп мәлімдеді. Ол Түркі кеңесінің қызметін бақылап қана қоймай, оның жұмысының жандануына да күш салатындарын, түркі елдерінің Еуропамен ынтымақтастық орнатуға септесетіндерін айтты және түркі елдерінің азаматтары үшін Мажарстан 725 стипендия бөлетінін жеткізді.

Ал Кеңеске қонақ ретінде қатысып отырған Түрікменстанның Премьер-ми­нис­трінің орынбасары Пурли Агамурадов ынтымақтастықтың маңызды бөлігі ретінде мәдени дипломатияға тоқталып, Каспий арқылы басқа да құрлықтарға жол ашуды қолдайтындарын атап өтті.

Алқалы жиын соңында Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев баяндама жасады. Ол бауырлас Өзбекстанның ұйымға қосылуы Түркі кеңесінің жұмысына тың серпін беріп, Түркітілдес мемлекеттер мен халықтардың ынтымақтастығы Түркі кеңесінің біріктіруші көк байрағы астында арта түсетінін атап өтті.

Бас хатшының айтуынша, Мажарстан­мен ынтымақтастық кеңейді. Бұған қоса, 2019 жылғы 19 қыркүйекте Будапешт қаласында Сыртқы істер министрлерінің көмегімен Түркі кеңесінің еуропалық бөлімі ашылды. Бұл қадам – Мажарстанның Түркі әлемімен байланыстарын дамытуға деген ниетінің айқын айғағы.

Сонымен қатар Кеңес бауырлас Түрік­менстан елімен қарым-қатынас құруда айтар­лықтай табыстарға қол жеткізді. Осы жыл­дың маусым айында Түркі кеңесі Бас хатшы­сының Түрікменстанға алғашқы ресми са­пары өтті. Екіжақты кездесулер барысында Түрікменстанға Кеңесте бақылаушы мәрте­бесін беру туралы өзара түсіністік орнаған.

Бұдан кейін Бағдат Әміреев Кеңеске мү­ше мемлекеттер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше мән беріп, күн тәртібінің негізгі тақырыбы шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде кеңінен сөз қозғады. Түркі кеңесінің аясында 17 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында құрылған Түркі сауда-өнеркәсіп палатасы елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға үлкен үлес қосатынын айтты. Өзбекстан мен Мажарстанның сауда палаталары да бұл процеске ресми түрде қосылды. Бір апта бұрын Ташкентте 500 іскердің қатысуымен кең көлемді бизнес форум өтті. Кеше Бакуде дәл осындай үлкен бизнес форум ұйымдастырылды. Осы екі форумда ондаған келісімдерге қол қойылды. Осы жылдың экономика саласындағы тағы бір маңызды бастамасы – Түркі инвестиция қоры. Аталған қор шағын және орта бизнес кәсіпорындарын қолдау арқылы елдеріміздің сауда-экономикалық ынтымақтастығына серпін беруі тиіс.