Аймақтар • 16 Қазан, 2019

Алматыда 1 миллион түп ағаш отырғызылады

384 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы жоғары экологиялық өлшемге сай, табиғатпен үйлесімді ұштасқан жасыл желекті қала болуы тиіс. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев өткен аптада «Алматы-2050»даму стратегиясын таныстыру барысында айтқан еді. Қоршаған ортаға келтіретін зиянды заттарды азайтып, көптеп жасыл желек егу жоспарланған, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі.

Алматыда 1 миллион түп ағаш отырғызылады

Ол үшін арнайы «Жасыл Алматы» бағдарламасы да әзірленген.

«Алматы ¬– экологиялық таза, жасыл желекті қалаға айналуы керек. Алдағы үш жылда 1 миллион түп ағаш отырғызуымыз қажет. Сонымен қатар, демалыс орындары мен саябақтарда да көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіледі. «Жасыл Алматы» бағдарламасы сол үшін жасалды», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Қала басшысы айтқан «Жасыл Алматы» бағдарламасы - «Алматы-2050» даму стратегиясының бір бағыты. Аталған жоба аясында мегаполис көгалдандырылмақ. Қазірдің өзінде бұл жолда жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Түкті тауында 50 мың түп ағаш отырғызылды. Ал, Көктөбе жотасына 50 мың жабайы алма мен жарты миллион қызғалдақ егілді. Сонымен қатар, мектеп ауласына да жасыл желек отырғызылып жатыр. Экологиялық науқанның барлығына қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бастаған топ, еріктілер, студенттер және табиғатқа жаны ашитын қарапайым тұрғындар қатысып жатыр.    

«Жасыл Алматы» акциясының ерекшелігі тек қана тал егіліп жатқан жоқ. Қасына қызғалдағы қосылып егіліп жатыр. Келесі жылы елестетііңізші ағаштарымыз жап-жасыл, ортасында қызыл сары, қызғалдақтарымыз жайқалып тұрса. Табиғаттың сұлулығы адамды тартады ғой. Бір келген адам соңына 2-3 адамды ертіп келеді», - деді әнші, актриса Жанар Айжанова.

Қалалық жасыл экономика басқармасының мамандары әкім айтқан жобаны жүзеге асыру жолдары қарастырылып жатқанын айтады. Сонымен қатар, ағаштар аз жерлер анықталып сонда егілгенін де жеткізді. Алатау, Түрксіб және Наурызбай аудандарына қарашаның 25-іне дейін жаппай тал отырғызылады.  

«Қазіргі кезде Жасыл Алматы жобасы бойынша біз ғалымдармен жұмыс істеп жатырмыз. Яғни, қай жерге қандай ағаш түрін отырғызуды талқылаймыз. Мектептер мен балабақшалардың аумағы, мемлекеттік мекемелердің маңайын анықтағаннан кейін жасыл желек егіледі», - деді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы Олжас Жанысбаев.

«Жасыл Алматы» жобасы 2030 жылға дейін 3 бағыт бойынша жүзеге асырылуы тиіс. Алдымен саябақтар мен демалыс орындарына баса назар аударылады. Одан кейін, жаңадан салынған тұрғын үйлердің аулаларына жасыл желек егіледі. Соңғысы, «жасыл қорды» жаңарту. Яғни, әр тал бірыңғай жүйеге енгізіледі. Осылайша мамандар, электронды түрде қаладағы ағаштардың жағдайын бақылап отырмақ.