– Әй, қайтесің оны, лақтыра сал!.. – Қарлығыңқы шыққан әйел даусы ойымды бөліп жіберіп, жалт қаратты.
Шамамен 4-5 жасар қыз бала балмұздақ па, шоколад па, әйтеуір жеп тұрған тәттісінің қағазын жерге тастай салды. Оны жел көтеріп әкетті де, жүйткіп бара жатқан көліктің есігіне жабыстыра салды.
– Жүр, енді үйге!
Күздің жаймашуақ күндерінің бірінде осындай оқиғаның куәсі болдық. Осы сәтте қоғамда дау тудырған мәселе – оқушылардың мектепте еден жууына қатысты жағдай ойға орала кетті.
Бүгінгі балаларды қайдам, әйтеуір өзіміз сыныпта еден жудық. Кезекпен. Сабақ аяқталған соң, шелекпен су әкеліп, сынып ішін айнадай жарқыратпасақ та, еденді дымқыл етіп сүртіп шашылған қағаздарды жинап қоятынбыз. Одан жаман болған бала жоқ шығар, сірә, осы күні. Қош.
Осылайша, әлеуметтік желіде біреуі жақтап, енді біреуі даттаған бұл тақырып жабылғандай болған-ды.
Еден жуу демекші, өзіміз жиі үлгі тұтатын Жапония халқы мұндайға аса мән беріп, бас ауыртпайтын тәрізді. Неге десеңіз, онда оқушылар 12 жыл бойы сыныпты тазалайды. Бұған еттері үйренген. Құдды парыз секілді қарайды. Осы арқылы балалар тазалыққа үйреніп, қоршаған ортаны ластамауды бойларына сіңіретін көрінеді.
Ол елде қоқыс тастайтын жәшіктер мен аула сыпырушылар жоққа тән.
Барлық қоқысты жапондар сұрыптап төрт түрге – шыны, жанатын, қайта өңдеуге жарайтын, жанбайтындар деп бөліп, арнайы ыдыстарға салады. Осыған әбден үйренген.
Жапонияға барған адамның мемлекеттің мұнтаздай тазалығына таңдай қағатыны сондықтан болса керек.
Жуырда ВВС «Жапония қалайша ерекше таза мемлекетке айналды?» деп жазыпты. Автордың айтуынша, мемлекеттің тазалығын азаматтар сақтап тұрған көрінеді.
«Мектепте 12 жылда тазалық жұмыстары күнделікті тәртіп саналады, деп жазады автор. – Отбасында әр ата-ана балаларды тазалыққа үйретіп, қоршаған ортаны тазалықта ұстау керектігін бойына сіңіреді. Бұл қоғамдық сананың элементін мектеп бағдарламасына енгізіп, балаларды қоршаған ортаны аялауға баулиды. Өздері тазалауы керек мектеп айналасын кім шашсын?».
Осындайда еске түседі, 2014 жылы жапон футбол жанкүйерлері Бразилиядағы, 2018 жылғы Ресейдегі Әлем чемпионатында өздерінің тазалықсүйер әрекеттерімен әлемді таңдандырған еді. Мұндай сценарий музыка фестивальдерінде де байқалады екен.
ВВС авторының жазуынша, Жапонияда кеңсе қызметкерлері күнде таңертең жұмыс орындарының айналасын жинаса, балалар да ай сайын мектеп аумағын тазалайды. Мақала авторы бұдан әрі жапондардың не себепті тазалыққа құмар екенін анықтауға тырысып көріпті.
«1600 жылы Уилл Адамс Жапонияға барған алғашқы ағылшын болды. Ол өз биографиясында жапондар айналасын таза ұстайтынын және өзінің осындай тазалыққа таңғалғанын жапондар түсінбегенін жазған. Тазалыққа құмарлық практикалық проблемалардан пайда болуы мүмкін. Жапониядағыдай ыстық және ылғалды ортада тағам тез бұзылады, бактерия жылдам тарайды. Яғни жақсы гигиена жақсы денсаулық кепілі болады» дей келе автор Жапонияға барған кез келген адам тазалыққа тез үйренетінін, ал еліне оралған соң бұрынғы тіршілікті қабылдай алмайтынын жазған.
Айтпақшы, жапондықтар үнемі тамақ туралы әңгіме айтқанды жөн көреді екен. Әсіресе, тамақтануға отырған кезде өздеріне астың қалай ұнағанын үнемі ортаға салатын көрінеді. Кешкі асты ішіп отырып бірнеше рет «өте дәмді» деп айтпау мәдениетсіздік іспетті болады екен.
Ендеше, жоғарыда жазғанымыздай, Жапониядан айналамызды ластамауды, тазалық сақтауды, қоршаған ортаға зиян тигізбеуді де үйрене берсек, біз үшін «мәдениетсіздік» болмас еді.