Аймақтар • 16 Қазан, 2019

Алматыда «Азаматтарға арналған үкімет» ұйымында мүгедектігі бар 52 маман жұмыс істейді

220 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Статистикаға жүгінсек, қазіргі таңда Қазақстанда балдаққа сүйенген, креслоға таңылған 690 мың адам бар. Оның ішінде еңбекке қабілетті жастағылар – 424 мың болса, зейнеткерлік жаста – 177 мың адам, 18 жасқа дейінгі балалар саны – 89 мың адам. Ал әрбір санның астарында адам тағдыры, талпынысы, күйзелісі мен өмірге құштарлығы қатар айқасып жатқаны анық.

Алматыда «Азаматтарға арналған үкімет» ұйымында мүгедектігі бар 52 маман жұмыс істейді

Осындай табиғат жаратылысынан теперіш көрген жандарға «Біз сіздермен біргеміз!» деген сөзбен сүйеп, шынайы демеу бола алатын ұжымдар бар.

Сонымен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының  Алматы филиалы қызметкерлерінің ұжымдағы мүгедектігі бар  әріптестеріне айтатын қолдау сөзі де осы  – «Біз сіздермен біргеміз!».

Бүгінде филиалда бірінші топтағы – 6, екінші топтағы – 26. Үшінші топтағы – 20, барлығы – 52 мүгедектігі бар мамандар жұмыс істейді, олардың 42-і жоғары білімді. Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мәселесін Корпорация басты назарда ұстап, қоғамның басқа топтарымен теңестіру мақсатында көптеген жағдайлар жасап отыр. Жұмысқа қабылдау үшін арнайы квота қарастырылып, сынақсыз жұмысқа алынады. Соның арқасында, бүгінде бөлімшенің майдан-кеңселері мен бэк-офистерінде мүгедектігі бар жастар қатарынан қалмай, халыққа сапалы қызмет көрсетіп отыр.

Үшінші топтағы мүгедектігі бар Бауыржанның Медеу аудандық майдан-кеңсесінде еңбек еткеніне бір жылдан асса, екінші топтағы мүгедектігі бар Темірланның келгеніне төрт ай болған. Екеуі де ұжымға тез үйреніп, әріптестерімен етене араласып кетті. Жұмысқа жаңа қабылданған жастарды жатсынбай, бауырға  тартып, бар білгенін үйреткен әріптестері енді екі жігіттің алғырлығына, еңбекқорлығына тәнті.

Филиал басшысы Данияр Қырықбаев та өте еңбекқор, ізденімпаз, жауапкершілігі мол мамандарға дән риза.«Жастардың жұмысқа деген ынтасы, білімге деген құштарлығы қуантады. Бүгінде олар өз үйренгендерін өзгелерге үйрететін дәрежеге жетті. Қаладағы ЖОО-лар мен мекемелерде өтетін цифрлық қызметтерді үйрет жұмыстарының бел ортасында да Бауыржан жүреді. Ал Темірлан болса, аз уақыттың ішінде жұмыстың қыр-сырын меңгеріп алды», – дейді ол.

Темірлан да осындай ұжымға тап келгеніне риза. «Білмегенімді үйретіп, қолұшын беруге дайын жандар көп. Еңбегімді бағалап, көтермелеп отырады. Жұмысым қызықты, уақыттың қалай өткенін де байқамай қаламын. Келгендер көрсеткен қызметіме алғыстарын айтқанда, кәдесіне жарап жатқаныма қуанамын», –- дейді Темірлан Асубаев.

Осылайша, бірлігі жарасқан ұйымшыл ұжым мүгедектігі бар жандарды «Біз Сіздермен біргеміз» деп бауырға басып, қарсы алып, енді «Біз бәріміз біргеміз, ыдырамас іргеміз!» деп ұрандайды.