Спорт • 16 Қазан, 2019

Түркістан: Әлем чемпионатының жүлдегерлеріне құрмет көрсетілді

318 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Уланд-Удэ қаласында өткен әйелдер арасындағы бокстан Әлем чемпионатында Түркістандық Дина Исламбекова қола жүлдеге ие болды.Сондай-ақ Алматы қаласында ұйымдастырылған дзюдодан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында Айдар Арапов қола жүлдені жеңіп алды. Ташкент қаласында 11-14 қазан күндері самбодан сынға түсіп, сәтті өнер көрсеткен Түркістан облысының спортшылары 1 күміс және  2 қола медальді жеңіп алды.

Түркістан: Әлем чемпионатының жүлдегерлеріне құрмет көрсетілді

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Әлем чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болған бес спортшымен кездесіп, сый-құрмет көрсетті. Басқосуға, сондай-ақ самбодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушы, Әлем чемпионатының 2 дүркін жеңімпазы  Әбдісадық Халилаев, бокстан біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы Алмас Қуатбеков, дзюдодан жоғары санатты жатықтырушы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мәди Құрымбаев қатысты. Облыс әкімінің орынбасары өңірдің спорт саласын дамытуға және халықаралық аренада Қазақстанның имиджін ілгерілетуге үлес қосқан жас шеберлердің еңбектерін ерекше атап өтті. «Жастардың сіздерге қарап бой түзейтіні және үлгі алары кәміл. Мемлекет,  облыс әкімдігі тарапынан спортты дамытуға әрқашан көңіл бөлінеді. Қазіргі таңда  өңірімізде спорт кешендері, футбол алаңдары салынып жатыр. Алдағы уақытта аламан бәйгелерде топ жарып, еліміздің, облысымыздың абыройын асқақтатасыздар деп сенемін. Еліміздің ертеңі өздеріңіз секілді жастардың қолында», – деді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.

Өз кезегінде жас спортшылар халықаралық жарыстарда көрсеткен өнері, алған әсерлері жөнінде ой бөлісіп, келешек жоспарлары туралы айтты. Кездесуде жас спортшыларға Түркістан облысы әкімінің атынан  естелік сыйлықтар табыс етілді.