Қоғам • 16 Қазан, 2019

Қызметтен заңсыз шығарса не істеуге болады?

834 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Оқырмандардан арыз-шағымдар жиі түседі. Солардың дені қызметтен заңсыз шығарылдық, мұндай жағдайда не істей аламыз деген сұрақтарға жауап іздейді. Осы сауалдарға белгілі заңгер Шолпан Сейсембаева жауап береді.

Қызметтен заңсыз шығарса не істеуге болады?

С. Әділгереева, 
Нұр-Сұлтан қаласы:

– Мен көп жылдан бері бір мекемеде қызмет етіп келемін. Бірақ басшылық менің ұзақ жыл­ғы еңбегімді ескерусіз қал­­­дырып, жұмыстан негізсіз бо­сат­ты. Бұл орайда мен не іс­тей аламын?

– Жалпы заң бойынша, егер сіз арадағы келіспеушіліктерді жұмыс берушімен өзіңіз немесе өз өкіліңіз қатысатын тікелей ке­ліссөздер барысында реттеме­ген болсаңыз, еңбек дауын келісу ко­­миссиясы қарайды. Ал ке­лі­су комиссиясы ұйымдарда туын­­дайтын еңбек дауларын қа­­­рау жө­ніндегі орган.

Қазақстан Республикасының 172-бабына сәйкес, жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі орган­дарға жүгіну мерзімі же­ке ең­бек дауларын қарау жө­ніндегі органдарға жүгіну үшін мерзімдер белгіленген: 1) жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша – жұмыс бе­ру­шінің еңбек шартын бұзу туралы актінің көшірмесі табыс етілген күннен бастап үш ай;
2) басқа еңбек даулары бойынша – қызметкер немесе жұ­мыс беруші өз құқығының бұзыл­ғаны туралы білген немесе білуге тиісті күннен бастап бір жыл. Сол секілді жеке еңбек дауларын қарау жөнінде органдарға жүгіну мерзімінің өтуі қаралып жатқан жеке еңбек дауы бойынша медиация туралы шарттың қолданылу кезеңінде тоқтатыла тұрады.

Егер келісу комиссиясының шешімі сізді қанағаттандырмаған жағдайда, өзіңіздің тұрғылықты жеріңіз бойынша немесе жұмыс берушінің орналасқан жеріндегі аудандық (қалалық) сотқа талап-арыз беріп, жүгінесіз.Талап-арызда еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп тану, бұрынғы жұмысқа қайта орналас­тыру, лажсыз бос жүрген күн­деріне еңбекақы және мо­раль­д­ық зиян өтеуін өндіру ту­­ралы талаптардың қанағат­тан­дырылуын сұрайсыз.

Дәлел ретінде еңбек кі­тап­шасын немесе еңбек келісім­шар­тын, жұмыс берушінің жұ­мысқа қабылдау-шығару немесе жұмысшыға тәртіптік жаза қол­дану бұйрықтарын, еңбекақы туралы анықтамалар, одан басқа да жұмыс берушімен жұмыстық байланыс болғаныңызды дәлел­дейтін құжаттарды қоса тіркеу қажет. Сіз талап қоюшы ретінде еңбек тартыстары бойынша мем­лекеттік баждан босаты­ласыз. Ал талап-арыздың үлгі­сімен аудандық не­месе қала­лық сотта, еңбек инспек­циясы бас­қармасында таныса ала­сыз. Ең дұрысы заңгерлердің көме­гіне жүгіну.

А.Сағиқұлов,
Нұр-Сұлтан қаласы:

– Мемлекет тарапынан бас­панаға мұқтаж болған­дар­дың кезегінде халықтың әлеу­меттік жағынан әлсіз топта Нұр-Сұл­тан қаласында 2007 жыл­­дан бері тұрдым. Жуырда бұ­рын атымда үй болғаны анық­­талған себептен кезектен шы­ға­рып тастады. 2007 жылы атымда үй болғаны рас, бірақ ол Ақмола облысында еді, 2010 жылы өртеніп кеткен. Ол мәселенің басын кезекке тұ­рар алдында ашық айтып, құ­зырлы органды ескерткен болатынмын. Басқа баспана жоқ. Мәселемді қалай шешуге болады?

– Тұрғын үй қорының ке­зегінде тұрған баспанаға мұқ­таждардың кезек тізімінен алу мәселесі тұр­ғын үй ко­мис­сия­сының отырысында ше­шіледі. Сізге қатысты жағдай­да комиссия отырысының ше­шімі болуы тиіс. Сізді кезектен шығару туралы Комиссия ше­шімі сізге міндетті түрде табыс етіледі. Әри­не шешіммен келіспеген жағ­­­­­дайда, комиссия шешімімен таныс­тырған күннен бастап 3 ай ішінде «Тұрғын үй қоры» КММ-нің ше­шімін заңсыз деп тану туралы сотқа шағым бере аласыз.

Сіз кезекке Нұр-Сұлтан қа­ла­сында тұрғансыз. Ал үй болса Ақмола облысында және де 2010 жылы өртеніп кеткен. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67-бабында Қазақстан Республикасының азаматтарын мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж деп тану тармағы қарастырылған. Сол тармаққа сәйкес онда, «осы­ елді мекенде тұрақты пай­­­­далануында коммуналдық тұр­­­ғын үй қорынан берілген тұр­­ғынжайы жоқ Қа­зақстан Рес­­публикасының азамат­тары, егер: есепке қойған кезде және мем­­лекеттік мекеменің тұр­ғын үй қорынан тұрғын үй берген кезде осы елдi мекенде меншiк құ­­қығында тұрғын үйі болмаса» делінген. Сонда бұған назар аударсақ, «меншіктегі тұрғын үй осы елді мекенде болмаса» де­лінген. Нақты айтқанда, аталған заң­да Қазақстан бойынша емес, тек осы елді мекенде деп шектелген. Бұл сізді кезекке қояр кезде осы елді мекенде, яғни Нұр-Сұл­танда меншігіңізде тұрғын үй болмаған, сондықтан кезекке тұрғызған себебі заңға қайшы келмеген. Қазіргі таңда да, аталған себептермен сізді кезектен алып тастауға себеп жоқ.

Мен өз тәжірибемде заңсыз комиссия шешімдерін жиі кез­дестіремін. Сот арқылы ондай­ ше­шімдерді заңсыз деп танып, азаматтарды кезекке қайта қой­ған сәттер де бар. Сондықтан комиссия шеші­міне шағым келтіру кезеңі өтіп кетпесе, міндетті түрде сотқа жүгінгеніңіз жөн.

 

Дайындаған

Александр ТАСБОЛАТ,

«Egemen Qazaqstan»