Аты бар да, заты жоқ сабақ
Баласы елордадағы №56 мектеп-лицейде оқитын Жұлдыз Нұржан 5 жастан асқан балаларға және 1 сынып оқушыларына арналған «Алматыкітап» баспасының еңбекке баулу оқулықтары қатты ұнайтынын айтады. Сапасы да, үйлестірілуі де өте жақсы шыққан. Сол кітаппен мұғалімнің жұмыс жүргізбейтініне өкініш білдіреді. Оның айтуынша, мұғалім WhatsAPP әлеуметтік желісіндегі ата-аналар чатына көркем еңбек сабағының болатын күні кітап пен жұмыс дәптерін балалардың әкелмей-ақ қоюы керегін жазады. Оның орнына сауат ашу немесе математика пәндері өтіледі-міс. «Бұл барлық мектепте бар жағдай. Әр пәнге бөлінген сағатты сол пәнге дұрыстап арнауын сұрап үлкен ұлымның да, кейіннен қызымның да мұғаліміне жексұрын болумен келемін», дейді Ж.Нұржан. Ата-ананың айтқаны бізді де алаңдатты, бекітілген пәннің өтілмеуі – бір, одан да терең күрсінтетіні «барлық мектепте бар жағдай» дегені болды. Сол себепті басқа ата-аналардың пікіріне де құлақ түргенді жөн көрдік. Мәселен, Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы Басқұдық елді мекенінің тұрғыны Жұлдызай Саидсұлтан 1 сыныпта оқитын қызының «Еңбек сабағына қажетті деген құралдарды пайдаланбайтын болсам, не үшін сатып алып бердіңдер?» деген сұрағына жауап бере алмай қиналғанын айтады. Мақала жазу барысында жүргізген «Балаңыз мектептегі еңбекке баулу сабағынан не үйреніп жүр?» деген сауалдамамызға Ж.Саидсұлтан:
«Мені көптен мазалап жүрген мəселені көтеріпсіздер. Еңбекке баулу, денешынықтыру пəндері əлі өткен жоқ. Қызым 1-сыныпта оқиды. Бір сабақтың орнына неге басқа сабақ өтетінін түсінбеймін. Сол пəнді қойды ма, жоғарыдан бекітті ме, демек балаға қажет деген сөз емес пе?!», деп жауап берді.
Мұндай мазмұндағы, яғни сабақтың уақытында өтілмеуі турасындағы ойды Алматыдан жауап жолдаған ата-ана Жұлдыз Әбілда: «Бастауышта еңбек сабағы дұрыс өткен жоқ. Биыл 5-сыныпқа көштік, өтіп жүр. Кей ата-ана сол сабаққа қажетті заттарды алып беруге қиналатын сияқты. Тіпті жауапты деген менің өзім бір айдан бері гипсті бинт әпере алмай жүрмін. Бір-екі дәріханадан сұрап едім, болмады. Әйтеуір келесі тоқсанда қуыршаққа көйлек тігеміз деген бе, қызым соны күтіп жүр», деп нақтылай түсті. Ата-ана анық айтқандай, баланы еңбекке баулитын пән жоғары сыныптарда ғана лайықты деңгейде, уақтылы өтеді.
Мұғалімдердің бұл сабаққа немқұрайлы қарауы неден туындап отыр? Бәлкім ата-аналардың қалауы шығар. Негізі қоғамда еңбек пәніне деген оң көзқарас қалыптаспағаны байқалады. Оның бір себебі 4, 9, 11-сыныптарда бұл пәннен емтихан немесе тестілеу тапсырмайтынында жатыр. Сондықтан ата-аналар да бұл сабаққа аса мән бермейді яки сағатын өзге пәндерге қолдануды қолдайды. Бұл мәселенің барын Қазақстандағы Орталық Азияның Еуразия қоры (EFCA – Eurasia Foundation of Central Asia) да ашық жазыпты. Ұлттық және өңірлік деңгейлерде азаматтарға қоғамдық мәселелердің тиімді шешімдерін табу және ілгерілетуге көмектесе отырып, қоғамдық және жеке ресурстардың жұмылуын көздейтін ұйым былтыр «Бірге оқимыз» жобасын жүзеге асырған болатын. Соның нәтижесінде «Заманауи мектепте еңбек сабағы керек пе?» деген тақырыпта мақала жариялаған. Аталған материал: «Көптеген ата-аналар бүгінде мектептегі еңбек сабағының немесе қазір технология аталатын пәннің пайдасына күмәнданады», деп басталады. Қордың жобалық менеджері Ажар Нұрбай қазіргі таңда кәсіби мамандардан жаңаша, ерекше, шығармашыл ойлау талап етілетінін айтады. Ал оның бәрі осы бір қоғамның кейбір тобы керексіз санайтын технология пәнінде қалыптасады. «Ата-аналардың көбі еңбекке баулу сабағын жай ғана уақыт құрту деп санайды. Меніңше, мәселе – пәнде емес, оған балалардың қызығушылығын арттыратын мамандардың жетіспеушілігінде. Сабақтың жоспары көп жобаны соңына дейін жеткізуге мүмкіндік бермейді. Еңбекке баулудан беретін мұғалімнің мәртебесі төмен, мектептер еңбек сабағына қажетті материалдық-техникалық базамен толық қамтамасыз етілмеген. Көп білім ошақтарында оқушылар сол себепті қымбат уақытын құр кетіріп, еңбек сабағында бос отырғандықтан мәселе осылай қиындай түскен», дейді.
