Үкіметке жүктелген міндеттердің ішінде ̶ Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейін кешенді жаңғырту үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар Жарлыққа сәйкес 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл ретте шет тілдерде кеңінен тараған Абай шығармаларының аудармасын баспадан өткізіп, халықаралық деңгейде насихаттау міндеті жүктелгенін ерекше атап өтуге болады.
Сонымен қатар Абайдың 175 жылдығын ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында тойлау мәселесі пысықталмақ. Осындай жоспарлы міндеттер жүктелгеннен кейін ұлы хәкім Абайдың мерейін асқақтату арқылы қазақ дүниетанымы мен философиясына терең бойлауға, ұлттық құндылықтарымыздың кеңінен насихатталуына басымдық берілуі тиіс деген ойдамын. Әсіресе, бүгінгі ақпараттық технологиялар ағыны үстемдік құрып, виртуальды әлемде өмір сүріп жатқан жас ұрпақтың санасына Абай шығармашылығы арқылы серпін беріп, ұлттық таным-түсініктің жастардың бойында көрініс алуы үшін ақын шығармаларындағы тәлім-тәрбие мәселелері кеңінен насихатталуы тиіс. Абай шығармасының сая бағында өсу, тәрбие алу – қазақ халқының бүгінгі ұрпақтарының алдағы тұрған міндеттерінің бірі. Оның шығармашылығы арқылы жас ұрпақтың көкірек көзін ашып, Абайды әлемге таныту, оны адамзаттың Абайына айналдыру міндетін жүктеу керек.
Болашақ жастардың қолында дейміз де, бірақ келер уақыттағы ұлттық таным-түсініктің бұлыңғырланып, қазақы қасиеттен алшақтап бара жатқанымызды назардан тыс қалдырамыз. Осы ретте Абайдың өмір жолындағы қия-қалтарысы, дүниетанымы мен ой орамдары бүгінгі жас ұрпаққа үлгі болуы үшін ағартушылық жұмыстарына басымдық берілуі ауадай қажет. Адам баласын еңбек етуге, адамгершілік қасиеттерге баулуға, өнер мен білім, өнеге мен тәлім, достық-жолдастық, парыз бен қарыз сияқты ізгі қасиеттерді өмірлік маңызы бар шешім қабылдар алдында орынды қолдана білуге тәрбиелеп, ойдың адамы, толық адам болу үшін неден жиреніп, неге құштар болуы керектігін де тайға таңба басқандай анық көрсетіп кеткен еді. «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз…», – деген тұжырымның астары білімнің маңызын айқындайды. Оның ішінде тәрбиесіз алынған білімнің емес, адами қадыр-қасиеттің бойға сіңіп барып, алынған білімнің маңызын меңзейді.
Абай адам болуға ұмтылған әрбір жалынды жастың бойына адамгершіліктің нәрін, ізгі қасиеттерге баулу керектігін де айқындап кеткен. Ұлы ақынның әрбір айтқан сөзі – есті адам үшін өсиет-өнегенің таптырмас үлгісі.
Ұстаз ретінде алдымызға келген жас ұрпақтың гаджеттерге тілсіз байланып, көкжиегін кеңейту үшін интернеттен ақыл сұрайтыны қынжылтады. Осы ретте Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында тәлім-тәрбиесі мол шығармаларын қоғам болып, жас ұрпаққа насихаттау, түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстары кеңінен жүргізілсе деген пікір білдіргім келеді. Асыл сөзді Абайдан іздеген ұрпақтың саны артса, бүтін бір толқынның ұлтжанды болып өсеріне күмән жоқ.
Әйгерім СМАҒҰЛОВА