Отырыстың ашылуында сөз алған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова қабылданғалы тұрған заң еліміздің болашағымен байланысты екенін айтты. «Елбасы педагогтардың мәртебесін көтеретін заң жобасын әзірлеу туралы бастама көтергенде, мұғалімдердің өз қызметіне жатпайтын жұмыстарға жегілуіне шектеу қою керектігін шегелеп айтқан еді. Міне, заң жобасы қайдан бастау алды?», деген мәжілісмен негізгі ойдан алшақтамай, басты талапты орындау қажеттігіне тоқталды. «Жаңа заң жобасында көп мәселе қарастырылған. Бірақ біз нақты нәтижені көргіміз келеді. Айталық, мұғалімнің айлығы қанша, педагогқа белгіленген жүктеме қандай боларын осы заңда ашық көрсетілгенін қалаймыз. Бұл үшін анық, салмақты ұсыныстарымызды ортаға салайық», деп сөз кезегін спикерлерге берді.
Елордадағы ата-аналар қауымдастығының төрайымы Гүлнар Мансұрқызы талқылауға түскен заң жобасы тек мұғалімдерге емес, тұтас қоғамға қатысты мәселе екенін жеткізді. Оның ойынша, педагогтардың материалдық жағдайын сөзсіз жақсарту қажет. Десе де қоғам алдындағы мұғалімнің мәртебесін балаларды отбасында педагогпен дұрыс қарым-қатынасқа тәрбиелеу арқылы лайықты деңгейге көтере аламыз. «Ал заң жобасына келсек, құжатты осы күйінде қабылдаудың қажеті де жоқ сияқты. Себебі бұл мұғалімнің мәртебесін көтеруден гөрі кей тұстарда құқығын шектеп тұр. Мәселен, педагог баланың суицидке барғысы келетінін, өміріне қандай да бір қауіп төнгенін полицияға айтуы тиіс екен. Бұл мұғалімнің функционалдық қызметіне жатпайды. Содан соң мұғалім алғаш осы қызметке келгенде мектеп басшылығы бекіткен мәтінге сәйкес ант беруі керек көрінеді. Бұл директорға деген тәуелділікке алып келеді», дейді. Ата-ананың пайымдауынша, бізде мектеп директорларын тағайындаудың өз тәртібі енгізілуі тиіс. Білім-инновация лицейлерінде мектеп директорлары әр 4 жыл сайын ауысып отырады. Сондай тәжірибені жалпы мектептерге қолданған жөн. Әйтпесе, бас қаланың өзінде 20 жылдан бері табан аудармай бір білім ошағын басқарып отырған басшылар бар.
Ал шетелдердегі мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған бағыттарды зерделеген сарапшы Айжан Дастанқызы педагогтардың әлеуметтік картасына баса назар аудару керектігіне тоқталды. «АҚШ-та мұғалімдер зейнетке шыққанда мемлекеттен алатын зейнетақысынан бөлек тағы ақша алады. Оны әрбір штаттағы арнайы қор тағайындайды. Мұндай ұйымдар педагогтардың зейнетақы қорына белгілі бір мөлшерде ақша салып отырады. Соны кейін зейнетақы ретінде береді. Осы тәжірибені зерттеп, біздегі заң жобасына енгізуді ұсынамын», деген А.Дастанқызы әр штаттың экономикалық, географиялық ерекшеліктеріне қарай зейнетақы мөлшері әртүрлі болатынын айтты. Сол себепті еліміздегі жергілікті атқарушы органдардың да түрлі деңгейде қарастыруы заңды болмақ.