Шындығында, еңбекке баулу сабағы баланың болашақ өміріне аса қажетті дағдыларды игеруіне мүмкіндік береді. Айталық, оқушының қиялын, абстрактылы ойлауын, елестетуін, жасампаздығын, эстетикалық талғамын қалыптастырады. Сондай-ақ есте сақтау қабілетін, логикасын, көзбен өлшеуін, қозғалыс әрекетін, дербестігін, шыдамдылығын дамытады. Бұдан бөлек саусақтың ұшы жұмыс істеген сайын ми жұмыс істейтіні ғылымда дәлелденген, сол себепті психологиялық ауытқулар мен күйзелісті жеңуге жәрдемдеседі. Ал бәрінен бұрын бұл – кәсіпкерліктің бастауы.
Технологияның көлеңкесінде қалған «еңбек»
Жаңартылған білім бағдарламасы бойынша 5, 6-сыныптарда бұрынғы еңбек сабағы бейнелеу өнері пәнімен біріктірілген немесе мамандар сөзімен жазсақ, кіріктіріліп технология болған. Технология сабағында екі пәндегі дағдылар қоса үйретіледі. Бұл қаншалықты дұрыс? Мұғалімдердің сағаты қысқаратыны бар, екіншіден, екеуі екі басқа пән, екі түрлі сала.
Білім беру саласында 31 жылдық еңбек өтілі бар, бейнелеу өнері, сызу, еңбекке баулу пәндерінен сабақ беріп келе жатқан Ғалия Ағыбаева сабаққа қызығушылығын арттыру мұғалімнің кәсібилігіне байланысты екенін жеткізді. «Бастауыш сыныпта көп мұғалімдер еңбекке баулу, бейнелеу өнері пәндерін екінші орынға жылжытып қояды. Ештеңе үйренбейді деген әңгіме осыдан шығып отыр. Кәсіби маман берген сабақ өз деңгейінде өтеді. Балалар да аса қызығушылықпен қатысады. Еңбекке баулу пәні 1-сыныптан бастап өте қажет және 11-сыныпқа дейін жүруі керек», дейді. Ғ.Ағыбаеваның айтуынша, қазіргі бейнелеу өнері бір тоқсан ғана өтеді де, қалған тоқсанда еңбекке көшіп кетеді. Бастауыштан түрлі-түсті қарындашпен ғана сурет салуды үйреніп келген балаға енді бояумен сурет салуды үйрете бастағанда, бағдарлама бойынша басқасына көшу керек. Мұғалімнің сағаты жоғалмады дегенмен, бейнелеу өнері теориясы да үйретілмей жолда қалады. Өте өкінішті. Айта берсең, әңгіме көп. Сызу пәні де жойылды. Оны таңдау пәні етіп 10-сыныпқа қалдырды. Көп оқушы 9-сыныптан кейін оқуға кетеді. Сызу туралы түк білмейді», дейді маман.
Ал екінші бір педагог екі пәннің қосылғанын қолдайды. Елордадағы Абай есімін иеленген №87 мектеп-гимназиясының көркем еңбек пәні мұғалімі Ғани Бақытұлы: «Алғашқы тоқсанда бейнелеу өнерімен айналысады, екінші тоқсан сәндік-қолданбалы өнермен шұғылданады. Ал кейінгі тоқсандарда дизайн, технология мен үй мәдениеті бойынша жұмыс істеуге дағдыланады. Мұның барлығы – бір-бірімен байланысып тұратын, біреуі біреуінсіз толық өнім шығара алмайтын салалар», дейді. Сондықтан біріктірілгені және бәрінен бір адамның сабақ беруі керісінше оқушыны үйренген адаммен терең, нәтижелі жұмыс істеуіне алып келетін көрінеді. Мәселен, бала бейнелеу өнерінде суретін салған құмырасын еңбектену арқылы қыштан жасайды, өзіндік дизайн ойлап табады. Қорытындысында үй жағдайында қолдануға болатын дүниелерді өздері әзірлей алатынын, пайдалану жолдарын түсінеді.
Салғырттықтың соңы
Педагогтардың айтуынша, 5-6-сыныптарда технология пәні аптасына 2 сағат өтеді. Ал одан жоғары сыныптарда жұмасына бір рет болады. Демек, еңбекке баулу ортаңғы сыныптарда 1-ақ рет, ал жоғары сыныптарда екі аптада бір өтетін болып тұр. Оның өзі сағаты ұрланбаса, маман майталман болса, маңызын жоғалтпаса ғана өз деңгейінде өтеді. www.booksite.ru сайтында жарияланғандай, 1959 жылғы оқу жоспарында 1-10-сыныптар бойынша орыс тіліне барлығы 57 сағат, еңбек сабағына 58 сағат белгіленіпті. Жаңашылдыққа ұмтылдық дейміз, ескілікке емешегі үзіле қоймайтын қазіргі қоғам тіпті Кеңес өкіметінің кезінде еңбекке баулу пәніне орыс тілінен де көп сағаттың бөлінгенінен бейхабар болар. Сонда біз Кеңес кезінен де кері кетіп барамыз ба?
Адам қанша жерден ілім жиғанымен, оны өміріне, қоғамның қажетіне жарату үшін еңбекке епті, кәсіпке құштар болуы керек емес пе еді. Ал оның бәрі осы бір елеусіз пәнде бойға сіңуі тиіс-тін. Еңбекке баулу сабағына деген салғырттықтың соңы жұмыс іздеуге құлшынбайтын, өз бетінше қарекет қыла алмайтын, жатыпішер жалқау буынды қалыптастырып шығарады. Бұл бізге керек пе?