Қазақстан • 18 Қазан, 2019

Игерілмеген резервтер көп

198 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жұртшылықты бүгінде әлеуметтік мәселелер алабөтен толғандырып отыр. Жағалай қымбатшылық, оның зардабын қарапайым халық, көп балалы отбасылар, аз қамтылған жандар алдымен тартады. Былай қарасаң, бұл бағыттағы күрмеуі тарқатылмаған проблемалар белгілі, шешілу жолдары жан-жақты қарастырылған сияқты көрінгенімен, әлі де істен гөрі сөздің басым екенін аңғару қиын емес. 

Игерілмеген резервтер көп

Жасыратыны жоқ, қазір салалық бағдарламалардан жаңы­лысатын болдық. Бөлі­ніп жатқан қаражат орасан, жұм­салуында есеп жоқ. Бірақ жүзеге асуына, түпкі нәти­же­­сіне, тиімділігіне келгенде кібір­­­тіктейміз. Оның бір ұшы­­ғы кабинетте отырып-ақ «бас­қара» беретін лауазым ие­лері­нің маңызды міндеттер­ді түсінбеуінде, дербес жауапкер­шілігінің төмендігіне келіп тірелетін сықылды. Кей кезде олардың қарын аштыратын бұл әрекеттері бюджеттің ақшасын бөлумен ғана шектелетіндей әсер қалдырады. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Бірақ «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» демекші, Үкімет тап­сырмаларының өз деңгейінде орындалмауын жеделділіктің, жауапкершіліктің төмендігінен, сөз бен істің үйлесімсіздігі­нен іздеген жөн тәрізді. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт То­қаев халыққа арнаған Жол­дауында «реформаны тек реформа үшін жүргізуге» жол беріл­м­ейтіндігін қатаң ескер­туі осындай мемлекеттік қызметкерлерге қарата ай­тылған сияқты.

Шынында да Жолдауда атап өтілгендей, алдағы уақытта әр министрдің, әр әкімнің, әр жауапты тұлғаның дербес жауапкершілік өлшемінің не­гізгі көрсеткіштерін белгілеп алсақ, бағытымыз айқындала түспек. Сол сияқты жергілікті билік қызметінің тиімділігін халыққа бағалату жобасын енгізу жөніндегі ұсыныс та әб­ден құптарлық. Қызметтің майлы жілігін ұстағандар арасын­да адамдардың арыз-шағым­дарына, өтініш-тілектеріне бюрократтық, қағазбастылық тұрғысынан қарауы салдарынан бірден шешімін табатын мәселелерге апталап, айлап сандалтып қоятынын көріп жүрміз. Өздерін жарты патша­дай сезі­нетіндер төменгі бас­қару буындарында аз кездеспейді. «Әкім тәтті өмірді сүйсе, ел­дің күні қараң», деген екен Баласағұн бабамыз.

«Кей жігітті пысық деп болыс қойсаң, қашан түсіп қалғанша жеп бітеді» деп Байкөкше ақын жырлағандай жемқорлықтың жегі құрттай қоғамымызда терең тамыр жаюының бір ұшығы мемлекеттік сатып алу үрдісінің шикілі күйін­де атқарылуында жатыр. Прези­денттің мемлекеттің барлық тиімсіз шығындарын қысқарту туралы ұсынысын да толық қолдаймын. Мемлекеттік сатып алу резервіндегі 400 миллиардтай қаражатты өте өткір мәселелерге жұмыл­ды­руға болады. Былтыр мем­лек­ет­тік сатып алу көлемі 4,4 трил­лион теңгені құрауы ойлант­пай қоймайды. Оның 75 пайы­зы бәсекеден тыс амалмен жүр­гізіл­ген. «Шенеуніктер мен қайдағы бір жабысқандар үшін бұл астау­ды жабу керек» деп әңгіменің келтесінен қайырылуы сыбайлас жемқор­лыққа қарсы пәрменді шаралар тетігін іске қосудың пісіп-жетілгенін көрсетеді.

 Менің ойымша, партия­лық номенклатураны қайтадан ен­гізіп, халықпен жұмыс іс­тесе, тіл табыса алмайтын, сая­си ұйым атына кір келтіретін бас­шы­ларды қатаң жазалап, билік­тен аластатуға дейін шара қолдану керек. Бұл өзгелерге ащы сабақ болып, қатарымыз экономикалық білімі мол, ішкі жан дүниесі рухани бай кадр­лармен толыға түсер еді.

 

Жақсылық ЫСҚАҚОВ,

Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы