Руханият • 18 Қазан, 2019

Мұхамеджан ұстаз тұтқан Барлыбек

879 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Алаш арыстарын тану – сол заманның өзінен басталған екен. Аймүйіз қайраткерлердің бір-біріне жазған хаттары, бір-біріне деген құрметі мен лебізі, тіпті қайтыс болғанда қайғырып жазған мұнаһибтары да ерекше. Өмірде бірін-бірі құрметтеп, аға мен іні, ұстаз бен шәкірт болып өткен жандар – Барлыбек Сырттанұлы мен Мұхамеджан Тынышбайұлы еді.

Мұхамеджан ұстаз тұтқан Барлыбек

Екеуі де бір топырақта туып- өскен қасиетті жерде жетілген қазақтың қара нардай алыптары болатын. 1914 жылдың 26 қара­шасында өмірден Алаштың идеологы, ұлт-азаттық қозғалысының бел­ді мүшесі, қазақтың алғашқы Конституциясын жазған Барлыбек Сырттанұлы өмірден өтті. Қырық сегіз жасында өз ажалының емес, патша жандармериясы атқан оқтың құрбаны болды. Мезгілсіз, оқыс қаза еді. Жетісудағы Алаштың на­сихатшысы өмірден өтті дегенде, «Айқап», «Қазақ» басылым­дары бүкіл ұлысқа оның қаза­сын қайғыра естіртті. Өз тұ­сын­­да «Жетісудағы жұрт аға­сы»,­ «Алашинский» атанған Бар­лы­бек туралы «Қазақ» газе­ті­не құрдасы Әлихан Бөкейхан («Барлы­бекті ұмытпасқа»), Жүсіп­бек Басығараұлы және редакция бас­қармасы мақалалар жазды. Ес­телік формасында жазылған сондай мақаланың бірін Мұхамеджан Тынышбайұлы жазған-ды. Сол естелік мақала, аға мен інінің дос­тығы жайында сөз қозғасақ.

Биыл, қазақтың алғашқы ин­­же­­нері, тарихшы, ұлтымыз­дың саяси һәм рухани көсемі бол­ған, Алаш Орда үкіметінің Премьер-министрі Мұхамеджан Ты­ныш­байұлының туғанына мерейлі 140 жыл. Бала Мұхамед­жанның зеректігін сезіп, оның оқуға түсуіне жәрдемдесіп, бағын ашып, батасын берген осы – Барлыбек болатын.  Мақаншы-Садыр болысында дүниеге келген баламен ол 1890 жылдың мамырында танысқан-ды. Ол кезде Барлыбек Петербордағы Императорлық уни­вер­ситетті үздік бітіріп, Таш­кенттегі Түркістан генерал-губер­наторлығына қыз­метке алынады. Үй-жайын орна­ластырып, со­сын туған еліне демалыс алып кел­генінде, ауыл-аймақтың балаларын шақыртып, тілдесіп көрген екен. Сонда Садыр елінен келген Мұхамеджанның шешендігі, ескі үлгідегі алған білімі ағасының көңілінен шығыпты. Қамқор ағасы оны Верный ер балалар гим­назиясына оқуға түсіреді. Бір заманда Барлыбектің өзі де осы классикалық гимназияны үздік тауы­сып, білім-ілім даңғылына түскен еді. Енді сол қарашаңырақтың табалдырығын тағы да бір қазақтың алғыр баласы аттап отыр. Бұл гимназияда ішкі Ресейдің демонстрацияларына қатысып, патшаға қарсы шыққан орыс оқығандары, де­мократ ұстаздар қызмет ететін-ді. Д.Новак, М.Вахрушев сынды орыс зиялылары Барлыбекке де, Мұхамеджанға да шын тілекші болған екен. Д.Новак Барлыбектің Петербордан білім алуы үшін басын қатерге тігіп, Жетісудың әскери губернаторы Г.Колпаковскийге өтініш жазса, кейінгі директор болған М.Вахрушев Мұхамеджан үшін генерал П.Ионовқа хат жазып, стипендия тағайындатқан. Барлыбектің қамқорлығымен, директор М.Вахрушевтің өтінішімен Петербордағы І Александр темір­жол транспорты институтына оқуға түсіп, қазақтың сайын даласына шойын жолды салғызған қабілеті де, жаратылысы да бөлек дарын еді.

