Руханият • 18 Қазан, 2019

Сабақтастық һәм сапасыздық

427 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ тарихындағы азаттық үшін арпалыстың, елдік үшін күрестің ғасырлар бойы бірізділікпен жалғасып, ұлттық дәстүр сабақтастығының арқасында егемендікке қол жеткіздік емес пе?! Ендігі жерде сол сабақтастық дәстүрі мемле­кеттілікті нығайтуға бағытталса керек-ті.

Сабақтастық һәм сапасыздық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына арнаған Жол­дауында «Қазір бізге тәуелсіздіктің жетіс­тіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр. Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз» деді. Яғни сабақтастық жалғасады дегенді қадап айтты.

Әйтсе де, Мемлекет басшысы айтқан сабақ­тастық дәстүрі кейбір керенау кеңселердегі кежегесі кері тартқан басшылардың кесірінен кенжелеп қала ма деп қорқамыз. Өйткені өзін өт-е-е жақсы көретін ұлықтардың дені белгілі бір лауазымға қол жеткізгеннен кейін өзгерісті саланы дамытуға деген талап­тан емес, кабинетіндегі столдардың орна­ласуынан бастайтын көрінеді. Қалай тұрса, олай тұрсын, ең бастысы, бұрынғы министрдікіндей немесе әкімдікіндей болмауы тиіс. Сосын жаңа министрдің немесе әкімнің келесі қадамы ұжымды қайта құрылымдауға ауысады. Министрліктің, әкімдіктің атқаратын қызметі сол бұрынғы, өзгерген емес, өзгеретіні ішкі құрылым ғана. Ал одан кейінгі әңгіменің әлқиссасы қазіргі әкімге немесе министрге, яғни жаңа басшыға барып тіреледі. Бұрынғы басшылардың атын атау – күнә. Күнә болмаған күнде, ондайды еске салсаң, «карьераңа крест қойылады». Ал өсемін дейтін ортаңқол шенеуніктерге бұл үлкен мүмкіндік. Экс-басшының артынан топырақ шашып, «бұрын-соңды мұндай кере­мет кезең болған емес» деп сайрай бергін. Жолың оңғарылады, жалақың жоғарылайды, жаңа басшылықтың саған деген сенімі арта түседі...

Ал бірақ осындай картинадан кейін сабақтастық туралы қандай әңгіме қозғауға болады? Әр басшы өзгерген сайын аталған салада «өзіне ғана тән үрдіс» қайталана беретін болса, елдің дамуы, өркениетті қоғам, алдыңғы қатарлы отыз елдің қатарынан көріну жөнінде айтудың өзі артық. Бұл кезінде Кеңес өкіметінің іргетасын қалаған Лениннің «Екі адым ілгері, бір адым кейін» деген ұстанымының өзі біздің ұлықтарымыздың оспадарсыз әрекетінің қасында әжептәуір ілгерілеу болып көрінеді.

Жоғарыда айтқан қайта құрылымдау кейбір басшылардың сүйікті тәсілі. Атаудан құтылудың «әдемі жолы» бұл. Нарық заманына сәйкес неше түрлі меншік түрлері бар ғой қазір, соның кезекті бір қалыбына салып жіберсе, мекеменің атауы өзгеріп шыға келеді. Осыдан біршама уақыт бұрын бір өнер ордасының басшылығы ұлы Абай атауынан осылай «құтылса», еліміздегі бір заң институты да меншік түрін өзгерту арқылы жаңа атаумен жеңіл қауышты. Жақында тағы бір жайттан хабардар болдық, елімізге белгілі бір университетте аталған жоғары оқу орнын ұзақ жыл басқарған ректор атындағы аудиторияны «келмеске жіберіпті». Тарихты өздерінен бастағысы келген болар, бәлкім?!. Ал сіз сабақтастық сапа туралы айтасыз...

Әрине көзі тірісінде таланттыларды, қабілеттілерді елемеу ойыны бұрыннан бар. Бұл әсіресе Кеңес өкіметі тұсында керемет өрістеген еді. «Керексіз», «іздеусіз» жанға айналған тұлға өзін-өзі «жеп тынады». Бас­қалай айтқанда, бойында жаны бар, бірақ тірі өлікке айналады. Рухы мықтылар ғана шыдап бағады, ауыр сынақта шыңдалып, асқақтай түседі!

Кеңес Одағы тұсында Орталықтың деге­ніне көнбеген, «партияның түзу жолымен жүрмеген» тұлғалар шалғайдағы өңір­лерге «айдауға» жіберілді. Кезінде басқа емес Мәскеудегі мықтыларға, Орталық Комитеттің басшылығына қарсы шыққан Жұмабек Тәшенов Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы лауазымынан Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына төмендетілді. Қазақ жерін бөлшектеуге жол бермей, ұлтының ертеңі үшін жоғары лауазымды тәрк етті. Осындай қадамға екінің бірі бара алар ма? Алаш перзенттерінің барлығы Тәшенов сияқты жүрек жұтқан болса, қазақ даласы «жүз ұлттың лабораториясына» айналмас та еді ғой. Алдыңғы толқын халқының алдындағы өз міндетін мүлтіксіз орындаса, 1986 жылдың желтоқсанында алаңға шығып, сойыл мен соққыға жығылар ма?!

Қалай болғанда да әр ұрпақ өзінің парызын қалтқысыз орындап, сабақтастық сапа дәстүрі үзілмей жалғасқанда ғана елдің ертеңіне деген сенімі нығаяды. Сонда ғана өркениетті елдердің ортасынан ойып тұрып орын аларымыз хақ!