Аймақтар • 16 Қазан, 2019

Ізгілік елшісі

789 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа моделі қолданыста. Сыбайлас жемқорлықтан азат Қазақстанда тұратын патриот және бәсекеге қабілетті жастарды тәбиелеу мақсатында 2018-2020 жылдарға арналған «Саналы ұрпақ» жобасы жүзеге асып келеді. Жоба аясында жемқорлықсыз орта қалыптастыра отырып, еліміздегі білім беру ұйымдарының озық тәжірибелері ортақ игі іске жұмылдырылуда.

Ізгілік елшісі

Мемлекет басшысының осы мақсаттағы тапсырмаларын жүзеге асыруға байланысты Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің «Алматы – Адалдық Алаңы» жобалық офисі қоғамды адамгершіліктің ізгі қасиеттеріне баулып, жастарды қайырымды істерге шақыру, тәрбиелеу мақсатында «Ізгілік елшісі» жобасын жолға қойды. Жобаның бастамашысы – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.  

Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының басшыларымен Ұлттық кітапханада өткен  кездесуде Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Қайрат Сүнтаев білім беру сапасын арттырумен қатар, тұлғалық қасиеттерге толы, адамгершілігі жоғары жастарды тәрбиелеуді мақсат ететін еліміздің жоғары оқу орындарының бұл жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсетуі аса маңызды екендігін атап өтті. Жобаның Мемлекет басшысы тарапынан тікелей қолдау тапқандығын жеткізген Қ.Сүнтаев жоғары оқу орындары басшыларын бірлесе жұмыс істеп, қоғамды ізгілендіруге шақырып, сөз кезегін жобаның үйлестірушісі Айнұр Сәбитоваға ұсынды. Жүзеге аса бастаған санаулы күндердің ішіне жоба еріктілері 18 көмекке зәру отбасына қолдау көрсеткен. Олардың қатарында көпбалалы және мүгедек бала асырап отырған отбасылар бар.   Қазіргі кезде «Ізгілік елшісінің» еріктілері ретінде 120-дан астам жастар тіркеліпті.  Айнұр Сәбитова жобаға қатысуға ынталы еріктілерді оқыту мәселесін  қозғап, izgi.kz сайтының жұмысымен таныстырып өтті.   

Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари Алматы қашанда студенттер қаласы болғандығына тоқталып, игі шараға жоғары оқу орындары  науқаншылдықсыз, бәсекесіз баратынына сенім білдірді. Ерікті көмек әрбір азаматтың қалауымен, мейірімінен туындауы қажет  әрі ұйымдасқан түрде жүзеге асқаны абзал.

Елімізде еріктілер қозғалысының отыз жылға жуық тарихы бар. Бүгінде құрамы жастардан тұратын «Еріктілер лигасы» жұмыс істеп келеді. Көптеген қоғамдық ұйымдардың осы бағыттағы шаралары нәтижелі істерімен айшықталуда. «Нұр-Отан» партиясының да қабылдау бөлмелері азаматтардың ұсыныс-пікірлерін дамылсыз қабылдап келеді. Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Рахман Алшанов бұл істе нақты бір жүйе керектігін айтады. Әр бастаған істің арнайы тұжырымдамасы жасалуы шарт. Әлеуметтік көмек көрсетудің астарында көзге көрінбейтін, еріктілер ғана бетпе-бет келетін жағдайлар кездеседі.  Осы орайда еріктілердің  жолақысы, қауіпсіздігі, тамақтану мәселесі де ескерілуі керек. Отыз жылға жуық тәжірибе жинақтаған еріктілер қозғалысында әлі де жетілдіретін, жетіспейтін тұстары бар. Осы жылдарда озық тәжірибелер жинақталғанымен де, ақылдаса жұмыс істеген абзал.

«Алматы – адалдық алаңы» жобалық офисінің жетекшісі А.Братенков, «Sanaly urpaq» жобалық офисінің жетекшісі Қ.Токушев,  Қазақ Аграрлық университетінің ректоры Т.Есболов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының ректоры А.Әбдуәлиев, т.б. жоғары оқу орындарының басшылары «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруды мақсат ететін жобаға қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.

Тың жобаның ерекшелігі қоғамда орын алған жат әдеттермен күрес, ардагерлерге көмек көрсету, қаланың тазалығын қадағалау, балалар үйірмелерін ұйымдастыру, жан-жануарларды қорғау болып табылады әрі осынау ізгі шараларға барлық жастағы азаматтар қатыса алады.