Мұхамеджан асыл ағасын айрықша бағалап, құрметтеген екен. Оған оның «Қазақ» газе­тінің 1915 жылғы №95, 96 сандарында жарияланған «Барлыбек Сырт­танов» мақаласы куә. «Қазақ арасында жасынан «Барлыбек, Тұрлы­бек»аталып, Сырттан батыр­дың екі баласының аты шықты. Барлыбек марқұмды білмеген қазақ кемде-кем. Бүйткен соң, Барлыбектің кім екенін һәм қай жолмен бұ дүнияны өткізгенін халыққа білдіруді мақұл көрдік» деп басталатын мақалада Барлыбектің ата-тегі, шыққан елі, зәузаты, мінезі, болмысы және оның қайраткерлігі туралы шынайы жазылған. Автор ағасымен бірге өткізген қызық күндерін сағынышпен еске алады. 1907 жылы 28 жастағы Мұхамеджан Жетісу облысы атынан ІІ Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланады. «1907 жылы Барлыбек көп халқымен мені Алматыдан екі станция жерге шейін шығарып са­лып: «Қарағым! Көп жұрттың тілеуіне кетіп бара жатырсың, жолың болсын, Құдай алдыңнан жарылқап, мәртебеңді биік қылсын!» деп құ­шақ­тасып көрісіп, батасын бер­ді» деп еске алады. Міне, сол за­мандағы бауырмалдық, қам­қор­лық! Бауырды сүюдің, ініге сенім артудың озық үлгісі осындай-ақ болар тегі.

