Руханият • 17 Қазан, 2019

Абай ұлағаты – ұрпаққа аманат

1144 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ке­лер жылы Ұлы Абайдың ме­рейлі 175 жылдығын жоға­ры деңгейде атап өту үшін Қа­зақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атқарылатын іс-шаралар жоспарын бекіту туралы Жарлыққа қол қой­ған болатын.

Абай ұлағаты – ұрпаққа аманат

Үкіметке жүк­телген мін­дет­тердің ішінде  ̶ Абай­дың «Жидебай-Бөрі­лі» мем­лекеттік тари­хи-мәде­ни және әдеби-ме­мориал­дық қо­рық музейін ке­шенді жаң­ғыр­ту үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Со­нымен қатар Жарлыққа сәйкес 2020 жылы Нұр-Сұл­тан қаласында Абай Құ­нан­байұлының 175 жыл­дық мерейтойына арналған халықаралық ғы­лыми-прак­тикалық конференция өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл ретте шет тілдерде кеңі­нен тараған Абай шығар­мала­рының аудар­масын бас­падан өткізіп, ха­лықаралық деңгейде насихаттау міндеті жүктелгенін ерекше атап өту­ге болады.

Сонымен қатар Абайдың 175 жылдығын ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында тойлау мәселесі пысықталмақ. Осындай жоспарлы міндет­тер жүктелгеннен кейін ұлы хәкім Абайдың мерейін ас­қақ­тату арқылы қазақ дү­ние­т­анымы мен философиясына терең бойлауға, ұлттық құн­ды­лықтарымыздың ке­ңі­нен­ насихатталуына басым­дық берілуі тиіс деген ойда­мын. Әсіресе, бүгінгі ақпа­раттық технологиялар ағыны үстемдік құрып, виртуальды әлемде өмір сүріп жатқан жас ұрпақтың санасына Абай шығармашылығы арқылы серпін беріп, ұлттық таным-түсініктің жастардың бойында көрініс алуы үшін ақын шығармаларындағы тәлім-тәрбие мәселелері ке­ңінен насихатталуы тиіс. Абай шығармасының сая бағында өсу, тәрбие алу – қазақ халқының бүгінгі ұр­пақтарының алдағы тұрған міндеттерінің бірі. Оның шы­­ғар­машылығы арқылы жас ұрпақтың көкірек көзін ашып, Абайды әлемге таныту, оны адамзаттың Абайына айналдыру міндетін жүктеу керек.

Болашақ жастардың қо­лында дейміз де, бірақ келер уақыттағы ұлттық таным-түсініктің бұлыңғырланып, қазақы қасиеттен алшақтап бара жатқанымызды назардан тыс қалдырамыз. Осы ретте Абайдың өмір жо­лын­дағы қия-қалтарысы, дү­ниетанымы мен ой орамдары бүгінгі жас ұрпаққа үлгі болуы үшін ағартушылық жұмыстарына басымдық берілуі ауадай қажет. Адам баласын еңбек етуге, адам­­гер­шілік қасиеттерге бау­луға, өнер мен білім, өнеге мен тәлім, достық-жол­дас­тық, парыз бен қарыз сияқты ізгі қасиеттерді өмірлік ма­ңы­зы бар шешім қабылдар алдында орынды қолдана білуге тәрбиелеп, ойдың ада­мы, то­лық адам болу үшін неден жи­реніп, неге құш­тар болуы ке­ректігін де тайға таңба бас­қан­дай анық көрсетіп кеткен еді. «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғы­лымға көңіл бөл­сеңіз…», – деген тұжы­рымның астары білімнің маңы­зын ай­қындайды. Оның ішінде тәрбиесіз алынған білімнің емес, адами қадыр-қасиеттің бойға сіңіп барып, алынған білімнің маңызын меңзейді.

Абай адам болуға ұмтыл­ған әрбір жалынды жастың бо­йына адамгершіліктің нә­рін, ізгі қасиеттерге баулу керектігін де айқындап кет­кен. Ұлы ақынның әрбір айт­­қан сөзі – есті адам үшін өсиет-өнегенің таптырмас үл­­гісі.

Ұстаз ретінде алдымызға келген жас ұрпақтың гаджеттерге тілсіз байланып, көкжиегін кеңейту үшін интернеттен ақыл сұрайтыны қынжылтады. Осы ретте Абай­­дың 175 жылдық ме­рей­­тойы қарсаңында тәлім-тәрбиесі мол шығармаларын қоғам болып, жас ұрпаққа на­си­хаттау, түсіндіру, ақпа­рат­тандыру жұмыстары кеңі­нен жүргізілсе деген­ пікір білдіргім келеді. Асыл сөзді Абайдан іздеген ұрпақтың саны артса, бүтін бір тол­қынның ұлтжанды болып өсеріне күмән жоқ.

Әйгерім СМАҒҰЛОВА