Қоғам • 17 Қазан, 2019

Елордада Құтқарушылар күніне арналған салтанатты шара өтті

392 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада Құтқарушылар күніне – Азаматтық қорғаныс қызметінің құрылуының 24 жылдығына  арналған салтанатты шара өтті. Нұр-Сұлтан қаласының ТЖ департаменті қызметкерлеріне мадальдар тағылып, төсбелгілермен марапатталды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Елордада Құтқарушылар күніне арналған салтанатты шара өтті

Елорда әкімі А. Көлгінов төтенше жағдайлар кезінде табандылық пен ержүректілік, нағыз батырлық керектігін атап өтті.

Алдын ала жүргізілген тексеріс жұмыстарының нәтижесінде биылғы жыл басынан бері елордада өрт саны 5%-ке, ал суға батып кетушілер саны үш есеге дейін азайды.  

«Сіздер – құтқарушылар, өрт сөндірушілер, өзгелер қиын да қайғылы жағдайға тап болғанда ең бірінші болып қасынан табылып, жедел әрі батыл қимылдап, көмек көрсетіп, өмірлерін құтқарасыздар. Құтқарушылар қатарында селқос, енжарларға орын жоқ. Сіздер биылғы жылы 395 адамды құтқарып, 460 адамды көшіру жұмыстарын жүргіздіңіздер. Сіздер игілікті іспен айналысасыздар. Сіздермен бірге сақтаған материалдық құндылығымыз 1,5 млрд. теңгеден асады. Сіздердің жүректіліктеріңіз, кәсіби біліктіліктеріңіз үшін, аянбай еткен еңбектеріңіз бен борышқа деген адалдықтарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Мерекелеріңізбен!», деді А.Көлгінов.

ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет төрағасы Владимир Беккер атап өткендей республика бойынша құтқарушылар 9 мыңнан астам адамды құтқарған.

Елорданы дамыту жөніндегі кеңесте президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғимараттардың өрт қауіпсіздігі шаралаларын күшейтіп, қалалық өрт қызметтерін барлық қажетті техникамен қамтамасыз етуді тапсырды.

Қалада 11 өрт бөлімшелері мен авиа-құтқарушылар отряды бар. Департамент құрылымында 1700 адам қызмет етеді, 160 арнайы техникасы бар. Биылғы жылы 9 арнайы автотранспорт сатып алады. Сонымен қатар Алаш тасжолындағы өрт депосының құрылыс жұмыстары аяқталады және де тағы үш өрт депосын (Ильинка т/а, Көктал және №28 көшесі бойынша) жобалау жүргізілуде. Өрт және құтқарушылар құрылымдарының қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мақсатында оларға арендалық баспаналар берілетін болады.