хат

Барлыбек – Алаш қозғалысының ізашар буыны. Патшалық биліктің саяси қызметінде жүрсе де, туған елінің тағдырына, мәселесіне алаңдап жүрген. Бірақ 1905 жылдан бастап билік өкілі оппозициялық бағыттағы толқулардың үніне құлақ асып, алым-салық төлеп, жерінің шұрайлы, құнарлы бөлігінен айы­рылып, империяға жем болған қайран жұртының өмірі үшін, азаттығы үшін күресуге кіріседі. Бұл турасында Мұхамеджан: «Жаңа военный губернатор Ионов сол 1905 жылы Барлыбекті «чиновник особых поручений» қылып, бұрынғыдан да көтеріп, өз қасына жақындатып алды. Сол жылғы һәм келер жылғы істер көп қазаққа белгілі. Губернаторға осынша жақын бола жүріп ешуақытта өз ойын, өз сырын ешкімнен жасырған емес. 1906 жылы Қояндыға барып Ахметтерге һәм өзгелерге жо­­лығып, талай сөздердің ішінде болып, барғанына қарай жиылған жұрт­қа риза болып қайтты» деп жазады. Рас, Барлыбек «Қарқаралы құзырхаты» құжатына қол қойып, үкіметке қазақтың тұрмысы туралы шағымын да жолдаған. Қояндыдағы жәрмеңкеде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жақып Ақбайұлы, Темірғали Нүрекенов бастаған оқы­ған қатарлас-замандастарымен танысып, табысып, ел мен жер ту­ралы әңгімелескен. «Талай сөз­дердің ішінде болып» дегені сол. Қарқаралыдан Алматыға келген соң, қайраткер І Мұсылмандар кітапханасын ұйымдастырып, ашқызады. Екінші, Жетісу губерниясына қарасты қазақ, қырғыз ауылдарына мектеп салдырады. Қазақша газет ашу туралы бастама көтеріп, маңына ұлтшыл азаматтарды жинайды. Жұбаныш Бөрібаев, Тоқаш Бокин, Ораз Жандосов сияқты балаларды Верный ер балалар гимназиясына түсіртеді. 1905 жылдың желтоқсанында Орал қаласында өткен бес қазақ облысы съезіне қатысып, Ә.Бөкейхан, М.Тынышбайұлы, Б.Қаратайұлы, Ж.Досмұхамедұлы, тағы басқа азаматтармен бас қосып, «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын» құру туралы бастаманы талқылайды. Барлыбек осындай ұлтшылдықты қолдайтын ісімен көзге түскен соң, билік­тегі қызметінен босатылады. Басты себебі сол – оның саяси көзқара­сының қарама-қайшылығы еді. Бар­лыбектің үлкен ұлы, Алаш қайрат­керлерінің көзін түгел көрген, ше­шесі Еркежанның тегіне жазылып, қуғын-сүргіннен аман қал­ған Абдулқадыр (Жұрт Кәке деп атаған екен, 1898-1972 жылдары өмір сүрген) әкесінің өмір жолы, саяси қызметі мен қоғамдық атқарған істері туралы үш күнделік жазып қалдырған. Сол күнделік дәптерінде «1908-1909 жылдары қызметінен босап, 42-43 жасында Сүттіген-Бұрған бойына көшіп барады. Қызметінен босау себебі сая­си көзқарасының сенімсіздігі деп табады» деп жазып қалдырыпты. Ақиқатында, Барлыбек патшалық биліктің қызметінде жүріп еліне көп жақсылық істеді, бұқара ха­лықтың қордаланған тұрмыстық мәселелерін шешті. Мұхамеджан жазғандай, «Барлыбек марқұм әлі келгенше қазақты ілгері бастыруға һәм жан-жақты қорғауға көп тырысты. Жұмысының алды, әсіресе қазақтың жері еді. Бұл жұмысы үшін денсаулығын аямады». Қыз­ме­тінен шегерілсе де қазақтың бір сүйем жерінің тағдыры үшін 1910-1911 жылдары Петерборға әл­денеше рет барып, үкіметке кіріп, арыз-талабын ашық білдірді. Ішкі Ресейден қоныс аударып келген орыстың қара шекпенділеріне кет­кен шұрайлы жерді қайтарып алуға барын салып, 1910 жылдың 21 қазанында Ұзынағашта съезд ұйымдастырып, манифест жазған.

Барлыбектің қазақ ұлтының алдында атқарған зор бір ісі – Түркістан генерал-губернаторына жазған «Қазақ халқының өмірін жақсарту мәселелері» баян­дамасы еді. 1907 жылдың 9 маусымын­да жазған бұл баяндамасында қазақ азаматы туған елінің мүш­кіл жағдайы, болашақта атқарылуы тиіс мәселелер, тіл мәселесі, қазақтардың өз жерінде емін-еркін көшіп-қонуы, болыстық сайлауы, халық соты, өз жеріне иелік ету, мал бағу, егін егу, үй салу, орыс гимназияларындағы мұ­сыл­ман балаларына «Құдайтану» ілімін оқыту, ислам шарттарын таныстыру, молдалардың білімін жетілдіру сияқты кесек-кесек ойлар айтылған. Осы баяндамасы арқылы халықтың рухани-әлеуметтік өмі­рінің жақсаруына себепкер бол­ғ­ан. Бұл хатты араға ғасырдан астам уақыт салып, Өзбекстан мем­­­лекеттік архивінің қорынан та­уып, жариялаған академик Мәмбет Қой­­гелді ағамыз. Ақиқатын айтсақ, Бар­лыбек жазған осы баяндаманың мазмұны әлі күнге дейін өзінің өзек­тілігін жоймаған.

