Аймақтар • 16 Қазан, 2019

Кәсіподақ үздіктері марапатталды

663 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орал қаласында өңірдегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының форумы өтті. Жиында Батыс Қазақстан облысының Кәсіподақтар орталығы бастауыш кәсіподақ ұйымдары мүшелерін Қазақстан кәсіподақтары күнімен құттықтады.

Кәсіподақ үздіктері марапатталды

Кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенованың айтуынша, облыс көлемінде көп­теген қызметкерді бірік­тірген кәсіподақтар аясы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Соңғы бір жылда «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы және «Ынтымақ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің кәсіподағы құрылған. Сонымен қатар 59 бастауыш кәсіподақ ұйымы жа­ңадан құрылып, кәсіподақ мү­шелерінің саны 10755-ке өскен.

– Өңір бойынша 75 мыңға жуық адамды біріктірген 15 салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының құрамында мыңға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымы тұрақты жұмыс істейді. Өңірдегі облыс әкімдігі, қызметкерлердің облыстық бірлестіктері және жұмыс берушілер бірлестіктері арасында 2018-2020 жылдарға арналған аймақтық үшжақты келісім жасалып, Еңбек инспекциясымен бірге тығыз байланыс­тамыз. Кәсіподақ назар аударатын мәселенің бірі – ұжымдық шарттар. Қазіргі таңда өңірде бастауыш кәсіподақ ұйымдары бар еңбек ұжымдарының барлы­ғында ұжымдық шарт жасалды. Әдетте жалақыны кешіктіру, қызметкерлердің құқығын бұзу, олардың арыз-шағымдарын елемеу сияқты әлеуметтік шие­ле­ністер кәсіподақ ұйымдары жоқ еңбек ұжымдарында туындайды, – деді өз сөзінде Кәсіподақтар орталығының төрайымы.

Батыс Қазақстан облысы бо­йын­ша еңбек инспекциясының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда өңірде барлық тіркелген ұжымдық шарттың саны – 1545-ке жеткен. Бұл қызмет етіп жатқан ша­руа­шылық нысандарының 25%-ы деген сөз. Ұжымдық шарт­пен қамтылған адам саны 130 мың адамнан асады немесе барлық қызметкерлердің 55,6%-ын құрай­ды. Өйткені облыстық статис­тика департаментінің мә­ліметі бо­йынша, өңірде мекемелер мен кәсіпорындардағы қызметкерлер саны – 234 442. Демек, болашақта кәсіподақ ұйымдарының жұмысын одан әрі жандандыру керек.

Кәсіподақ ерекше көңіл бө­­­ліп отырған мәселенің бірі – жұ­­мысшылардың жала­қы­сы. Мү­шелік ұйымдар жер­гілікті атқару органдарымен бірге жала­қысы төмен жұмыс­шы­лардың еңбекақысын жоға­рылату бойын­ша ірі компания­лармен жұмыс жүргізуде. Нәти­жесінде 2019 жылдың басынан 1 маусымына дейін өңірдегі 1491 жұмыс беруші 36 565 жұ­­мыс­шының еңбекақысын көтерді. Сөйтіп, 64 ірі, 122 орта және 1305 кіші кәсіпкерлік нысандарында жалақысы төмен жұмысшылардың орташа жала­қы­сы орта есеппен 20%-ға ұл­ғайды.

Әрине, еңбек қауіпсіздігі мә­селесі де өте маңызды тақы­рып. Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясының кезектен тыс XXV съезінде ұйымның бұрынғы төрағасы Бақытжан Әбдірайым өндірістерде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, жұмысшыны әлеуметтік қорғау саласын жаң­ғыртуға назар аударған болатын. Бүгінде кәсіподақтар Еңбек кодексіне еңбек жағдайына то­лықтай әр уақытта жұмыс бе­ру­шілердің жауаптылығын міндеттейтін норма енгізу бойын­ша жұмыс істеуде. Жазатайым оқиғаға жол бермеу, ондай бол­ған жағдайда жұмысшыны, отбасын  қорғау мәселесі күн тәр­тібінде тұр. Мәселен, 2019 жыл­дың І жартыжылдығында Батыс Қазақстан облысында 24 жазатайым оқиға болған. 28 адам зардап шегіп, 3 адам қаза тапқан.

– Қазір облыстың кәсіподақ ұйымдарында еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша 600-ден астам өндірістік кеңес жұмыс істейді және кәсіподақтан 725 техникалық инспектор бұл мәселеде қоғамдық бақылауды жүзеге асырады, – дейді Айгүл Есекенова.

Форум жұмысы аясында балама тәсілдермен шешілетін дауларды реттеу ісінде кәсіподақтың рөлі, медиация бойынша атқа­рылған жұмыстар таныстырылды. Жиынға қатысқан іскерлік басқару докторы, «КИОС» ЖШС заң бөлімінің бастығы Анаргүл Сүндетова осы тақырыпта арнайы тренинг өткізді. Бұл сабақ бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелері үшін қызықты әрі пайдалы болды.

Шара мерекелік концертке, ұйымға еңбегі сіңген әріптестерді мадақтауға ұласты. Өңірдегі сала­лық, жергілікті және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының үз­дік мүшелері салтанатты түрде құттықтау, марапатқа ие болды.

Бұл күні мәртебесі биік­теп, мадақталғандардың ішін­де «Жайықжылуқуат» АҚ мемле­кеттік тілді енгізу бөлімінің меңге­рушісі Ақмарал Ғабдиева да бар. Ол Президент Қасым-Жо­март Тоқаевтың Алғыс хатын ие­ленді.

Салтанатты мәжіліске Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбаев қатысып, кәсіподақ мүшелерін кәсіби мере­келерімен құттықтап, облыс әкімі Ғали Есқалиевтің аты­нан «Жайықжылуқуат» кадр бөлімінің инспекторы Сәу­ле Сұлтанғожиеваға, БҚО ма­ман­дандырылған №8 мектеп директоры Анаргүл Қаржауоваға, «Гидроприбор» ҒЗИ кадр бөлі­мінің басшысы Анар Батыр­­ғалиеваға, көп бейінді қалалық ауру­хана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары, дәрігер нейрохирург Бахтияр Тәшкенбаевқа, Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру ко­мис­сиясының мүшесі Батыржан Хамидуллинге, Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының аға ғылыми қызметкері Яна Лұқпановаға, «Казпрожоперейтинг» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Жұмабаевқа, Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Темірбек Молдашевқа Алғыс хат табыстады.

Бұл күні Ғарифолла Құрман­ғалиев атындағы облыстық фи­лар­мония әртісі Қанатқали Қожақов Мәдениет және спорт ми­нистрлігімен біріккен Құрмет грамотасымен, Бөкейорда аудан­дық кәсіподақ ұйымының төр­ағасы Тілеген Арыстанбеков Қа­­­зақстан кәсіподақтары фе­де­ра­­циясының «Кәсіподақ арда­­гері» төсбелгісімен, «Ба­тыс су арнасы» кәріздік сор­ғы стан­сасының бастығы Жас­ұлан Әлібеков Қазақстан кәсіп­одақ­­тары федерациясының «Кәсіп­одақтарға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Ақ­жа­йық шипажайы бастауыш кә­сіподақ ұйы­мының мүшесі Ләззат Дүй­сенғалиева Қазақстан кәсіп­одақ­тары федерациясының Құрмет грамотасымен, Облыстық пси­хиатриялық денсаулық о­рта­лығының дирек­торы Бекет Мыр­захметов Қазақстан кәсіподақтары федера­ция­сының Алғыс хатымен марапатталды.

 

Батыс Қазақстан облысы