Бүгінгі жастар үшін атқарылып жатқан игі істер мен сарабдал саясаттың негізгі мақсаты – болашақтың кемел болуы үшін жасалған дүниелер. Жастар жылы деп аталған бұл жылда жастар игілігіне атқарылып жатқан істер аз емес. Десе де, бұл жастардың жеке бас қамдары үшін емес екені мәлім. Әрбір жасалып жатқан істің артында үлкен аманат бар. Себебі ел ертеңі жастар болғандықтан, олардың қазіргі хал-ахуалы, тәлім-тәрбиесі, алып жатқан білімі – бәрімізге маңызды болуы тиіс. Елдің айнасы – жастар. Егемендікті сақтайтын да – болашақ ұрпақ.
Мен сенемін жастарға,
Алаш атын аспанға,
Шығарар олар біртаңда
Мен жастарға сенемін.
Бұл ғасыр бұрын жастардың жігеріне сеніп, оларға аманат арқалатқан өлең еді. Әлі де өз маңызын жоғалтпаған Мағжанның рухты өлеңі бізді жігерлендіретіні анық. Мағжанның сенген жастары ел үмітін ақтады. Егемендікті алды, тәуелсіздіктің таңын атырды. Ендігі Мағжанның сенген жастары – біз. Бізге келген тәуелсіздіктің қадіріне жетіп, ұлттық болмысымызды сақтай отырып, алға қарай қадам басу – біздің алғашқы жоспарымыз болуы тиіс. Себебі бізге берілген мүмкіндіктер шексіз. Мұның бәрі ел болашағы үшін атқарылған дүние. Мағжан секілді біз де өз кезегімізде болашағымызға өшпес мұра қалдыруға міндеттіміз.
Н.Ә.Назарбаев: «Жас ұрпаққа қамқорлық, оның қазіргі өмірі мен болашағы үшін қам жеу қашанда менің саясатымның басты мағынасы болған. Әрбір жас қазақстандықтың жақсы білім алатын, отбасын құратын, жеке тұрғын пәтерге ие болатын мүмкіндігі бар», – деді. Бұл тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткізілген форумда айтылған-ды. Елбасының бұл сөзі «алма піс, аузыма түс» дегенді меңзеп отырған жоқ. Жастарға берілген мүмкіндіктің бәрі де өзі еңбектенуді, өзі ізденуді талап ететін әрекеттер. Ілгері технологияны меңгеріп, заман талабына сай іскер, білімді, белсенді қоғам болуға атсалысу – қазақ азаматының міндеті. Қазіргі заман білім мен ойдың жарысқан заманы. Лайықты білім алып, күштің ілгері басуына үлес қосуға бәріміз де құқылымыз.
Жастар – ілгері дамудың негізгі қозғаушы күші, еліміздің дүниежүзілік аренада бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы, еліміздің салтын, дәстүрін келер болашаққа жеткізуші көпір. Көпірдің нық салынуы – оған бөлінген қаржы мен сапаға байланысты. Жастардың білім алуы мен іс бастауына қаншалықты мүмкіндігі көп болса, ол соншалықты нық болатыны анық. Болашақтың көпірі, біз, жастар, бар берілген мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, артылған сенімді жауапкершілікпен сезініп, аманат елді болашаққа жеткізу.
Әрине барша жасты сапалы білім беру жүйесі, қолжетімді жоғары білім, қолына диплом алған жас мамандарды жұмыспен қамту, жас отбасыларды тұрғын үй мәселесі сияқты сұрақтар толғандырады. Бүгінде әр жас азамат қоғамда өз орнын тауып кету үшін тырмысып жүргенінің куәсіміз. Кешегі жастар форумында Қазақстан Республикасы Президентінің ірі қалалардағы жас отбасылардың тұрғын үй проблемалары, еңбек нарығына шығатын жастардың санын арттыру, жаңғыртылған 200 оқу орнының базасында сұранысқа ие 100 индустриялық және қызмет көрсету мамандықтары бойынша кадрлар даярлау, қашықтан оқыту мүмкіндігін жоғарылату, отбасы институтын қалыптастыру сынды көтерген мәселелері мен Үкіметке берген тапсырмалары қазақ жастарының жүректеріне үміт отын сыйлады. Үміт отын ғана сыйлап қойған жоқ. «Бұлақ көрсең – көзін аш» дейді дана қазақ. Бұлақтың көзінің ашылуына үлкен септігі болған бұл форумда жастар үшін маңызды мәселелер талқыланды.
Тарихын білмеген елдің болашақты болжай алмайтындығы мәлім. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылғандай, біз өз еліміздің тарихы мен салт-дәстүрін өзге де өркениетті елдермен салыстыра отырып, тарих беттерінде тынымсыз дамып келе жатқан ел ретінде қарастырумыз керек. Бұл бір жағынан болашақ тарихшыларға артылған жауапкершілік болса, бір жағынан болашаққа қадам басудың негізгі жолының бірі. «Рухани жаңғыру» аясында біз бәсекеге қабілетті білім иесі болуға бар күш-жігерімізді салып, өз-өзімізді дамыту барысында елдің ілгері қадам басуына үлесімізді қосу. Ұлттық болмысымызды сақтай отырып, оны заманға сай дамыту да жастарға артылған міндеттердің бірі. Ұлттық кодымызды түгендеп, өркениеті дамыған, көші ілгері жылжыған, алып елдермен тереземізді тең ұстау құқығы барлығымызда да бар. Артылған міндеттер жауапкершілікке адал болып, аманатқа қиянат жасамай елдікті сақтап қалу ең басты мәселеміз болуға тиіс. Өнімнің дұрыс шығуы егілген егінге байланысты болғандықтан жастар үшін, олардың алаңсыз білім алуы үшін мемлекет барынша жағдай жасауда. Болашақтың іргетасын қалау мақсатында игі шаралар атқарылуда. Ендігі кезек, жастардың өздеріне артылған жауапкершілікке тиянақты болып, берілген мүмкіндікті пайдаланып әрбір азаматтың көшбасшы болуға атсалысуында. Бәсеке мен озық білім бар жерде ілгері жылжу бар, даму бар.