Барлыбектің мінезі, болмысы туралы шәкірті:  «Барлыбек мар­құмдай оқумен биік табиғатты шын көңіліне тоқып, жаңаланып, өзге адам болып қайтқан адам бі­рен-саран. Біреумен дауыс шыға­рып қатты сөйлесу, біреуді жамандап, я жаманшылық қылу, мұндай істі Барлыбек қылып көрген емес. Үлкен, я замандас болса, оған Бар­лыбек «тақсыр» деп сөйлеуші еді, кіші болса «қарағым» деуші еді. Шын көңілмен, бейілімен мұсылман еді. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген мақалды анық көр­сеткен Барлыбек еді. Үлкен оқуды оқып, шын оқыған дәрежелі болған Барлыбек еді. Бұл мінезіне қарай бір жолығып, бір сөйлескен адам Барлыбекті ұмытпас еді. Бар­лыбекті білген ұлықтар шын мақтап қошемет қылып, өзін ар­тық көруші еді» деп сипаттайды. Мұхамеджанның мінездемесін С.Ғиясовтың «Айқап» журналына шыққан мақаласы ажарлай түседі екен. Мысалы, «Кішіпейіл, өтшіл, сөйлескенде таза қазақ тілімен сөйлейтұғын, турашыл һәм діндар бір адам еді. Бұл жақтағы елдің бір шаһбазы десе де болады» деп жазған екен әрі жерлесі, «Мамания» мектебінде оқыған әрі Барлыбектен тәлім алған Садық. 

Барлыбек 1909-1914 жылдары, өмірінің соңына дейін Қарағаш қыстағындағы «Мамания» мекте­бінде оқытушылық-ағартушылық қызмет атқарды. Қапал дуанына қарасты болыстардағы кедей-кепшіктің балаларын оқуға жұ­мылдырды. Алаштың аты шыққан оқығандарын Маман, Тұрысбек ауы­лына арнайы шақырттырып, жұрт­шылықпен кездестірді, дә­ріс­­­­тер оқытты. Есен­құл қа­жы­ Маман­ұлына ақыл-кеңес бе­­ріп, Омбы, Орынбор, Қазан, Уфа, Петербор, тағы басқа үлкен қала­ларда оқып жүрген қазақ шәкірт­терін материалдық тұр­ғыда қол­дау үшін қаражат бөл­гізіп, стипендия тағайындатты. Көз­көрген Мұхамеджан жазғандай, «Оқыған балаларға: «Қарақтарым! Оқыңдар, қазағыңды ойларыңнан тастамаңдар» деп өсиет айтыпты.

Бүгінде қазақ тарихындағы есім-сойы белгілі, Ұлы дала елінің мақтанышына айналған Барлыбек пен Мұхамеджанның ағалық-інілік, ұстаздық-шәкірттік рухани байланысы осындай берік,  мықты болған екен. Кісі қызығарлық, жұрт сүйсінерлік достық осындай бол­са керек-ті. Сырттанұлының Барлыбегі 1910 жылдың көктемінде «Ынтымақ ережесі» заңнамалық еңбегін, 1911 жылдың 13 маусы­мында Петерборда «Қазақ елі­нің Уставы» деп аталатын конс­титуциялық құжат жазып еді. Ол жал­пы­қазақ сиезін ұйымдастырып, патшалық Ресейден бөлініп, аз ел болайық деп ұран тастаған реформатор болатын. Бірақ соңына түскен жендеттер оның әр басқан қадамын аңдып, ізін кескен. 1914 жылдың 26 қарашасында Сүттігеннің бауырында Барлыбектей арысты жандермерияның құзғындары атып тастаған екен. Егер ол аман-есен Алаш туы көтерілген бос­тандық заманына жеткенде, сөз­сіз құрдасы Әлихан мен інісі Мұхамед­жанның жанында болып, үкімет құрысып, ұлттық-демократиялық автономияның іргесін қалар еді...

 

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

Жансая БИҚҰРМАН,

жас зерттеушілер